Сәрсенбі, 8 Қаңтар 2025
Билік 513 1 пікір 6 Қаңтар, 2025 сағат 18:18

Мәжіліс депутаттары Ақтөбе мен Жамбыл облыстарына барды

Суреттер: ҚР Мәжілісінің баспасөз қызметінен алынды.

Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаттары Жұлдыз Сүлейменова мен Қазыбек Әлішев «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынған балалар футбол академиясына барып, жаттықтырушылар құрамымен, жас спортшылармен кездесті.

Заманауи стандарттарға сай салынған академияда футболшылар жыл бойы жаттығатын үлкен жабық манеж бар. Сондай-ақ ғимаратта жаттығу залы, оңалту және емдеу-сауықтыру кабинеттері қарастырылған. Қазіргі таңда академияда 6 мен 18 жас аралығындағы мыңға жуық бала футболдың қыр-сырын үйреніп жүр. Күніне екі рет жаттығады.

Жұлдыз Сүлейменова жаттықтырушылармен әңгіме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында депутаттарға спорт саласындағы заңнаманы жаңартуды тапсырғанын еске салды. Президент өз сөзінде бұл түзетулердің жаңа чемпиондар буынын дайындауға негіз болатынын ерекше атап өткен еді. Былтыр қараша айында Мәжіліс депутаттары дене шынықтыру және спорт мәселелері туралы заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдаған болатын.

– Бұл заң жобасы спорттың басым бағыттарын анықтаудан бастап, спортшыларды дайындау стандарттарын жетілдіруге дейінгі бірқатар өзекті бастаманы қамтиды. Ол бұқаралық және балалар спортын дамытуға серпін береді. Балаларымыз – еліміздің болашағы. Ал бұл футбол академиясы – жасөспірімдерді тәрбиелеп, олардың тәртіп пен жауапкершілігін нығайтатын ерекше орта, – деді Ж.Сүлейменова.

Қазыбек Әлішев балаларды спортқа белсенді тартудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл олардың денсаулығы мен ерік-жігерін нығайтып қана қоймай, оларды жаман әдеттен сақтауға көмектеседі.

– Біздің қоғам нашақорлық, лудомания, әлеуметтік желі мен интернетке тәуелділік сияқты зұлымдық түрлерімен күресетіні жасырын емес. Мәжіліс депутаттары мемлекет, ата-аналар, бизнес сенім арта алатын заңнамалық база құрады. Спортпен айналысу арқылы бала зиянды әдеттерден аулақ болады әрі пікірлес адамдар ұжымында қолдау мен мотивация табады. Бұл – энергияны дұрыс бағытқа бағыттаудың ең тиімді жолы, – деді депутат.

Бұқаралық спортты дамыту «АМАNАТ» партиясының басты назарында. Өткен жылы Ақтөбе облысында партияның сайлауалды уәделері аясында Алға ауданы Бестамақ ауылында және Әйтеке би ауданы Құмқұдық ауылында спорт кешендері пайдалануға берілді. Ырғыз ауданы Ырғыз ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова Жамбыл облысының Байзақ ауданы Қызыл Жұлдыз ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты.

60 емделушіге арналған медициналық мекеме «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынған. Мұнда 3 дәрігер, 13 орта медицина қызметкері және бір психолог жұмыс істейді. Аталған амбулатория ауылдағы 5 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді.

Гүлдара Нұрымова ауылдағы дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін ауылды жерлерге көшіп келген мамандарға 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы төленетінін атап өтті. Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заңға енгізілген бұл норма «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған.

 – Мемлекет денсаулық сақтау саласына үнемі ерекше көңіл бөледі. Биыл дәрігерлерді қорғауға, олардың мәртебесін көтеруге бағытталған сапалы жаңа заң күшіне енді. Бірқатар әлеуметтік кепілдіктер енгізіліп, құқықтық қорғау күшейтілді. Атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдарда медицина қызметкерлерінің балаларына бірінші кезекте орын беріледі, басы артық есеп беру мәселесі қысқартылады, дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігі сақтандырылады және басқа да өзгерістер бар. Медициналық жоғары оқу орындарының жас түлектері олардың көмегі адамдарға шынымен де қажет екенін және мемлекет тарапынан жасалатын қолдау шаралары дәл осыған бағытталғанын анық түсінуге тиіс, – деді депутат.

Айта кетейік, былтыр Жамбыл облысында партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында 20 медициналық нысан пайдалануға беріліп, екі емханаға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. 18 бірлік медициналық диагностикалық техника (томографтар, УДЗ аппараттары және т.б.), 38 санитарлық көлік сатып алынды. Бұл қадамдар ерте диагностиканы жақсартуға, жедел жәрдем жұмысының сапасын және ауылды жерлерде медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Биыл өңірде партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Байзақ, Қордай және Сарысу аудандарындағы аудандық ауруханаларды қоса алғанда, 7 медициналық нысанның құрылыс жұмысы басталады. Сондай-ақ Таразда туберкулезбен және өкпенің өзге де ауруларымен ауыратын балаларға арналған перинаталдық орталық, жедел медициналық жәрдем станциясын және мамандандырылған санаторий ашу жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, 5 қаңтарда Мәжіліс депутаттарының өңірлерге жұмыс сапары басталды. Депутаттар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Сонымен қатар олар сайлаушыларға қабылданған заңнамалық өзгерістер туралы ақпарат беріп, мәселелерін тыңдайды. Өңірлерде сайлаушылар көтерген ең өзекті мәселелерді шешу Мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде Үкіметпен бірлесіп қаралатын болады.

Abai.kz

1 пікір