Сәрсенбі, 19 Ақпан 2025
Мәдениет 1118 1 пікір 14 Ақпан, 2025 сағат 16:03

Елордада Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдық мерейтойына арналған ерекше ән-романс кеші өтеді

Сурет: qazaqconcert.kz сайтынан алынды.

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы Қазақ КСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдық мерейтойына арналған концерт өткізеді.

Концерт бағдарламасында: ән және романстар кеші. Мерейтойлық кеш екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде рояль және аспапты ансамбльдің сүйемелдеуімен әндер мен романстар ал, екінші бөлімінде Е. Хасанғалиевтің әйгілі әндері бэнд пен камералық ансамбльдің сүйемелдеуімен музыкалық туындылар орындалады. Іс-шара барасында композитордың «Атамекен», «Сағындым сені», «Әдемі-ау», «Гүлсезім», «Бозторғайым», «Айлы түн», «Жапырақтар жайқалады» және басқа да көркем туындылары көрермен назарына ұсынылады.

- Ескендір ағамыз өте кішіпейіл, қарапайым және ешқашан біреудің бетін қақпайтын. Жас адамдарды өзімен теңдей көріп, жақын тартып сөйлесетін. Мінезі салмақты болатын. Сол кісінің әндерін бала кезімізден тыңдап өстік. Бүгінде композитордың әндерін еліміздің танымал өнер жұлдыздары шырқап жүр ғой. Ал бұл жолғы концертте композитордың әндерін роял мен камералық ансамбльге сүйемелдеп айтқызатын боламыз. Композитордың ұлы Біржан Хасанғалиев ағамыздың көп айтылмай қалып қойған, жарияланбаған романс әндерін өңдеп шыққан. Сол әндерді нотаға түсіріп, роялға келтіріп, әндердің жинағын шығарды. Ескендір ағамыз махабатты, әдемілікті, әсемдікті жырлаған ғой. Бұл іс-шара нәзік жандылардың мерекесіне арналады,- деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.

Концерт ерекше форматта өтеді: көрермен залының мүлдем басқаша орналасуы, яғни қонақтарға сахна төрінен тікелей орын алуға мүмкіндік беріледі. Сахнада әртістермен бірге көрермендер де отырады.
Мерекелік іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Салтанат Ахметова, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Азат Мәлік, сондай-ақ халықаралық конкурстардың лауреаттары Ибрахим Амин мен Нұрсұлтан Әнуарбек, Талғат Аллабиринов және Нұрсезім Саматқызы қатысады. Музыкалық сүйемелдеу: фортепианода - «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Дина Мирманова.

Abai.kz

1 пікір