Сейсенбі, 8 Қазан 2024
Билік 1645 10 пікір 2 Қазан, 2024 сағат 15:35

Лукашенко сөзден тайқыды: «Қасым-әкеге айтыңызшы, ол біздің ең адал досымыз»

Сурет: Ақорда сайты

Беларусь президенті Александр Лукашенко кеше тоғыз елдің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдап, алқа-қотан жиын өткізді. Сол жиында Беларусь басшысы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше сәлем жолдап, алдындағы айтқан айыптау сөздерін терістегендей болды.

Сонымен, Лукашенко не дейді?Ресей

«Қазақстан біз үшін маңызды, уақыт сынынан өткен дос, стратегиялық серіктес және одақтас. Бүгінде екі елдің ортақ мүддесі жоқ сала іс жүзінде жоқ. Ынтымақтастықтың жоғары динамикасын жыл сайынғы миллиард долларлық тауар айналымы мен өнеркәсіптік кооперациядағы табысты жобалар дәлелдейді», - деді Лукашенко.

Беларусь Президенті Қазақстан Президенті Тоқаевқа Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы кезінде елге көрсетілген жан-жақты қолдауы үшін алғыс айтты.

Еске салайық, тамыз айында Беларусь президенті Александр Лукашенко «Россия 1» телеарнасына берген сұхбатында:

«Біз кейбір посткеңестік мемлекеттеріміз сияқты әбігерге түсіп жатқан жоқпыз: олар Ресейден бірдеңе алғылары келеді, бірақ оның орнына ештеңе бермейді. Бұлай жұмыс істемейді. Бірге болайық! Сол Ресейге келіп, қолдау, көмек сұрайтын уақыт алыс емес», – деген еді.

Александр Лукашенко: «Біз кейбір посткеңестік мемлекеттер сияқты түлкібұлаң саясат ұстана алмаймыз. Олар Ресейден бірдеңе алғысы келеді. Бірақ оның орнына ештеңе бермейді. Олай болмайды. Бірге болайық!

Ресейге келіп, қолдау мен көмек сұраған уақыттан көп ұзаған жоқпыз. Мысалы,  Қазақстанда бір оқиға болды (2022  жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғаларды, сол кезде елге ҰҚШҰ күштерінің кіргізілгенін меңзеп отыр - редакция). Қазақстан кімнен көмек сұрады? Қытайдан ба, Үндістаннан ба? Әлде Пәкістаннан ба? Жоқ! «Путин, Лукашенко, көмектесіңіз», - деді. Сонан соң, түске дейін-ақ, біздің ұшақтар Қазақстанға қонды. Сөйтіп бәрі тынышталды», - деген еді.

Ал кеше Беларусь басшысы сөзінен тайқып: «Қасым-әкеге айтыңызшы, ол біздің ең адал досымыз болған және бола береді. Қажет емес медианы оқымаңыздар, азырақ тыңдаңыздар. Сізге көп рахмет. Біз кездесіп, мәселелерімізді талқылаймыз деп үміттенемін», – деді Тимур Жақсылықовқа.

Лукашенконың тамыздағы сөздерінен соң Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Беларусь елшісі Павел Утюпинді шақырған еді. Министр Мұрат Нұртілеу Қазақстанның БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың негізгі нормаларына сәйкес теңгерімді және бейбітшіл сыртқы саясат жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Біздің еліміз мемлекеттер арасындағы барлық келіспеушіліктер саяси және дипломатиялық жолдармен шешілуі тиіс екеніне нық сенімді. Қазіргі геосаяси жағдайда Мемлекет басшысы әзірлеген еліміздің сыртқы саяси бағыты өзінің тиімділігін көрсетті. Осыған байланысты министр беларусь тарапын Астананың болып жатқан үдерістерге қатысты ұстанымын объективті бағалауға шақырды», - деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Abai.kz

10 пікір