Әскеріміз елді қорғауға әзір ме?
Трамптың билікке қайтып келуі біздің қоғамда, БАҚ пен әлеуметтік желілерде біраз талқыланды. Сонымен тақырыпты жылы жауып қоюға болар еді.
Алайда, дүниені дүрліктіріп жатқан Трамптың тосын талаптары мен бастамаларының Қазақстанға қатысы бар тағы бір жағы жайында айтпасам болмас (ол мәселе әзірше қоғам назарынан тыс қалып тұрған секілді).
Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумдағы кешегі сөзінде Трамп НАТО-ға мүше елдерден ортақ әскери мақсатқа әрбір мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 5 процентін жұмсауға шақырды. НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте бұл бастаманы қолдады.
Әрине, бұл ұсыныстың украиндық-ресейлік астары да жоқ емес: кім біледі, Мәскеу соғыс бастамағанда, Украина Еуропаға жақын болмағанда, бұл мәселе Трамптың назарына ілікпеуі де мүмкін бе еді.
Бірақ, әскери саясатқа қатысты бұл тақырыптың Қазақстанға да қатысы бар деп ойлаймын.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ», - дейді атам қазақ. Ол аз болса, «сақтықта қорлық жоқ», - деп тағы бір сөз қосып қояды.
Бүкіл әлем қорғаныс тақырыбын қозғап отырғанда, біз, Қазақстан, неге үнсіз қалып отырмыз?
Геосаяси ахуалдың түрі анау, басқа емес, өз бауыры мен көршісіне қарсы соғыс ашқан Ресеймен жеті жарым мың шақырым ортақ шекарамыз бар: ЕАЭО ережелеріне салсақ, ол шекара құлыптаулы тұр деп айтуымыз қиын шығар. Осыдан біраз уақыт бұрын біздің әуе қорғаныс күштеріміз Ресеймен бірікті деген ақпарат тарап еді. ҰҚШҰ (ОДКБ) қатарындағы ортақ міндеттемелеріміз тағы бар дегендей.
Кезінде Қазақстан әскері НАТО-мен бірлескен әскери жаттығулар өткізетін еді. Ол байланыстарымыз қандай деңгейде?
Ең бастысы сол: әлдеқандай жағдай боп қалса, біздің әскер өз елін қорғап қала ала ма?!
Өйткені, соңғы кезде өз армиямыз жайында сөз қозғалса, көбінесе, сол жақтағы жемқорлық, жарғыдан тыс қарым-қатынастар, әлімжеттік, солдаттардың басына түскен қиындықтар туралы жайсыз әңгімелер айтылып қалады.
«Тәуелсіздікті қорғау» деген жиі айтылатын қағидат бүгінде жаңаша, күрделі халықаралық ахуалға тікелей қатысы бар сипатқа ие болып отыр емес пе?
Біздің әскеріміздің қаржылану жайы қалай? Трамп НАТО мүшелерінен талап етіп отырған 5 проценттің біздегі жағдайы қандай? Екі аяғынан ақсап тұрған экономикамыз сол ауырлықты көтере ала ма?
Әрине, ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздіктің құпия жақтары бар. Ол талаптар заңды деп санаймын.
Алайда, қоғам дәл осы мәселеде өзін толғандырған басты сұрақтардың жауабын алуға толық қақылы деп ойлаймын.
Әміржан Қосан
Abai.kz