Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 2905 5 пікір 3 Қазан, 2024 сағат 15:26

Назарбаев қабақ шытқан жоқ, ал Қыдырәлі неге тулады?

Суреттер: Үкімет сайты, Ауыт Мұқибектің жеке мұрағаты және Abai.kz мұрағатынан алынды.

Редакциядан: Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның әрбір азаматы құқылы. Мақала авторының пікірі редакция ұстанымын білдірмейді және мақалада аты аталған жекелеген тұлғалар жауап беремін десе, портал бетінде жариялайтын боламыз!


ҚР Парламенті Сенатының төрағасы

Мәулен Әшімбаев мырзаға!

Мысалы, қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңының 5-бабында Көшіп келушілердің құқықтары мен міндеттері; 26-бабында Қандастардың құқықтары мен міндеттері; 29-бабында Отбасын біріктіру мақсатында келген көшіп келушілердің құқықтары мен міндеттері; 33-бабында Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілердің негізгі құқықтары мен міндеттері ашық жазылған.

Дәл сол секілді «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың да ҚҰҚЫҚТАРЫ мен МІНДЕТТЕРІ заңмен бекітілуі керек қой!

«Ата жолы» картасы атты бұл жобаның авторы – Тамара Дүйсенова!

«Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың сол  құқықтары мен міндеттері заңмен бекітілмей қалған.

Бірақ, Заң жобасын жасаушы министрліктің оны мойындағысы келмейді. Мойындағанды қойып, аталған «Ата жолы» картасын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузымен: «Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін арнайы «Ата жолы» картасы енгізілді...» дегізіп, шетелдегі қандастарымызға бір емес, үш мәрте айтқызатынын қайтерсің?!

Осынау аты бар, заты жоқ «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың да құқықтары мен міндеттері қай заңның нешінші бабымен бекітілгенін вице-министр Тамара Дүйсенованың өзінен анықтап беруін сұрап, сенатор Дархан Қыдырәліге хат жазам ғой (3 мамыр 2024, ЖТ-2024-03929571).

Себебі, оның алдында, нақтылап айтсам, 25 сәуірде Дархан Қыдырәлі Сенат төрінен Крокуста болған қайғылы жағдайдан кейін елімізге ағылатын еңбек мигранттарының саны артатыны туралы депутаттық сауал жолдап: «Бұл орайда Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген «Ата жолы» картасының мүмкіндіктері заңды түрде бекітілуі тиіс. Бұл карта этникалық қазақтарға берілетін қандас мәртебесімен теңестірілуі керек», - деп, «Ата жолы» картасына да ат басын бұра кеткен болатын.

Реті келіп тұрғанда, осы жолы ашық айта кетейін, «Ата жолы» картасын «Қандас» мәртебесімен теңестіру – сауатсыздық!

Бір көшіп келушіге немесе бір этникалық қазаққа бірінен-бірі аумайтын екі бірдей мәртебе берудің қажеті қанша?!

Егер, екеуі де берілуі керек болып жатса, онда оны алған азаматқа берілетін мүмкіндіктер мен жеңілдіктер де екі түрлі болуы керек!

Дархан Қыдырәлі осы депутаттық сауалын жасай салып, маған көмекшісі арқылы хабар беріп, өзінің Сенатта сөйлеген сөзінің бейнежазбасын жібертті.

Онысы – «Міне, мен көші-қон мәселесін көтердім!» дегені болса керек!

«Көші-қон мәселесін көтерсеңіз, мінекиіңіз, онда!», - деп Дәкеңе жоғарыдағы хатты жаздық та жібердік.

eOtinish арқылы көріп отырдық, Дархан Қыдырәлі ол хатымызды Үкіметтің Аппаратына бағыттады.

Үкімет Аппараты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне  жіберді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі А. Сарбасов Ауыт Мұқибекке біз сұраған сұрақтың нақты жауабы жоқ, тек «Ата жолы» картасының арғы атасынан бастап, оны қалай алуға болатынын, қанша адам алғанын түсіндірген бір жарым бет жауап бере салды.

Ауыт Мұқибек ол жауапты Дархан Қыдырәліге WhatsApp арқылы жіберді...

Иә, Дархан Қыдырәлімен таныс қана емес, сыйласпыз, тіпті доспыз...

Оның үстіне, бұл жігіт Парламенттегі мемлекеттік қызметтің шетін ұстап көрмеген қарабайырлардың қатарынан емес, өте биік әрі жауапты қызметтер атқарған тұлға. «Жауапкершілік» дегеннің не екенін жақсы түсінетін,  «Аманат» дегеннің не екенін терең білетін азамат шығар деп бағалайтынмын.

Өз басым ары қарай Дархан Қуандықұлынан «Ауыт мырза, мына жауапқа қанағаттандыңыз ба? Енді не істеу керек бұған?!» деген секілді бір сұрақ болатын шығар немесе министрге Өзі телефон шалып, оларды тектейтін болар деп, кәдімгідей дәмелендім, ұзақ күттім.

Олай болған жоқ!

Сонымен, «іс бітті, қу кетті...»...

***

Ал, сенатор Дархан Қыдырәлінің мына әрекетін мен жауапкершіліксіздік деп бағаладым және осы қылығы үшін оған ренжігем жоқ, таң қалдым.

Жақында, Дархан Қуандықұлы өзінің «Нүкте» атты кітабының суретін әлеуметтік желге жүктеп, қуанышын бөлісіп жатыр екен.

Оның жазбасын ел қатары мен де бөлісіп, «Дархан Қыдырәлі бауырым кітабының атын «Нүкте философиясы» деп қойыпты. Нүкте (.) - жазуда пайдалынатын тыныс белгілерінің бірі. Нүкте белгілі бір ойдың аяқталуына байланысты қойылады. Дәкеңе жарасып тұр… Ал, мен кітабымның атын «Сұрақ» деп қойсам ба деп ойлап жүрмін. Себебі, мен ұлттың тағдырына қатысты дәкеңдер жаққа көп сұрақ қойдым. Өкінішке орай, сол сұрақтарымның бірде-біреуіне тұшымды жауап ала алмадым… Дәкеңдер «НҮКТЕ» қойдық деп ойлайтын болса керек, бірақ менің сұрақтарым әлі көп және ол сұрақтар тағы да жалғасты қойыла бермек…», - деп бір жағы жоғарыдағы жауапкершіліксіздік меңзеп, бір жағы замандас ағасы ретінде әзілдеп, бес-алты сөйлем жаза салып едім, сол-ақ екен, Дархан Қыдырәлі таз кепешін біреу жұлып алғандай, ал кеп туласын!

«Кітапта миграция мәселесі, қандастар тақырыбы да қамтылған. Харрасмент туралы да жазылған. Харрасмент - балдызыңа қол жүгіртпеу, жақыныңа қырындамау деген мағына береді. Сондықтан кітап сізге пайдалы болуы мүмкін. Сөз қадірін білетін сияқты едіңіз. Өзіңізге деген құрметіңіз әлі де болса, сол қастерлі сөзді оң-солды ауытқа ата бергенді қойған жөн», - деп ертоқымын бауырына алып тулап, аузына келгенін көкіпті.

Дархан Қыдырәлінің осы жазбасынан ә дегенде көзімізге түскені – «Бастаған істі аяқтағанды жақсы көреміз...», - деген сөз болды.

Сенатордың деңгейін көріп тұрсақ та, «осы сөзіңіз шын болса, онда Сізді тағы бір мәрте сынап көрейік!», - деген оймен Сенаторға «Ата жолы» картасы туралы екінші хатымызды жолдап кеп жібердік.

Бұл жолы Дархан Қыдырәліден Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен оның көші-қонға жауапты басшыларын және мені Сенатқа шақыруды, олардан сол «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың  құқықтары мен міндеттері қай заңның нешінші бабымен бекітілгенін бетпе-бет отырып анықтап беруін сұрадық. Сондай-ақ, аталған норма заңмен бекітілмеген болса, құзырлы орган басшылары оның нақты себебін түсіндіріп беруін өтіндік...

Дархан Қыдырәлі ол хатымызды да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне лақтыра салды.

Енді вице-министр А.Ертаевтың қолы қойылған жауап алдық.

Бұл жолы біз сұраған құқық пен міндет «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 5-бабы мен 23-бабының 1-тармағында көрсетілген деп, көшіп келушілердің құқықтары мен міндеттерін алға тартыпты.

Екі бапты да оқыдық, «Ата жолы» деген сөз болса, арам болсын!

«Көшіп келушілер» мен «Ата жолы» картасы екі басқа ұғым!

Егер, екеуінің  құқықтары мен міндеттері бірдей болса, онда оны «Ата жолы» картасы деп айғайлаудың, арнайы атау және анықтама беріп, бөлек-бөлек ұғым ретінде қарастырудың не қажеті бар?!!

Оттаубай жауапты тағы да Дархан Қыдырәліге WhatsApp арқылы жібердік...

Дархан Қыдырәлі оны тектей ме, жоқ па, өзі білсін!

Сөйтіп, сенатор Дархан Қыдырәлі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен оның көші-қонға жауапты басшыларын Сенатқа шақырып, мен сұраған жауапты алып беруге жарамады. Бастаған ісі аяқсыз қалды...

***

Иә, Ауыт Мұқибек депутаттарға бүгін ғана хат жазып отырған жоқ!

Мен сонау 2011 жылдан бері Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша тынбай хат жазып келемін.

«Болашақта Сіздің орныңызда жаңа ұрпақ отырады. Сонда билік басына Қытайдың Дэн Сяопині секілді бір кемеңгер шығып, бәрін орнына қоя алса жақсы. Құдай оның бетін ары қылсын, өзіміз көрген кешегі Хрушев секілді біср антұрған келіп, Сіздің сүйегіңізді көрден жұлып алып тастаса не боламыз?!», - деген хатыма Нұрсұлтан Назарбаев Дархан Қыдырәлі құсап шамданған емес.

Қайта, Нұрсұлтан Әбішұлы сол «Нағашыма хатты» қабақ шытпай оқып, жүйеге жығылып, Құлыбаев пен Мәсімовтің ықпалымен қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қып қабылдатып жіберген «Халықтың көші-қоны туралы» заңын қайта қалпына келтіру туралы жарты жылға жетпей Жарлық шығарған болатын...

«Біздің дана қазақта «Сұмырай келсе, су құриды!» деген ащы да болса ақиқат сөз бар! 2007 жылы сіз Үкімет басына премьер-министр болып отырған күннен бастап, Қазақ көшінің дариясы сарқыла бастады, басына қара бұлт үйірілді...», - деп Қытайдан келген қазақтардан «Соттылық туралы» анықтама талап етпеу туралы жазған хатыма опасыз Кәрім Мәсімов Дархан Қыдырәлі құсап бүйі шағып алғандай ыршып кеткен жоқ!

Құлыбаев екеуінің тікелей ықпалымен қабылданып кеткен қатаң заңды 5 ай, 24 күнде қайта суыртып алғанымызды көріп, Мәсімов бізге шамасы жетпесін жақсы білді. Ол аталған хатты Сыртқы істер министрлігіне жібертіп, Қытай үкіметінің шетелге шыққысы келетін азаматтарына «Соттылық туралы» анықтама беретін не бермейтінін анықтатқаны бар.

Қытай үкіметінің шетелге шыққысы келетін азаматтарына аталған анықтаманы бермейтіні туралы берген жауабы негізінде, екі жыл, жеті ай, тоғыз күн дегенде сол «Соттылық туралы» анықтаманың да көзін құртқан пақырыңыз – осы Ауыт Мұқибек екенін жұрт жақсы біледі!

Ол аз десеңіз, қаншама ащы сындар айтып жатырмын, бекер обалы қәне, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың та Дархан Қыдырәлі құсап доңызайбат көрсеткен жерін бір көрген емеспіз.

Мәулен Сағатқанұлы тектілігін танытып, менің Өзіне жазған үш хатыма байланысты, құзырлы министрліктің лауазымды тұлғалары мен арнайы мамандарын Сенат үйінде шақыртып, менімен төрт мәрте кенздесу өткізіп берді.

Дархан Қыдырәлі оның өтірік десе, экс-сенатор Мұрат Бақтиярұлынан, қазіргі әріптестері Мұрат Болатұлы мен Ғалиасқар Төлендіұлынан, Сүйіндік Тасеменұлы мен Бауыржан Нұралыұлынан сұрасын!

Дархан Қыдырәлі Ақеділ Тойшан секілді менің жай құрдастарымның бірі болса, оның бұл жазбасын елемей, тастай салуға болатын еді.

Атағын ат көтергісіз ғалым, биліктің ұшар басына тақап барып қайтқан тұлға, бүгінде заң шығарушы органның өкілі – білдей сенатор болып отырған соң, оның әр сөзі кім-кімге болса да маңызды екені белгілі.

Сол үшін оған жауап бермеу – мүмкін емес жағдай!

«Кітапта миграция мәселесі, қандастар тақырыбы да қамтылған...», - депті, Дархан мырза өзінің сол жазбасында.

Иә, Дархан Қуандықұлының онысы рас!

Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметінде жүргенде Нұрсұлтан Әбішұлының Ұлы көш туралы сөйлеген сөздерінінен осы Дархан Қыдырәлінің қолтаңбасы айдан анық білініп тұратын.

Кейін «Нұр Отанның» съезінде сөйлеген сөзінде де Дәкең қандастарын ұмытқан жоқ, ескі-жаңа екі Президенттің алдында Ұлы көш мәселесін бір ауыз сөзбен тық еткізіп атап өтті.

Ал, «Егемен Қазақстан» газетіне басшы болып келе салып, көші-қон мәселесін көтергенін біз ешқашан ұмытпаймыз...

Дархан Қыдырәлі туралы «Жақсымен өткен бір күнің...» деген мақала жазып, оның бұл еңбектерін жоғары бағалап: «Елбасы екі бірдей аса жауапты қызметті сеніп тапсырған азамат. Ақпараттық желіден көріп, қуанып отырам, Дәкең осы екі жұмысты да зеңгір көкте самғап ұшқан қыранның қос қанатындай тең көсілтіп келеді...», - деп Жанарбек Әшімжанның сөзімен айтсақ, біз де кезінде біраз ағылып-төгіліп, шашылып-сөгіліп тастаған болатынбыз.

Бірақ, мұның бәрі ІС емес! Тек, СӨЗ ғана!

Ол кезде Дархан Қуандықұлының осы сөздерді айтудан және айтқызудан басқа мүмкіндігінің жоқ екенін біз жақсы түсініп, оған артық талап қойғамыз жоқ!

Құдайға тәубе, Дархан Қыдырәлі қазір қолында мандаты бар, Заң шығарушы органның Жоғарғы палатасының Президент өз қолымен тағайындаған ақ жағалы депутаты.

Дәкең «ақырын жүріп, анық басып», міне, қисық заңдарға қырғидай түйілетін, қылт еткенін іліп түсетін  жерге де жетіп, қонжиды.

Енді Ол кісіге біздің жолдайтын сұрағымыз да көп, өтінетін өтінішіміз де аз емес, қоятын талабымыз да ауыр болмақ! Бұл – бір!

Екіншіден, жоғары лауазымды тұлға үшін, оның еңбегі шығартқан кітаптары мен өткізген іс-шараларымен немесе аралаған шетелдерімен өлшенбейді!

Жоғары лауазымда болған тұлғаның еңбегі мемлекеттік саясатты өзгерту үшін жасаған ықпалымен өлшенеді және тарихта қалады.

Мемлекеттік саясатты оң бағытқа бұратын басты тетік – заңдар мен нормативтік құжаттар екенін ескерсек, Парламент депутаты үшін, мемлекеттік саясатты халыққа тиімді бағытқа бұрамын десе, бұл табылмайтын ең зор мүмкіндік!

Өкінішке орай, Құдай қолдап, Президент берген осы зор мүмкіндікті Дархан Қыдырәлі өз деңгейінде қолдана алмай, қор қылып отыр!

Оның бұл әрекетсіздігі мен жауапкершіліксіздігін ешқашан кешіруге болмайды!..

Дәкең жазбасында менің жеке өміріме қатысты бірдемелерді қоңырсынып, біраз депутаттық «кеңесін» айтыпты.

Дархан Қуандықұлы оң құлағымен естіп қойсын, өзіне өте таныс сөздермен астын сызып тұрып айтайын, Құдай кесірінен сақтасын, мен де ештемеден қамықпаймын, ештемеден жалықпаймын, ешқандай сөз маған да тимейді!

Сосын, Дархан бауырым соңғы кезде «сөз қадірі», «қастерлі сөз» дегенді көбірек айтып жүр екен. Маған да құлаққағыс етіпті...

Саясатшы үшін ұлттың Ұлы мүддесін көтерген сөздің бәрі қадірлі, бәті қастерлі және бәрі киелі!

Саясатшы үшін ең қадірсіз сөз, ең қастерсіз сөз, ең сорлы сөз – қолында зор мүмкіндігі бола тұра, ұлт пен мемлекет мүддесі үшін түк бітірмейтіндердің сөзі!

Депутаттар, министрлер, Президент әкімшілігінің қызметкерлері бізді Ауыт Мұқибек сынай береді деп, ренжімесін!

Мен өзімнің идеам үшін күресіп жүрген жігітпін!

Қасым-Жомарт Кемелұлы президент болып тұрғанда, өзімнің күш-қайратымның мығым кезінде шекара сыртында қалған этникалық қазақтарға Конституциялық құқық әперу; Қазақстанның Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов жағынан узурпацияланған мемлекет екенін, қасым-жомарт тоқаевтың президенттік тағдыры сол  узурпацияланған мемлекетке дөп келіп қалған президент екенін мойындату; Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертіп жібере алмасам да, ең құрығанда, мемлекеттің мал мен жерге субсидиаға деп бөлген ақшасын діттеген жеріне төкпей-шашпай жеткізуді қамтамасыз ету  сынды мақсаттарымдды орындап алсам депген күрес жолындағы азаматпын!

Сол мақсатымды Президент Әкімшілігіндегі жігіттерге, депутаттар мен министрлерге сүйеніп, олармен селбесіп жүзеге асырғым келеді.

Ал, сенген депутаттың түрі – мынау!

Ескертіп қояйын, егер қолында тағдыршешті билігі бола тұра, менің осы Ұлы мақсатыма біреулер кедергі жасаса, мен оларды ешқашан аямаймын!

***

Біреулер маған қайырылып, «Сол «Ата жолы» картасына сонша қадалып алғаның не?!» деуі мүмкін.

Иә, «Ата жолы» картасын алмағанда да этникалық қазақтардың бір жері қисайып қалған жоқ. Отыз үш жылда «Ата жолы» картасынсыз-ақ бір миллионнан астам қазақ Қазақстанға оралды.

Мәселе, «Ата жолы» картасында емес!

Мәселе, сонша дабырлатқанда, оның заңдық негізінің мүлде шала, өте шикі жасалғандығында болып тұр.

Ол шалалық пен шикілікті де «кешіре» салуға болатын еді.

Бірақ, бұл оңбағандар аталған картаны алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері заңмен бекітілмеген, ештеңе істеуге келмейтін, аты бар, затық жоқ «Ата жолы» картасымен шеттегі жеті миллион қазақты ғана алдап қана қоймай, «Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілді»,-деп, бақандай ұш рет айтқызып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзін өтірікші қылды ғой!

Сондықтан, «Ата жолы» картаны алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері заңмен бекітілген-бекітілмегені, этникалық қазақтар мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың алданғаны Тамара Дүйсенова мен Дархан Қыдырәліге бәрібір шығар, ал маған бәрібір емес!

Мен оның түбіне жетпей, тынбаймын! Бұл – бір.

Тағы бір жағынан, Дархан Қыдырәлі қатардағы жай депутат емес, ол ешқашан еш жерде тіркелмеген тұтас бір «академияның» аса көрнекті өкілі!

Жұрт жақсы біледі, «Жас түркілер» деп аталған Алтынбек Сәрсембай, Ғалымжан Жақиянов бастаған демократтар жеңісліске ұшыраған соң, Тұңғыш Президенттің жанында жақын туыстар мен аса сенімді адамдар қалды.

Әрине, сол аса сенімді адамдардың ішінде де әлемдік деңгейдегі кәсіби дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед секілді тұлғалар да болды.

Сондай-ақ, «Жас түркілер» мен жақын туыстар және аса сенімді адамдардан бөлек, екі жаққа да шамалы бейтарап, бірақ өзіндік пікірі бар, Бірінші басшыға тіке бағынғысы келетін және бір жаңашыл топтың болғаны тағы белгілі.

Өкінішке орай, сол шамалы бейтарап әрі жаңшыл топтың Жақсыбек Күлекеев бастаған бір тобы түрмеге тоғытылды, Зейнолла Кәкімжанов секілді бір тобы қызметтен шеттетілді немесе өздері шеттеді.

Дәл осы жылдардан бастап Дархан Қыдарәлі секілді бір лек билікке келе бастады.

Қазір осы лек қазір Президент Әкімшілігі, Парламенттің қос палатасы, Үкімет, Министрлік, әр дәрежедегі әкімдіктер секілді орындардың бәріне жайғасып болды. Алды осы орындарда басшылық қызметтерді де атқарып үлгірді.

Бір қызығы, бұл лектің жоғарыдағы үш топқа ұқсамайтын бөгенайы көп.

Олар ешқашан қызмет талдамайды. Басшылық қай қызметті ұсынса, бас тарпай бара береді. «Құрметті Президент! Бұл менің салам емес еді...» деген сөз оларда мүлде болмайды. Тіпті, екі-үш басшылық қызметті қатар ұсынсаң, оған да «Жоқ!» деместен, пышылдап істей береді.

Сосын, олар «Күрескерлік» деген қасиеттен жұрдай. Оларда «Тұрақты мақсат» деген де болмайды. «Аса мәртебелі Президент мырза! Менің осы сала бойынша керемет жаңа жобам бар еді. Мүмкіндік берсеңіз, мен осы саланы бәлен жылда жайнатып жіберем!» немесе «Аса мәртебелі Президент! Менің осы басшылық лауазым бойынша бастаған реформам әлі аяқталған жоқ. Уақыт беруіңізді сұраймын!» дейтін жігіттік пен батылдықты олардың бойынан шам алып іздесеңіз де таппайсыз. Қызметке қойса, «Сенім білдіргеніңізге рахмет!» деп, бара береді. Қызметтен алып тастаса, оған да рахметін айтып, кете береді.

Тағы бір қызығы, олардың дені шетелден, әсіресе дамыған батыс елдерінен оқығандар. Қолдарында кем дегенде екі не үштен депломдары бар. алған атақ пен наградалары да аз емес.

Бірақ, сол өздері оқыған елдерден алып келіп, өзі басқарып отырған салаға қолданған озық тәжірибелерін көрмейсің.

«Демократия», «Парламентаризм», «Адамдық құқық» деген секілді дамыған елдерде баяғыда дамып, орнығып кеткен құндылықтар туралы ауыз ашпайды.

Есесіне, ескі сүрдекпен мойындарын іштеріне тығып алып, сүйретіліп жүре береді.

Одан да сорақысы, мемлекетті жаңа бағыттарға бұратын, адамның тағдырын шететін ЗАҢ ғой, аталған лектің өкілдері қандай тағдыршешті биік лауазымдар мен заң шығарушы органдарда отырса да, «тұжырымдама», «бағдарлама», «заң жобасы», «нормативтік құжат» дегенге жоламайды.

Егер, Парламент депутаты бола қалса, министрліктер дайындап, Президент Әкімшілігі дайындап берген Заң жобаларын нотариусшы құсап, бекітіп береді де отырады. Оларда түзету, толықтыру деген атымен болмайды.

Заңнамалардағы қателіктерді айтып, жоғарыдағыдай хаттар жазсаң, ҚР ӘРПК 65-бабын малданып, өзге органға, тіпті қатысы жоқ мекемелерге бағыттай салады.

Депутат бола қалған жағдайда, олар жарытып мәселе де көтере бермейді. Көбінде Президенттің Құрылтайлар мен Жолдауларында атқарушы билікке берген тапсырмаларын тотықұс құсап тағы бір мәрте қайталап, Үкіметке не министрліктерге «Депутаттық сауалдар» жолдаған болады. Тағы оның орындалған-орындалмағанымен де шаруалары болмайды. Тек, есеп беру үшін болса керек...

Одан қалаберді, ананың жүз жылдығы, мынаған ескерткіш орнату керек деген секілді атқарылса артықтық етпейтін, атқарылмаса кемдік қылмайтын бірдемелерді көтеруге құштар.

Ресей мен Украина соғысында оққа ұшқан қазақтар, Қытайдағы геноцидке ұшыраған бауырларымыз... Ойбай, айтпа! Өлмесе, өме қапсын! Аулақ!

Тоналып жатқан мемлекеттің ақшасы, тапталып жатқан адам құқығы дегендерден бойын бес метр аулақ ұстайды.

Есесіне, қай жерде кітаптың тұсаукесері, қайда кімнің мерейтойы мен асы, сонда барып көсіліп сөйлегіш, көпіргіш...

Адамның күлкісін келтіретін тағы бір қызық әрекеті бар бұл лектің.

Қараша қалықтан алыс жүреді. Тек, Президенттің ықыласына бөлеген, наградасына ие болған тұлғалармен ғана ара-қатынасын жақын ұстайды. Оның өзі есеппен, барынша сақтықпен...

Егер, бір органда бірінші басшы болып тағайындала қалса, қол астына дәл өздері секілді байқұстарды жинайды.

Олар басқарған мекемеге жұмысқа тұрудың өзі – бір жыр. Бір жыл бойы олардың әлеуметтік желілерге жазған жазбаларына лайк басып, мақтап пікір жазып, үнемі бөлісіп отыруың керек секілді. Сосын барып олар сені өзіне қызметке шақыратын көрінеді...

Бекер обалы кәне, айналасына арғы беттен оралған ағайындарды да тартады. «Лайк басу» жолымен баратындардың көбі – сол қандастар-ау деймін.

Олардың көбі – бұл лектің сыры мен қырын білсе де, «күні үшін күлік жеп жүргендер».

Ал, Дархан Қыдырәліні шынымен асқар тау санап, құлдық ұратындар да жоқ емес.

Алда-жалда олардың арасына «ноқтаға басы сыйыңқырамайтын» біреулер кіріп кетсе, оны олар анау жоғарыдан ит қосып қуып, қызметтен аластамай, тынбайды.

Олар өте сақ және әккі.

Алдыдағы жүрер жолын үнемі тазалап отырды, соңына өгіз өлтірмес, арба сындармастарды жиып, ертіп жүреді...

Олар өздерінің бүкіл ақыл-парасатын, білімі мен қабілетін мемлекет пен ұлттың мүддесіне емес, тек осы «саясаттарына» ғана жұмсайды.

Күндіз-түні ойлағандары мен баққандары – осы!

Бұл бәлелер ескі билікпен бірге кететін шығар деп үміттеніп едік, ол үмітіміз ақталмады. Сол лек сол күйінде «Жаңа Қазақстанға» секіре-секіре салды да, сол бетімен сол орындарына отыра-отыра қалысты...

Осыған дейін олардан көрген қорлығымыз аз еді, енді кадр тағайындауда шынайы, ашық бәсекелестіктің жоқтығын пайдаланып, олардың қағазын тасып жүрген «шәкірттері» билікке келе бастады.

«Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алатыны» рас болса, әлі көресіздер, қазақ ендігі көргіліктің көкесін сол «қағаз тасығандардан» көретін болады!

Жақында «Азаттық» радиосының журналисінің шетелдердегі Елге активтерді қайтаруға байланысты қойған сұрағына сенатор Дархан Қыдырәлі жауап беріп, «Қатысым жоқ!», «Менде нақты мәлімет жоқ!», - деді!

Байқайсыздар ма, қазір билікте осы екі сөзді қолданатындардың қатары тым көбейіп кетті. Олар, тіпті, тұтас бір «академия» болып қалыптасқан тәрізді.

Тағы бір жағынан қарасам, бір Дархан Қыдырәлінің өзі – сондай бір тұтас құбыжық «академия» секілді болып көрінетін секілді маған...

Айтпақшы, мен бұл лекті басында тұтас бір «институт» ретінде қарағым келген. Салмақтап көрсем, бұл лектің табиғаты мен болымысы жай «институттың» шеңберіне сыймайды екен. Сосын, оны «академия» деңгейінде қараған жөн шығар деп шештім.

Енді, «академия» болған соң, оның сипаты, аты мен уставы болуы керек қой.

Дархан Қыдырәлі айтқан «Қатысым жоқ!» деген сөз – бұл «академияның» тұтас болымысы!

Ал, «Менде нақты мәлімет жоқ!» – олардың жазылмаған «Конституциясы».

Олардың бүкіл саяси лауазымдық өмірі осы екі сөйлем сөздің аясында өтеді!

Сондықтан, оған «Қатысым жоқ» академиясы» деген атау құп жарасатын секілді.

Қалай десек те, Дархан Қыдырәлі өзінің осы «Қатысым жоқ» академиясының көрнекті өкілі» деген атаққа әбден лайық екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеген тұлға!

Өткен көз салсақ, Дархан Қыдырәлі секілді көрнекті тұлғаларға билік берген ат пен атақтан гөрі, халық берген ат пен атақ тез даритыны, бірден қона кететіні, ғасырдан-ғасырға кететіні белгілі.

Мысалы, Қаз дауысты Қазыбек, Үкілі Ыбырай, Ақан Сері деген секілді.

Егер, жұрт қабылдап жатса, Дархан Қыдырәлінің де «Қазақстан Републикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі», «Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясының» және «Моңғолия Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі», «Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының құрметті докторы», «Халықаралық Ш.Айтматов академиясының толық мүшесі» деген көп жұрт біле бермейтін көп атағы жолда қалып, Алла қаласа, оның осы «Қатысым жоқ» академиясының көрнекті өкілі» деген біз ұсынып отырған жалғыз атағы бірден гу ете түседі, бәрін басып озады деген ойдамыз.

Егер, Дархан Қыдырәлі тарихқа қалса, осы «атағымен» қалатын шығар...

Ал, «Қатысым жоқ» академиясының» өзге «өкілдері» мен «түлектеріне» келсек, олардың ендігі жерде аталған «академия» құрамында қалу-қалмауы – өздерінің ары мен намысына байланысты шаруа!

Ар-намысы болса, кетеді.

Арсыз, намыссыз болса, лайік басып, пікір жазып, сүйретіліп жүре бермек!

Әрине, аталған «академияның» төңірегінде жандарын бағып, жүре бергендері жөн де шығар.

Бірақ, олардың кесірінен біз секілді қарапайым халық сорлап, мемлекет тақырға отырып қалады ғой...

***

Ертең осы мақаламыз басылып, оны оқыған Бауыржан Ормарұлы ағам Дархан Қыдырәлімен кездесіп жатса, Баукең Дәкеңді осынау жаңа «атағымен» бірден құттықтайтынына, құшақтап бетінен сүйеріне мен бек сенімдімін.

Оқыса, Руслан Желдібайдың да қуана-қуана құттықтайтыны сөзсіз.

Әттең, прозамен айналысқанымда, Дәкең мен үшін табылмайтын образ ғой!

Егер, бүгінгі күннің тақырыбында бір роман жазсам, Дархан дос «замандас бейнесі» ретінде сол шығармама өзі-ақ сұранып тұр ғой, шіркін!

Сурет АҮМұқибектің мұрағатынан алынды.

Ұларбек Дәлей, Ерлан Жүніс секілді жас әрі талантты жазушылар жаңа заман тақырыбында көлемді шығарма жазып жатса, бұл жағын ойланып көрсе болатын сияқты...

Сонымен, Дархан Қыдырәлі туралы әңгіменің бір парасы – осы, ағайын!

Бірақ, бұл әңгіме әлі аяқталған жоқ.

Алла қаласа, алда жазатын «Мұхтар Мағауин және ескі-жаңа Қазақстан» атты мақаламызда бұл жігітке тағы бір айналып соғатын боламыз.

Құрметті Мәулен Сағатханұлы!

Егер, Сіз: «Ырылдайсың, қаппайсың, менен жақсы таппайсың!» десеңіз, мен Сіздің бұл сөзіңізге екпетімнен құлағалы тұрмын.

Ұлы Абайдың «Кімге сенсең, сол – шикі» деген сөзіне көзім бүгін әбден жетті!

Сенгем Дархан Қыдырәлі досымның әуселесін көрдік.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін Сенатқа шақырып, «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың да ҚҰҚЫҚТАРЫ мен МІНДЕТТЕРІ қай заңның нешінші бабымен бекітілгенін бір сұрап, анықтап беруге жарамады.

Қысқасы, Дархан Қыдырәліңіз де түлкі алуға жарамайтын жігіт екен!

Қанша өкпелесем де, қанша сынасам да, Өзіңізден жақсыны таппадым!

Қасым-Жомарт ағамыз мен алыстағы жеті миллион қазақты Тамара Дүйсеноваға алдатып қойып, Сізбен біз қашанғы үнсіз, әрекетсіз жүре береміз?!

Енді, сол министрлік басшыларын Сенатқа шақыртып, аталған картаны алған этникалық қазақтардың да ҚҰҚЫҚТАРЫ мен МІНДЕТТЕРІ қай заңның нешінші бабымен бекітілгенін Өзіңіз анықтатып бермесеңіз, болмады!

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1948