Жұма, 24 Қаңтар 2025
Әріптестің әңгімесі 222 0 пікір 24 Қаңтар, 2025 сағат 15:14

БАҚ: Қырғызстан астанасын ауыстырмақ...

Сурет: vb.kg сайтынан алынды.

Жуырда ғана мемлекеттік туларын өзгерткен Қырғыз Парламенті енді ел астанасын Бішкектен басқа қалаға көшіру жайын талқылауда. Бұл туралы Mezgil.kz порталы жазды. 

Қырғыз БАҚ-тары: «Бішкек енді Қырғызстанның астанасы болмауы мүмкін. Қырғызстанда депутаттар елорданы басқа жерге көшіруді және онда министрлер кабинетін орналастыруды ұсынады»,- деп хабарлайды.

Бұл бастаманы Қырғыз Жоғарғы Кеңесінің депутаты Бақытжан Марипов көтерген. Оның пікірінше, Бішкектің бүгінгі басты мәселесі – түтін мен кептеліс. Қала басшылығы қандай шараларды қолданса да, бұл мәселе мүлде шешілмей келе жатыр және жуық арада шешімін таба қоюы да екіталай.

Депутат: «Бішкекке «екі басты» әкімді әкеп, тағайындап қойсақ та, ел астанасындағы бұл мәселелер шешімін таппақ емес!», - дейді. «Мен ел астанасын басқа жерге көшіруді ұсынамын және біз мұны талқылауымыз керек. Ыстық-Көл облысында жаңадан Асман дейтін қала салынуда. Сол жерге 10 млрд сомның инвестициясы құйылып жатыр. Темір жолды Бішкектің сыртына көшіру үшін 550 млн доллар қажет. Ал айналма жол салу үшін кем дегенде 1 млрд доллардан көп қаражат керек. Сондықтан, біз ел астанасы мен министрлер кабинетін көшірер болсақ, Бішкек бірінші кезекте кептелістен құтылады», - дейді Қырғыз депутаты.

Елорданы көшіруден бөлек, Қырғыз депутаттары былтыр күзден бастап Қырғыз әнұранын өзгертуді талқылауда. Бұл бойынша әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Сонымен қатар, Қырғызстан былтыр мемлекеттің туын өзгерткен болатын.

Посткеңестік елдер ішінде бұған дейін Елордасын көшірген ел – Қазақстан болатын. Енді кезек Қырғызстанға келіп отыр. Бірақ қырғыз экономикасы осындай ауыр жүкті көтере ала ма деген сауал туындайтыны жасырын емес.

Abai.kz

0 пікір