Қырғызстан Қазақстанға су беруді шектемек
Ыстықкөл көлін сақтау мақсатында Қырғызстан көрші елдерге, соның ішінде Қазақстанға берілетін судың көлемін азайтатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Abai.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Алдағы уақытта Қырғызстанда әлем ғалымдарының қатысуымен Ыстықкөлді қорғау мәселелері талқыланатын конференция өтеді. Сарапшылар көлді қорғауға бағытталған арнайы бағдарламаны дайындауда. Жапаров Ыстықкөлді Арал теңізінің қайғылы тағдырын қайталаудан сақтау керектігін атап өтті.
СУ БЕРУ МӘСЕЛЕСІ
Бұған дейін Қазақстанның су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімен кездесіп, 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін Шардара су қоймасына 11 миллиард текше метр судың жеткізілуін келіскен болатын. Сонымен қатар, Ислам даму банкі Қазақстанның су шаруашылығын дамыту жобаларына 1,15 миллиард доллар инвестиция салатынын мәлімдеген.
АРАЛ ТУРАЛЫ
2024 жылдың маусымында Арал теңізіндегі су көлемінің артқаны туралы хабарланған еді. Алайда Арал теңізінің жоғалуы әлемдегі ең ірі антропогендік апаттардың бірі ретінде қарастырылады. 1960 жылдарға дейін әлемдегі төртінші ірі су қоймасы болған Арал теңізінің су беті 50 жылдан астам уақыт ішінде үш есе азайып, судың деңгейі 29 метрге төмендеді. Бұл су тұздылығының артуына және балықтардың толығымен жойылуына алып келді.
Abai.kz