Жұма, 21 Ақпан 2025
Абай.tv 1356 3 пікір 17 Ақпан, 2025 сағат 13:38

«Пара алатын шенеуніктерді ашкөздік жетелейді»

Сурет: Jibek Joly телеарнасынан алынды.

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали «Jibek Joly» телеарнасына сұхбат берді.

«Jibek Joly» телеарнасындағы журналист Ерболат Мұхамеджанның «Уәде» авторлық бағдарламасы аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күрестің өзекті мәселелерін талқылады.

Агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлықтың себептері туралы айта келе, бұл қылмыстың пайдакүнемдік мақсатта жасалатынын және адамдарды ашкөздік жетелейтінін атап өтті.

«Әрбір қылмыстың өз себебі бар. Ал сыбайлас жемқорлық істерінде бұл – пайдакүнемдік. Адамдарды ашкөздік басқарады», – деді Асхат Жұмағали.
«Пара алатын шенеуніктерді ашкөздік жетелейді. Бұл – адам бойындағы ең қауіпті кемшіліктердің бірі».

Агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі көзқарасты талап ететінін баса айтты.

«Біздің міндетіміз – жүйелі тәсіл қалыптастыру: адамдарды тәрбиелеу, құқықтық сауаттылықты арттыру, адалдық қағидаттарын насихаттау. Осылайша біз қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетін күшейтеміз», – деді ол.

Асхат Жұмағали сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тек уәкілетті органдар ғана емес, барлық мемлекеттік институттар, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеологияны қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын Мәдениет министрлігі де екенін де атап өтті.

«Бұл іске барлық мемлекеттік органдар, соның ішінде Мәдениет министрлігі де қатысады. Идеология мәселесі өте маңызды», – деді ол.

Агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қатаң жаза қарастырылғанын еске салды.

«Бүгінгі таңда аса ірі көлемде пара алғаны үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деп атап өтті ол.
«Сыбайлас жемқорлық үшін сотталған шенеуніктер шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығына ие емес. Сонымен қатар, олар мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік секторға жұмысқа орналасу құқығынан өмір бойына айырылады», – деп түйіндеді Асхат Жұмағали.

Сұхбатқа сілтеме:

Abai.kz

3 пікір