Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әне, көрдің бе? 1841 5 пікір 24 Қазан, 2024 сағат 13:43

Лукашенко: Беларуське менен лайықты басшы жоқ!

Сурет РБК сайтынан алынды.

2025 жылдың 26 қаңтарында Беларусьте кезекті президенттік сайлау өтетіні кеше белгілі болды. Беларусьтің құзырлы билігі президенттік сайлау өтетін күнді белгілеп, хабарлады.

Осыған дейін Беларусь басшысы Александр Лукашенко: «Мен кеткен соң елді кім тізгіндейді? Лайықты адам көріп отырған жоқпын», - деген еді. Ал кеше Ресей жерінде жүріп, ресейлік БАҚ-қа сұхбат берген Лукашенко алдағы сайлауға қатысатынын қадап айтты!

«2025 жылы бізде президенттік сайлау өтеді. Мен қатысамын! Сайлау әділ өтеді! Бізде барлық сайлау әділ өткен», - деді Александр Лукашенко. Ол Беларусьті 1994 жылдан бері басқарып келеді.

Айтпақшы, Татарстанның Қазанында өтіп жатқан БРИКС басқосуына барған Беларусь басшысы екі кезек сұхбат берді. Біріншісін Ресей пропогандашысы Ольга Скабееваға беріп, Беларусь-Ресей қатынастары, президенттік сайлау т.б. тақырыптарды қамтыса, екінші сұхбатын «ВВС» тілшісі Стивен Розенбергке беріп, Ресей-Украина соғысы, ядролық қару тақырыптарын қамтыған.

Сонымен, Лукашенко не дейді? Рет-ретімен жазайық:

Лукашенконың қос сұхбатта айтқандарының қысқша тезистері:

Ядролық қаруды қолдану мүмкіндігі туралы: «Ресей президенті Владимир Путин Беларусь президентінің келісімінсіз Беларусь аумағында орналасқан қаруды ешқашан қолданбайды», - деді Лукашенко.

Ресейге көмекке келген Солтүстік Корей әскері туралы: «Минск Украинадағы ұрыс қимылдары аймағында КХДР әскерлері жіберілді дегенге дәлел тапқан жоқ. Біз майданда не болып жатқанын білеміз. Біз онда корейлерді көрген жоқпыз. Бар болса, олар  тым жақсы жасырынып үлгерген екен онда», - дейді Беларусь басшысы.

Лукашенко: «Путин ешқашан қандай да бір елдің қарулы күштерін соғысқа, Украинадағы қақтығысқа араластырмайды! Тіпті, бізді де!», - дейді.

Зеленскийдің «жеңіс жоспары» туралы: «Зеленскийде ешқандай жоспар жоқ. Жоспар дегеніміз – құр әңгіме. Ресей - империя. Оны ешкім де Зеленскийдің ұранымен келіссөздер үстеліне отыруға итеріп, мәжбүрлей алмайды. Мен бұл туралы оған соғыстың басында мың рет айтқан болатынмын», - дейді Лукашенко.

Путиннің Ресей-Украина соғысына қатысты көзқарасы туралы: «Бұл қақтығыста әр түрлі жағдайлар болады, біреулер келеді, біреулер қорғайды. Бір жақ та, екінші жақ та үлкен шығынға ұшырайды. Путин бұған өкініп отыр ма әлде жоқ па? Әрине, өкінеді, ол тірі адам ғой. Бірақ бұған толық сенімдімін және оған сенімді болыңыздар: Путин өзінікін дұрыс деп санайды және ол бұған имандай сенеді», - деді Беларусь басшысы.

Келіссөздер және соғысты аяқтау туралы: «Путин Батысқа келісімге келуді ұсынды, бірақ батыстық саясаткерлер бұл ұсынысты елемеді», - деді Лукашенко.

«Соғыс жақын арада аяқтала ма? Жақын арада немесе жақын арада емес деген - бұл уақыт емес қой. Биыл ма? Жоқ! Биыл аяқталмайды», - деді Александр Лукашенко.

«Зеленский соғысты 2025 жылы аяқтау жайлы айтады. Бұл күлкілі. Бітімгершілік орната отырып, Ресей үшін кепілдіктер берілуі қажет. Батыс Украинаға оқ-дәрілерді жеткізуді және Украинаның Қарулы Күштерін қайта қаруландыруды тоқтатуы қажет. Міне, Путин тап осыдан қауіптенеді», - дейді Беларусь басшысы.

Беларусьтің «соғысқа тікелей араласқаны» туралы: «Бізде бірнеше мың ресейлік әскер қатысқан оқу-жаттығулар болды. Бұл әскерлер негізінен шығыс аймақтан келген және Путин бұл әскерлерді Беларусьтан шығара бастады», - деді Лукашенко.

Минскінің Мәскеумен, Киевпен қарым-қатынасы туралы: «Ресей - біздің одақтасымыз. Біздің қарым-қатынасымыз ағылшындар мен американдықтарға қарағанда тығыз.

Украина Беларусьқа қарсы күресті: ол англосакстардан бұрын бізге қарсы санкциялар енгізді. Ол біздің азаматтық ұшақтардың Украина аумағы арқылы ұшуына тыйым салды. Олар біздің минералды тыңайтқыштары бар жылжымалы құрамды басып алды. Олар адамдармен бірге 75 ауыр жүк көлігін тұтқындады. Олар өздерін бандиттер секілді ұстады. Сіздерше осыдан соң мен Зеленскиймен құшақтасып жүруім керек пе?

Ресей - біздің одақтасымыз. Сіздер Украинаны қолдайтындарыңыз секілді, біз де Ресейді қанша қажет болса, сонша қолдаймыз» - деді Лукашенко.

Беларусь пен Батыс қатынастары туралы: «Мен әрдайым Батыспен қалыпты қарым-қатынаста болғым келеді», - деп мәлімдеді Лукашенко.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2037