Қазақстандық бірлік пен тұрақтылық құндылықтары
Қазақстанның егеменді ел ретінде дамуы оның ішкі тұрақтылығы мен халық арасындағы бірлігіне тығыз байланысты. Елдің стратегиялық мақсаттарына жету жолында әділдік, ынтымақ, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар маңызды рөл атқарады. Осы құндылықтар елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының негізін құрайды.
Бірлік пен тұрақтылық
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Онда көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері бейбіт өмір сүруде. Елдің бірлігі мен тұрақтылығы қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықтың басты негізі болып табылады. Қазақстандағы тұрақтылықты сақтау үшін мемлекет көпұлтты қоғамды біріктіретін саясатты қолдайды. Осы саясаттың аясында этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған қоғамдық ұйымдар көп шаралар атқаруда. Бұл бірлік пен тұрақтылық елдің дамуына әсер етіп, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
Тұрақтылық дегеніміз – елдің саяси және экономикалық жүйесінің тұрақтылығы, қоғамдық тәртіптің сақталуы, заңның үстемдігі және азаматтардың құқықтарының қорғалуы. Қазақстандағы тұрақтылық елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасайды, инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Елдің тұрақтылығын сақтау – әрбір азаматтың міндеті.
Әділдік пен ынтымақ
Әділдік – кез келген қоғамның маңызды қағидаты. Қазақстанда әділдік принциптері құқықтық жүйеде, саяси шешімдерде, және күнделікті өмірде орындалуы тиіс. Әділдік азаматтардың құқықтарын қорғау, әркімге тең мүмкіндіктер беру және әлеуметтік әділеттілік орнату арқылы жүзеге асады. Әлеуметтік әділдік ұлттың бірлігін нығайтады, себебі ол қоғамдағы алшақтықты азайтып, әр азаматқа құрмет пен қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді. Кейінгі кезде қоғам кез келген әділетсіз шешімнің, не, билік, не қоғам өкілдерінің әділетсіз әрекеті қоғамға шырпы сияқты әсер етуі мүмкін екендігін көрсетіп отыр. Себебі, біз Жаңа Қазақстанды «Әділетті Қазақстан» деп жарияладық. Енді, осы ұстанымдағы халық та кез келген әділетсіздікке төзімсіз болатындығын ашық көрсетуде. Бұл – шынайы демократиялық қоғамға бет бұрудың бір көрінісі.
Ынтымақ – қоғамның біртұтастығын сақтайтын, әртүрлі топтарды ортақ мақсатқа біріктіретін құндылық. Қазақстанның көпұлтты және көпмәдениетті қоғамында ынтымақ пен өзара түсіністік ұлттар арасындағы татулық пен тұрақтылықты нығайтады. Ынтымақсыз қоғамда алауыздық пен қайшылықтар пайда болуы мүмкін, сондықтан мемлекет әрдайым бірлік пен келісімді сақтауға ұмтылады. Бір жақсысы, қазақ қалқы өзінің төл табиғатынан ынтымақшыл халық болып танылған. Халық осы қасиетін әлі де көздің қарашығындай сақтап келеді. Алайда, ол өзге тараптан, әсіресе, билік тарапынан қолдау таппаса – қазақтың «Төзімнің де шегі бар» дейтіндей асау халыққа айналып шыға келетіндей де бір мінезі бар екенін ескеру қажет...
Сенім мен жауапкершілік
Сенім – қоғамның дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі элементі. Азаматтар өз мемлекетіне, үкіметіне, және бір-біріне сенім артуы қажет. Сенімсіз қоғамда әлеуметтік кернеу, наразылықтар және қақтығыстар туындауы мүмкін. Қазақстандағы сенім мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда маңызды рөл атқарады. Мемлекет азаматтардың құқықтарын қорғап, әділдікті қамтамасыз еткен кезде, халықтың оған деген сенімі артады. Жалпы, Үкіметтің өз Халқына сенім артпауына еш негіз жоқ. Өйткені, оның атқаратын қызметінің мақсаты да Халық. Ал, керісінше, Халықтың өз Үкіметіне сенімін білдірмеуі – ол демократиляқ бағыттағы қалыпты жағдай. Керісінше, үкіметтің оған «өкпелеуге» еш қақысы жоқ – оған бейбіт жолмен қызметінен кете салу ғана керек.
Жауапкершілік – қоғамның әрбір мүшесінің өз міндеттерін орындау қабілеті мен дайын екендігін білдіреді. Бұл тек үкімет пен мемлекеттік органдардың міндеті емес, әрбір азаматтың өз отанына, қоғамға және отбасына деген жауапкершілігі бар. Жауапкершілік мемлекет пен қоғамның дамуына үлес қосып, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Қорытынды
Қазақстанның бірлігі мен тұрақтылығы, әділдік пен ынтымақ, сенім мен жауапкершілік – елдің тұрақты дамуы мен гүлденуінің басты тіректері. Бұл құндылықтар елдің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін нығайтып, қоғамның әл-ауқатын жақсартады. Қазақстанның болашағы осы құндылықтарды сақтау мен нығайтуға тікелей байланысты. Әрбір азамат осы құндылықтарды қолдап, олардың дамуына өз үлесін қосуы тиіс.
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz