Жұма, 31 Қаңтар 2025
Жаңалықтар 429 6 пікір 30 Қаңтар, 2025 сағат 16:22

АҚШ пен Қазақстан: бюджет, блогер, салық...

"Американы қайтадан құдіреттендіру" ұранымен екінші рет президент болып сайланған Трамптың экономикалық саясаты екі бағытта: іште салықты азайту, сыртқа кедендік салықты көбейту. Жалпақ тілмен айтқанда өз халқының қалтасына түспей, шетел тауарларына жасалған жеңілдіктерді алып тастап, пайданы солардан еселеп қарпып қалу.

Трамп қаңтардың 25-күні Лас-Вегастағы казиноларға барып, диллерлердің шәй пұлы мен кезекшіліктен тапқан артық ақшасына салынатын табыс салығын алып тастағанын айтып, сайлау алды берген уәдесін орындағанын мәлімдеді.

Қаңтардың 29-күні АҚШ сенаты Трамп Қаржы министрі лауазымына ұсынған Скот Бессанттың кандидатурасын мақұлдады. Кезінде әлемді уысында ұстаған қаржы магнаты Соростың көмекшісі болған 62 жастағы миллиадер сенаторлар алдында Трамптың экономикалық саясатының дұрыстығын дәлелдеп бақты. Демократтардың "іште салықты азайту, сыртқа салықты көбейту стратегиясының елдегі әрең ауыздықталған қымбатшылықты тағы да үдетпей ме" деген алаңына салықты азайтпаса елдегі орта таптың жаңдайының түзелмейтінін, кедендік салықты көбейту әділ бәсекелестікті қамтамасыз ететінін айтып, тиянақты түсіндірді.

Біздегі сейсенбіде өткен кеңейтілген үкімет отырысынан кейін Қосымша құн салығының 20 пайызға көтерілетіні қоғамның басты талқысына айналды. Өзіміз кіретін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде, атап айтқанда Ресей мен Беларусте ҚҚС 20 пайыз болса, біздің үкіметте сол деңгейге көтергелі отыр. Ал әлемнің "бірінші экономикасы" саналатын Америкада ҚҚС атымен жоқ. Кей штаттарында бұрын болғанымен, қазір алынып тасталған. Біздің шығыс көршіміз Қытайда ҚҚС-ның ең жоғарғысы 13 пайыз. Темекі мен араққа салынады. ҚҚС Қытай салық түсімінің 50-60 пайызын құрайды. Қытайда заңды тіркелген 43 миллион (Қазақстанның халық санынан екі есе көп) орта және шағын бизнес субъектысі бар екенін ескерсек оған таңдануға, өзімізбен салыстыруға келмейді.

Трамптың бюджеттік түсімді үнемдеу үшін субсидия есебіндегі федаралдық  ішкі-сыртқы шығындарды қысқартуға қол қойғаны белгілі. Оған медсақтандыру, әлеуметтік төлемдер кірмейді. Сол арқылы 2 триллион доллар үнемдемек. Бұл қазақша айтқанда "Көрпеге қарай қөсілуге" емес, "Тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады" ұғымына келеді.

Трамптың бизнестен саяси сахнаға келгелі бері Бұқаралық ақпарат құралдарынан ең көп теперіш көріп келе жатқан саясаткер екені белгілі. Алдынғы жолы президент болып тұрғанда да, осы жолғы президент сайлауы кезінде де, қазірде үнемі ақпараттық шабуылға ұшыраумен келеді. Оған бола тонын отқа тастап отырған Трамп жоқ.

Қаңтардың 28-күні Трамптың жаңа сайланған баспасөз хатшысы Кэролайн Ливит танымал блогерлер мен әлеуметтік желі жұлдыздарының Ақ үйдің тілшілігіне өтініш бере алатынын мәлімдеді. "Біз еркін журналистерді, блогерлерді, әлеуметтік желіде өз стилі бар белсенділерді Ақ ұйдің тілшілік куәлігіне өтініш беруге шақырамыз" - деді.

Ол бұл қадамдарын "Қазір жастардың арасында ақпарат құралдарына деген сенімнің төмендеп кеткенін, Трамп әкімшілігі Ақ ұйге танымал дәстүрлі БАҚ өкілдерін кіргізіп қана қоймай, қоғаммен жалпы беттік диолог орнатуды қалайтынын",сол мақсаттағы әрекет екенін  түсіндірді.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz   

6 пікір