Сәрсенбі, 22 Қаңтар 2025
Бетбұрыс 214 1 пікір 22 Қаңтар, 2025 сағат 16:23

Енді фильмдер тек қазақ тілінде түсіріледі!

Коллаж: egemen.kz

Бұдан былай мемлекеттен бөлінген қаржымен түсірілген барлық фильмдер тек қазақ тілінде көрерменге жол тартады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттарға берген жауабында жазылған.

Бектенов алдағы 10 жылға «Қазақ киносының даму стратегиясын» дайындау бойынша бірқыдыру шаралар жоспарланғанын, аталған салаға айтарлықтай реформалар керектігін алға тартты.

«Мемлекет қолдауымен түсірілетін барлық фильмдер қазақ тілінде түсіріледі және прокатқа екі тілде шығады. Статистикалық деректер бойынша, 2024 жылы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 19 %-ға жеткен (2023 жылы 16 %). Бұл қазақ тіліндегі контентке сұраныстың арта түскенін көрсетеді», – делінген жауапта.

Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша,  Шәкен Айманов атындағы Қазақфильмі алдағы уақытта жаңа даму сатысына өтпек.

Деректерге негізделсек,  енді жыл сайын фильм түсіруге бөлінетін жалпы қаржының аз дегенде 30 пайызы тікелей Қазақфильмге бағытталмақ.

«Енді министрлік бұл сала үшін қаржылай және қаржылай емес қолдау шараларын әзірлейтін болады. Осындай өкілеттіктер жергілікті атқарушы органдарға да берілді. Бұл өңірлердегі шығармашылық хабтарды құруды және олардың жұмысын жеңілдетіп, аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, мақсатты мемлекеттік қолдау шараларын енгізуге жол ашадығ», – дейді Аида Балаева.

Осыған дейін Аида Балаева аталған кинокомпаниясының жағдайы өте ауыр екенін айтқан болатын.

Abai.kz

1 пікір