ХАМАС пен Израиль соғысты тоқтатуға келісті...
Катарда кездескен екі тарап өкілдері 15 айдан асқан қырғын соғысты тоқтату туралы келісімге келген. Бұл хабарды әлемдік БАҚ-қа сәрсенбі күні Израиль билігі жеткізген.
Катар премьер-министрі Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тани келісімнің кепілге алынғандар мен тұтқындарды босатып, «тұрақты тыныштықты» қалпына келтіретінін айтты.
Келісімге сәйкес, атысты тоқтату алдағы жексенбі, 19 қаңтарда басталады. Ол сондай-ақ екі жақтың кейбір логистикалық мәселелерді шешу үшін әлі де жұмыс істеп жатқанын қоса кетті.
Келісімге не кіреді?
Атысты тоқтатудың бірінші кезеңі алты аптаға созылады және Израиль әскерлері халық тығыз орналасқан аудандардан алыс Газаның шығысына шығарылады. Келісімнің құпиялығына байланысты аты-жөнін атамауды өтінген шенеуніктердің айтуынша, кепілге алынғандар осы кезеңде босатыла бастайды.
АҚШ президенті Байден келісімнің бірінші кезеңінде палестиналықтардың Газаның барлық аудандарындағы (көп бөлігі жермен-жексен болған) тұрақтарына қайта оралып, гуманитарлық жүктердің көп мөлшерін алатынын айтты.
Кімдер босатылады?
Атысты тоқтату келісімі орындалса, Газада тұтқынға алынған израильдіктер мен Израильдегі палестиналық тұтқындар босатылады. Газада 100-ге жуық кепілге алынғандар қалды деп болжануда, бірақ Израиль билігі олардың 35-ке жуығы өлді деп есептейді.
ХАМАС жетекшілері Израильде ұсталған палестиналық тұтқындардың босатылуын қалайды.
Әл-Тани 42 күндік келісім барысында 33-ке жуық израильдік кепілден босатылатынын айтты, бірақ қанша палестиналық тұтқын босатылатынын нақты айтпады.
Израильдің екі жоғары лауазымды шенеунігі келісім Израиль үкіметінің ресми мақұлдауын қажет ететінін жеткізген.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесі мәлімдеме жасап, келісімнің кейбір баптарының әлі шешімін таппағанын, бірақ олар сәрсенбі күні кешке қарай шешіледі деп отырғандарын жариялады.
Келісім шарттарын Израиль тарабы ратификациялық дауыс беруге салады. Үкіметтің бірлігіне жаңа сынақ болуы мүмкін, өйткені кем дегенде екі қатал фракция ХАМАС-пен келісімге келуге қарсы екендерін мәлімдеді.
Израиль Ливанның Хезболла қарулы тобымен атысты тоқтату туралы бөлек келісімге келгеннен кейін келіссөздер де қарқын алды. Бұл ХАМАС-ты оқшаулауға көмектесті.
Кейбір шенеуніктердің пайымдауынша, АҚШ-та келесі дүйсенбі, қаңтардың 20-сы болатын биліктің ауысуы Израиль мен ХАМАС-қа шешім қабылдау процесін тездетуге себеп болды.
АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп ХАМАС-қа ол билікке кіріскенге дейін израильдік кепілге алынғандарды босатпаса, салдары ауыр болатынын ескерткен еді. Оның Таяу Шығыстағы өкілі Стив Виткофф Катар мен Израильге де барды.
Сәрсенбі күні Трамп әлеуметтік желіде: «Біз Таяу Шығыстағы кепілге алынғандар үшін келісім жасадық. Олар жақын арада босатылады. Рахмет!», - деп жазды.
Баспасөз мәслихаты кезінде президент Байден өз әкімшілігінің Трамп әкімшілігімен ынтымақтастығын мойындағандай болды. Келісім өз әкімшілігінде әзірленіп, келіссөздер жүргізілсе де, оның көптеген ережелерін келесі әкімшілік жүзеге асыратынын атап өтті. «Соңғы бірнеше күнде біз бір команда болып жұмыс істеп жатырмыз», - деді ол.
Abai.kz