Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Алашорда 3854 1 пікір 31 Қазан, 2024 сағат 15:27

Елдес Омарұлы неге ескерусіз қалды?

Суреттер А.Шаяхметтің мұрағатынан алынды.

Біздің жерлесіміз Алаш арысы, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, педагог, лингвист, көсемсөзші, аудармашы Елдес Омарұлы (1893 – 1937)  туралы бастамашы топ ынта білдіріп, Бейімбет Майлин атындағы аудан орталығында оның ескерткішін, яғни бюстін орнату туралы ұсыныс жасаған болатын.

Елдес Омарұлының атына Қостанай қаласында көше және мектеп атын беру, оның туған жерінде ескерткіш орнату туралы мәселе көпшілік назарын көптен аударды. Алматы және Астана қалаларында, Елдес атаның туған, жері Майлин атындағы ауданда  оның құрметіне мерейтойлық іс-шаралар өтті.

Мемлекет басшысының 2019 жылғы 27 қыркүйектегі  №19-32-20.357 тапсырмасына сәйкес ҚР Мәдениет және спорт министрлігі  тарапынан ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» тізімдері жобасы әзірленіп, ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген тізімде Елдес Омарұлының аты-жөні бар.

Елдес Омарұлы Қостанай өңірінің Тобыл болысында, қазіргі Бейімбет Майлин атындағы ауданға қарасты Қожай ауылында 1893 жылы туған. Елдес ағаның тікелей ұрпағы Марат Шуақаев мұрағат материалдарынан (қор.95, бума.2, іс.170) оның жеке куәлігін тауып алған. №40 куәлік, 1907 жылы 19 июль күні берілген. Онда оның Омар Тиесовтың ұлы екені, Дамбар болысына қарасты №2 ауылда 1893 жылы 1 наурызда (ескі стиль бойынша) туғаны жазылған. Яғни, Елдес Омарұлы жаңаша жыл санау бойынша 1893 жылдың 14 наурызында туған.

Елдес Омарұлы Қостанай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқиды, кейін Орынбордағы орыс-қазақ мұғалімдер мектебін бітіріп шығады. Уақытша үкіметтің Торғай уездік комиссарының көмекшісі, Торғай облысы азаматтық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Бірінші және екінші жалпықазақ сиездеріне қатысты. Қостанай уезінде Алашорда комитетінің төрағасы ретінде жергілікті халықтың Алаш автономиясын қолдауға шақырды. 1922-26 жылдары Қазақ халық ағарту комиссариатының академиялық орталығында, Қырғыз (қазақ) халыққа білім беру институтында қызмет істеді. 1926-29 жылдары Ташкент педагогикалық институтында, Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыс факультетінде оқытушы болып жұмыс істеді. 1934-35 ж. Қазақ мемлекеттік медицина институтында қазақ тілінен сабақ берді. 1935-37 жылдары ҚазМУ-да қазақ тілі кафедрасының доценті болып қызмет істеді.

Жақында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология факультеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы ұжымының ұйымдастыруымен аса көрнекті ғалым, терминолог, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Елдес Омарұлының туғанына 130 жыл толуына арналған «ЕЛДЕС ОМАРҰЛЫНЫҢ МҰРАСЫ: ТІЛДІК НОРМА ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ЕМЛЕСІ» атты ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференцияны Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Салқынбай Анар Бекмырзақызы құттықтау сөздерімен ашып, өзінің «Елдес Омарұлы және қазақ синтаксисі» тақырыбындағы тұшымды баяндамасын жасады. Одан әрі филология ғылымдарының докторы Қалыбаева Қаламқас «Елдес Омаров және қазақ жазуының теориясы» деген тақырыпта архив құжаттарымен дәлелдей отырып, қазақ жазының кешесі мен бүгініне тоқталды. Сонымен қатар, филология ғылымдарының докторы Күдеринова Құралай ханым «Елдес Омаровтың тілтанымдық тұлғасы» тақырыбында ғалымның тұлғасын танытатын қызықты деректер мен мысалдарды келтіре отырып, құнды баяндамасымен бөлісті. Танымды, тағылымды жиылыстың жалғасы А.Байтұрсынұлы атындағы ТБИ директорының орынбасары, PhD доктор Маралбек Ермұхамет «Е.Омарұлының ғылыми мұрасы және ғалымдық тұлғасы» атты, ал магистр, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің меңгерушісі Ахметұлы Әділет «Елдес Омарұлының еңбектеріндегі синтетикалық жолмен жасалған терминдер», филология ғылымдарының докторы Жұбай Орынай «Елдес Омарұлының тіркесім заңдылығына қатысты ұстанымдары», техника ғылымдарының докторы, профессор Шуақаев Марат ағамыз «Елдес Омарұлы – қазақтың Ломоносовы» атты кереметтей баяндамалармен жалғасты. Алматыда Ұлттық ғылыми кітапханада өткен онлайн-семинарда жазушы Ақылбек Шаяхмет баяндама жасады.

Филология ғылымдарының докторы  Шерәлі Біләл: «Өзие (автор) ғылым атауларын арнайы жасамайды, немесе орыс тіліндегі дайын  ғылым атауларын қазақшаға аудара салмайды. Атаулар ұғымды,  мағынаны терең пайымдау нәтижесінде, таным белгісі ретінде көрініс береді.  Яғни, өзие қазақ тілі арқылы  мағынаның тереңіне бойлап, тіл оның нәрін бойына сіңіре отырып бейнелейтін болады. Елдес Омарұлы кітабындағы  қазақы атаулардың дербестігі, жұмыр да тұтастығының сыры осында жатса керек, немесе қітаптағы қазақы атаулардың  тым бейнелілігі  атаулық мағынаны терең  танып-білуден болса керек.  Соның арқасында қазақы атаулар мағыналы болып келеді. Математика атауларын орыс тілінде немесе орыс тілі арқылы түпнұсқадан  оқып үйренген біздерге Елдес Омарұлы жасаған қазақы атауларды алғашқы қарқында жасай салу мүмкін емес. Ол үшін таза қазақша ойлап, қазақша пайымдап, қазақша ой қорыту қажет. Қазақ тілін жетік білу шарт, әрине. Бұл қасиеттерге жету, немесе бұл қасиеттерді толық әрі тиянақты меңгеру үшін уақыт керек» деген пікір білдірсе, филология ғылымдарының кандидаттары Аманқос Мектептегі мен Бейсенбай Байғалиев: «Елдес Омарұлы – ана тілімен қатар орыс, неміс, туыстас түркі халықтарының  ішкі даму заңдылығын терең меңгерген  лингвист-ғалым. Оның тіл білімі саласында, соның ішінде қазақ тіліне байланысты іргелі зерттеулері бүгінгі күні де өзінің ғылыми мәнін жоғалтқан жоқ. Оның тілші ғалым ретінде елге танылған алғашқы елеулі еңбегі  1923 жылы 50 жасқа толу мерейтойы құрметіне арнаған «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми қызметі»  деп аталатын көлемді мақаласы. Орыс тілінде жазылған осы мақаласында  ол ғұлама жанның күллі ғылыми-шығармашылық ізденістерін лингвистикалық жағынан жан-жақты талдап, зерттеуші жаңалықтарының өміршеңдігін тұңғыш сипаттап берді.

Жалпы оның шығармашылық машығының біз байқаған бір ерекшелігі – қазақ, орыс тілдерінде суда жүзген балықтай еркін сілтеуі. Өзге қоғамдық ғылымдардай емес, лингвистика математикалық нақтылық пен дәлдікті талап етеді. Бұл тұрғыда Омарұлы  ой мәйегін тайға таңба басқандай, қысқа да нұсқа жеткізуімен бізді қайран қалдырады»  - деп жазды.

Сәкен Сейфуллин көзі тірісінде Елдес Омарұлына үлкен баға берген. Ол өзінің естелігінде: «Бұл туралы маған, қысты күні Ахмет Байтұрсыновтан қай жағынан болса да кем емес деп жүрген Елдес Омарұлы келіп, біраз сөз айтты. Оған да мен мәселені газет бетіне, көптің талқысына сал деген едім. Ол ауырып қалды...» – деп жазған.

Сәкен Сейфуллин 1925 жылы  19 көкекте Сталинге жазған хатында: «...Я не поверил, но вспомнил, что действительно на середине красных знамен стояло какое-то зеленое знамя. Некоторые товарищи возмущались, Алашордынские знамя сняли. Потом обьяснили, что это по незнанию повесил туда какой-то русский из служащих. А технической же стороной сьездовского помещения руководили высокограмотные киргизы.

Когда обратно, после конца сьезда, ехали в г. Оренбург в поезде  один бывший работник Алашорды, старый учитель, мне хорошо знакомый, теперь сотрудник Наркомпроса, с довольным видом в присутствий двух товарищей сказал мне: «Наконец все вышло по-нашему (т.е. по Алаш-Орде) Сьезд открыли под нашим зеленым знаменем Алаш-Орды. Мы говорили, что ставка должна быть на интеллигенцию, а на этом сьезде полностью эту идею проводили. Слова «рабочих» остались пустыми фразами.

Мы свое правительство называли Алаш – Орда. А на этом съезде будущую столицу Киргизии г.Ак мечеть (Перовск) переименовали в Кызыл – Орду (Красная Орда). Для киргиз цвета красное, зеленое, белое, ниакого значения не имеют, лишь бы осталась Орда. Теперь в партию войдем и мы».  (Ордой называли юрту богатых и знатных людей, а юрту бедных и неимущих людей называли баспана и лашык) Вот, что мне сказал в поезде алашордынский мелкий просвещенский работник, теперь сотрудник Наркомпроса.

...И действительно, сейчас среди интеллигентных киргизов и киргизок, прежних работников Алаш-Орды и их учеников, все еще, или не вступивших в партию, или одно время входивших и обратно, замечается большое стремление в партию. Некоторые в разных городах уже подали заявления в партию. Это положение еще крайне опасно для Компартии и Киргизии» деп жазған..

Пойызбен Орынборға қайтып келе жатқанда алашордашы Елдес Омарұлы Сәкенге: «Бұрын Алашорда едік, енді Қызылорда болдық. Қазақ үшін қызыл, жасыл, ақ түстің айырмасы жоқ. Ең бастысы Орданың бауыры бүтін болғаны» дегені оның тура жолдан ешқашан да таймағанын дәлелдейді.

Елдес Омарұлының орыс тілінде жазған негізгі мақалаларының бірі. Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін талдауға арналған. Мұнда ол Ахметтің қазақ әліппесін жасаудағы, қазақ жазуын жаңғыртудағы төл еңбегіне жан-жақты тоқтала келіп, ақын, аудармашы, көркем сөз бен көсем сөз шебері, педагог және қоғам қайраткері есебіндегі талантына шынайы баға береді.

«Ақаңды барлық қазақ даласы біледі, оны сыйлайды, сүйеді, бірақ, ол әлі өз бағасын алып біткен жоқ»,  – деп жазады Елдес аға. Осы сөздерді Елдес Омарұлының өзіне байланысты айтуға да болар еді. Қас талант жылдар өткен сайын саф алтындай жарқырай береді.

2017 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан көрнекті мемлекет қайраткерінің шығармалар жинағы қазақ және орыс тілдерінде мың дана таралыммен жарық көрді. Кітапты құрастырған ғылым докторы Марат Шуақаев пен профессор Ақылбек Шаяхмет.

Жинақтан Елдес Омарұлының мақалалары және баяндамаларымен, мұрағаттар материалдарымен, Елдес Омарұлы туралы пікірлермен және құжаттармен танысуға болады.

Кітапта Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты Ақылбек Шаяхметтің алғысөзі берілген.

«Аkalam.kz» сайты оқырмандарының жоғары бағасын алған «Алтын қалам» иегері Ақылбек Шаяхметтің Алаш ардақтысына арналған «Суық жел» атты туындысы 2018 ж. Алматыда «Алтын қалам» баспасында басылып шықты.    2018 жылы  Омарұлы Елдестің үш томдық шығармалар жинағы (зерттеулер, мақалалар) жарық көрді. Оған «Қазақ тілі синтаксисі бойынша жаттығулар жинағы» атты ҚР Орталық мемлекеттік архивінен табылған еңбегінің қолжазбасы, «Ақы заңы» атты аудармасы, әліпби, емле, терминге қатысты мақалалары, түрлі конференция мен жиында сӛйлеген сөздері енді. Сонымен бірге  Е. Омарұлының «Физика» оқулығы, Цингерден аударған «Физика» атты оқу құралы, 1928 жылы жарық көрген «Пішіндеме» атты оқулығы, 1935, 1940 жылдары жарық көрген, Н. Рыбкиннен аударған «Геометрия» есептер жинағы енген.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысы бойынша «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында Алматыда 2018 жылы «Лұғат» қоғамдық қоры шығарған Елдес Омарұлы шығармаларының екі томдығы  [жауап. ред. З. Ахметжанова; түсініктеме жазып, құрастырған, төте жазудан аударған Е. Маралбек]  Елдестің тілтанымдық мұраларын (дыбыс, таңба, әліппе, емле, терминология, морфология, синтаксис мәселелері) көрсетумен бірге аудармашылық қырын да жақсы ашып берді.

Елдес Омарұлына ескерткіш орнату туралы Мәдениет министрлігіне хат жолданған болатын. Жақында еңбек ардагері, ауыл шаруашылығына еңбегі сінген қайраткер, Елдес Омарұлының туысы Аманкелді Қалиевқа және Қостанай облысының әкімдігіне ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол  Әліқұловтан «ұсыныс қараусыз қалдырылды» деген хат келіпті Ербол Әліқұлов күні кеше лауазымынан босатылды. Аталмыш хатта бұл ұсыныс не себепті қараусыз қалғаны туралы ештеңе айтылмаған. Елім деп еңіреп өткен Елдес Омарұлы неге ескерусіз қала береді?

Бірінші қатарда: А.Байтұрсынұлы, М.Жәкежанов, К.Жанатайұлы, Т.Құнанбаев, Ж.Әтіков.
Екінші қатарда: Ж.Балғымбаев, М.Дулатов, Қ.Мұңайтпасов, С.Қадырбаев, Е.Омаров. Семей, 1918 жыл.
(Суретте редакциямызға А.Шаяхмет ұсынды)

Елдес Омарұлының кітаптары мен мақалалары:

 

  1. «Қазақша жазу тақырыбы және жазу ережелері» (А. Байтұрсынұлымен бірге жазған, «Қазақ тілі», 1923, 22-наурыз);
  2. «Жазудың жаңа ережелері», («Қызыл Қазақстан», 1924, № 10);
  3. «Айнымалы дыбыстардың жазылу ережелері», («Еңбекші қазақ», 1925, 9-мамыр);
  4. «Қазақша әліпби мен латынша әліпби» («Жаңа мектеп», 1926, №9-10)
  5. «Синтаксис жаттықтырғышы» 12936 ж.(баспаға тапсырылған, жарық көрмеген оқу құралының қолжазбасы);
  6. «О местоименных приставках в казахском языке» (Труды казахского научно-исследовательского института национальной культуры., 1935, А.-М.);
  7. «О порядке слов в казахском языке» (Бұл да сонда);
  8. «Қазақ тілінің дыбыстары» («Жаңа мектеп», 1927, № 2, 61-67 б.);
  9. «Қазақша дыбыстардың жігі» («Жаңа мектеп», 1926, № 11-12,13);
  10. «О сочетании звуков казахского языка» (Год работы казахского высшего педагогического института. Ташкент., 1928)
  11. «Араб таңбасы».
  12. «Қазақша жазу жайы».
  13. «Жазу мәселесі».
  14. «Айнымалы дыбыстардың жазу ережесі».
  15. «Сипыр жазуы».
  16. «Ғылым төңкерісі».
  17. «Емле мәселесі».
  18. «Қазақ салты» («Жас қазақ» журналы, 1924 ж. № 4)
  19. «Дағдылы жол мен айлалы жол» ( осы журналда, №5-7).
  20. «Орысшалаған қазақ тілі».
  21. «Қазақ жаманы сарт боламын дейді».
  22. «Англия жайы».
  23. «Физика».Оқулық,1923 ж. Орынбор
  24. «Алгебра» . Оқулық. 1928 г;
  25. «Кескіндеме». Оқулық. Қызылорда. 1928 ж.
  26. «Пішіндеме». Оқулық. Қызылорда.1928 ж.
  27. Правила приема в техникум на русском и казахском языках;
  28. Программа по казахскому языку для европейских школ, 1929 г;
  29. Программа по изучению быта казахов с переводом на русский язык;
  30. «Повалка» – бич рогатого скота на казахском языке;
  31. «Таблица изменения звукового состава приставок»;
  32. «Упражнения по синтаксису казахского языка для 7 - 8 классов неполной и полной средней школы». 1936 г.
  33. «Ұлт проблемасы» В.И. Лениннің «Проблема нации» кітабының аудармасы. 1926 ж.
  34. «Ұрылар». Куприннен аударма.
  35. «Грамматика казахского языка». На русском языке.
  36. «Қазақ тілінің грамматикасы». Қазақ тілінде.
  37. «Задачник по геометрии». Москва, 1935 г.
  38. «Қазақ тілінің дыбыстары».
  39. «Қазақша дыбыстардың жігі».
  40. Қазақша сөздер.

Елдес Омарұлының  сөзжасамдары мен баламалары:

Бағытты шама – векторлық шама.
Бастырық – жолы қатар, бағыттары қарама-қарсы.
Белдік – ось.
Бәсеке қозғалыс – салыстырмалы қозғалыс.
Бірбеткей – екі шеті түйіскен екі доға.
Буын – доғаны қоршаған  сынық сызықтың әрбір  түзу бөлегі.
Екпін заңы – инерция заңы.
Есеп-қисап – математика.
Еселік ара – бір кесіндінің  басқа кесіндіден неше есе артық екенін көрсететін сан.
Еуропа – Европа.
Одағай – иррационал.
От сызығы – перпендикуляр.
Ортан бөлек – тең бүйірлі үшкілдің табанына қарсы  бұрыштың табаны.
Өре – диаметр.
Өріс – радиус.
Маңыз – масса.
Жарма – биссектриса.
Жатық бағыт – горизонталь.
Жайма қозғалыс – кемімелі қозғалыс.
Жердің төбесі – жердің полюсі.
Жердің белдеуі – жердің экваторы.
Жердің қатар сызықтары – жердің меридиан сызықтары.
Жердің кіндігі – жердің центрі.
Жермай – мұнай.
Жиек – периметр.
Зауыт – завод.
Кескіндеме – тригонометрия.
Керме – хорда.
Кесе ( кесе көлдеңен деген мағынада) – перпендикуляр.
Күпшек– оске кигізілген цилиндр.
Күншығыс халықтары – восточные народы.
Кіндік – центр.
Кіндік үкімет төрағасы –  Министрлер Советі председателі.
Қары (қолдың білегі мен иық арасы деген мағынада) – катет.
Қарыс – ұзындық өлшемі.
Қатар сызық – паралель сызық.
Қоршаулы бұрыш – төбесі өзін қоршаған шеңбердің бойында жатқан бұрыш.
Қолқабыс күштер – қосылғыш күштер.
Қостабан –трапеция.
Қиықшалық  ережесі – параллелограмм ережесі.
Қиықша –  параллелограмм.
Қима – гипотенуза.
Қия – диагональ.
Құрылымдас – пропорционал.
Құлаш – ұзындық өлшемі.
Саты – таблица.
Салмақ кіндігі – күштің нәрсеге тиетін нүктесі.
Сорап – поршень.
Сынып – класс.
Сиез – сьезд.
Сүйем – ұзындық өлшемі.
Текше метр – куб метр.
Тегермеш – қарама-қарсы жақтарына жүк  ілінген диск.
Тел жылдамдық – қорытқы жылдамдық.
Тел күш – қорытқы күш.
Тетік – аргумент.
Теңгіл – дұрыс көпбұрыш.
Тікше – тік төртбұрыш.
Тік бағыт – вертикаль.
Төстік сызық – экватор сызығы.
Түйін – теорема.
Пішін – фигура.
Пішіндеме – геометрия.
Үшкіл – үшбұрыш.
Шақырым – километр.
Шаршы – квадрат.
Шаршы метр – квадрат метр.

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969