Бекзат болмысты Бекжан
Әлеуметтік желі «Бекжан» деп күңіреніп тұр. Бекеңнің бекзат болмысы, біртуар бейнесі, бірегей өлеңдері туралы естеліктерін бөліскен қаралы жұрттың ақын ұлға, арда ұлға деген құрметі қандай биік еді...
Бекжан Әшірбаевтың шығармашылығы туралы сөз еткендердің көпшілігі «Заң газетінде» қолтаңбасы қалғанын, тоғыз жыл табан аудармай редактор болғанын біле бермейді.
Заң, құқық саласын терең қаузайтын басылымдағы Бекеңнің жұмысы 2009 жылдан басталды. Өзі ақын, айтыскер, шығармашылық адамының заң саласына тісі батар ма екен деген күдік ол кезде әркімнің ойында болғаны рас. Алайда Бекең әмбебаптығын бірінші нөмірден-ақ байқатты. Оның жауаптылығы сұрапыл болатын. Жазылған әр мақаланың мазмұны, мәні тұрмақ, әр қарпінің өз орнында қолданылуына ерекше көңіл бөлетін.
Бекеңнің жұмыс істеу әдісі де қызық еді. Журналистің де, бет қаттаушының да еркін көсіліп, бар қабілетін көрсетуіне мүмкіндік беретін бас редактор газеттің толық нұсқасы дайын болғанда ғана өзінің пікірін айтып, жетпегенді толықтырып, кемшілікті түзейтін. Басында мұндай әдіске үйренбеген ұжым Бекеңнің әр мақаланы шұқылап оқығанына үйрене қоймады.
«Қашан қол қояды?» деп тыпыршып кетеміз. Ондайда сөзі өтеді-ау деген Қалбай Әділ, Аманхан Әлім ағаларымызды «разведкаға» жібереміз. Кейде ол кісілер бір бума бетті алып шығып, қуантып тастаса, кейде «Әй, газет әл-әзір дайын болмайды-ау. Бекжан апасының басының битін қарағандай тесіліп отыр» деп түңілдіріп тастайды. Сағатқа қайта-қайта қарағыштап, кабинеттің есігіне көзін сатқан біз Бекеңнің төбесі көрінгенде қуанып кетеміз. Ал редактордың әйтеуір бір сұрағы болады. «Сүйікті ауылына сыйлық жасады» деген қалай болар екен? Сонда ауылдың сүйікті емесі де бола ма?» деп сауал тастайды ондайда. Ойланып қаламыз. Расында дұрыс күмән. Басында бәрі әп-әдемі деп отырған журналистер енді бір тақырып үшін Бекеңмен бірге бас қатырып кетеді. Бірнеше тақырыптың тұсында сұрақ белгісі тұрса, жағдай тіпті қиын. Міне, редактор-ұстаздың осы қасиеті бәрімізге жұқты. Қазір қай тақырыпты алып, қай мәселені қаузасақ та күмән қалмайтындай, сұрақ тудырмайтындай етіп сүрлеп шығу әдетіміз.
Расында ол кісі асықпайтын. Жер дүние күйіп кетсе де, сол байсалды қалпынан танбайтын. Арызбен келген жұрттың айқайына да сабырлық танытып, шарасыз жандардың шағымдарын сағаттап тыңдағанда да шаршадым дегенін естімеппіз. Қандай күрделі мәселені де әзілмен әдіптеп отыратын. Марқұм Аманхан аға сондай кездері жиі әзіл кейіпкеріне айналатын. Ол кісінің ерекше сүйетін хоббиі – шахмат. Басшылардың көзі айнала берсе ала тақтасын қолтықтап аулаға асығады. Күтіп тұратын достары бар. Редактордың сүзгісінен өткен беттерді алып, қателерді дизайнермен бірге газетке түсіріп шығу әр кезекшінің міндеті. Алайда Аманхан аға сол міндетін «ұмытып», ұстатпай кетеді. Бір күні газет бітіп, Бекең үйге кетіп бара жатса, Аманхан аға әлі шахматқа кірісіп отырыпты. Редакторды көргенде кезекші екені есіне түсіп кетсе керек ағамыз:
– Бекжан, газет бітті, баспаға жібердік, – деген ғой қазір ғана ойынға қосылғандай түр танытып. Шашы, үсті толы жапырақ. Оны да елең қылмаса керек.
Ертесі әдеттегідей летучкаға жиналдық.
– Кеше газетті баспаға жіберіп, өз шаруаларыммен біраз отырып сыртқа шықсам, Әбекеңнің шахматы қызып жатыр екен. Мені көргенде кезекші екені есіне түсті ғой деймін, «газет бітті, Бекжан» деп қояды. Әбеке-ау, үстіңізге қонған жапырақтар туысқан боп кеткенше тапжылтпайтын не деген ойын бұл, – деп еді Бекең жылы жымиып.
Аманхан аға да саспайды, «ә ойынның қызығымен уақыттың қалай өткенін білмей қаппын ғой» дейді аңқылдап. Әзілі жарасқан, әдепті сақтаған қайран ағалар-ай.
Бекеңнің қарапайымдылығында шек жоқ еді. Бірде көлігінің төрт дөңгелегін ұрылар үптеп кетті. Жоғалғанын түгендегеніне көп болмаған, түн ішінде балконда шылым шегіп тұрса тағы біреулер көліктің жанында құнжыңдап, төрт дөңгелекті шешіп алмақ болып кірісіп жатыр дейді. Полиция шақыра салып, сыртқа ұмтылған Бекеңнің айқайымен көршілері болысып әлгі қулар қолға түседі. Ұрылар ұсталуын ұсталғанмен, істі қарау, материалдық шығынды өндіру ұзаққа созылады. Сотқа сан рет барып, әбден мезі болған Бекеңнің:
– Мен жігіттер ұрлығын мойындап, залалдың орнын толтыра ма деп қате ойлап жүріппін ғой. Сөйтсем олар «Не болды сонша, дүние бүлініп кеткен жоқ. Сол дөңгелек жарылып қалса да жамайсың ғой. Қазақтың жігіттерін соттатқаннан не ұтасың?!» деп қасқайып дүрсе қоя бергенде олар емес, өзім кінәлідей ұялып кеттім ғой, – деп кеңк-кеңк күлгені де көз алдымызда қалыпты.
Шыны керек, «Заң» Бекеңнің салалық журналистикадағы бәсін ғана арттырып қоймай, шығармашылығына да үлкен серпіліс әкелді. «Көршінің қызын» ғана білетін халыққа Роза Әлқожа орындайтын «Мақтааралым – мақпал әнім», Саят Медеуовтің орындауындағы «Мұңайма, қалқам» деген сияқты көптеген мазмұнды әндерін ұсынды.
Бекеңнің өлең жазуы да қызық еді ғой. Газет жұмысымен жанталасып жатқанда жұмыс телефоны шырр ете қалады.
– Келіп кетесіз бе? – дейді Бекең сыпайы. Алып-ұшып жетсең өзі терезенің жақтауында темекінің көп тұманында алысқа көз тастап отырады. Кабинетінде әдемі әуен. «Отырыңыз» дегенді ишарамен көрсетіп, жаңағы әуенді компьютерінен қайта қояды.
– Қалай? – дейді сұраулы үнмен.
– Жақсы екен, ойнақы, – деп қоямын. Енді белгілі бір өнертанушы, өлеңтанушы болмаған соң пікірің де қарабайыр.
Бекеңнің, әрине, көңілі толмайды. Сосын әуенді былай қойып, әннің сөзін алдыңа береді. «Мына бір ұйқас ойымнан шықпай тұр. Қалай ойлайсыз?» – дейді. Ондайда «Атақты Жүрсін Ерман бірнеше күннен кейін түсінетін өлеңдеріңізді біз түсіну үшін біраз күтесіз-ау» дейміз әзілдеп.
«Заң газетіндегі» сол жұмыс кабинеті Бекеңнің нағыз шығармашылығының отанына айналды. Республика сарайында, Студенттер сарайында шығармашылық кешін өткізді. Кейін ғылымға бет бұрып, қара шаңырақ ҚазҰУ-ға ауысты. Бірақ, баяғыдай жаңа әндерін жиі естімедік. Инсульт алыпты дегенде де ұжым болып уайымдағанымыз рас. Азамат аман болса екен деп тілеген едік шын жүректен. Докторлығын қорғағалы жүргенін естігенде де, ойға алғаны орындалса дедік іштей.
Алдыға қойған мақсаты үлкен, елге берері көп еді. Амал бар ма? Артына әдемі ән, мол мұра, салиқалы зерттеулер қалдырған Бекжан Әшірбаев талай журналистің қанатын қатайтып, мықты маман болуына да айтарлықтай еңбек сіңірді. «Заң газетінің» тарихында да Бекеңнің қолтаңбасы жарқырап көрініп тұрары хақ. Қош болыңыз, Беке! Рухыңыз шат болсын!
Айгүл Сембаева
Abai.kz