Блогерлерге де тықыр таянды

Мемлекеттік кірістер комитеті әлеуметтік желіде түрлі жарнамалық материалдар орналастырып, қыруар табыс тауып жүрген блогерлердің салық төлеуге міндетті екенін хабарлады.
«Түрлі ақпарат көздерінен алынған деректерді ұсынылған салық декларацияларының мәліметтерімен салыстыру қорытындысы бойынша 594 тұлғаларға 53,3 млрд теңгеге сәйкессіздіктер белгіленді. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 13-14 ақпан аралығында «кірістерді төмендету» бұзушылықтары бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілді. Хабарламаны орындау мақсатында дербес есептелген салықтарды төлей отырып, қосымша салық есептілігін тапсырады немесе хабарламамен келіспеген жағдайда түсіндірмені ұсыну қажет», делінген комитет хабарламасында.
Өкілетті орган блогерлерге 30 күнге мұрсат беріп отыр. Осы уақыт ішінде қандай да бір жауабын беруі тиіс.
Блогерлер мына әрекеттері үшін салық төлеуге міндетті:
Әртүрлі интернет-ресурстарында онлайн-жарнамаларды жариялағаны, яғни:
- Ақпараттық өнімдерді жылжыту
- Түрлі өнімдерді сату
- Әртүрлі оқыту курстарын сату
- Ұтыс ойындарын өткізу
және тағы да басқа табыс табу көздері.
Әрине, олар біз төлеуге міндеттелген соманың көлемі тым көп деп, келіспейтіндіктерін білдіріп жатыр.
Abai.kz