Зеленскийді кетіру операциясы басталды ма?..

Бұдан 3 жыл бұрын орыс әскері Киевке жақындағанда Ақ үй басшысы Байден мен Еуропа басшылары Зеленскийге бас сауғалап қашуды, шетелде көшпелі үкімет құруды ұсынып, ұшақ жібергені мәлім болған еді.
Зеленский отанын тастап тұра қашуды ар санап, ақырына дейін күресті. Ерік-жігерімен Халықаралық қауымдастықтың қолдауына ие болды. Енді міне, Ақ үйге қайта келген, соғысты тоқтатуды желеу еткен Трамп Кремль қожайыны Путин сияқты Зеленскийді көзге шыққан сүйелдей көріп отыр.
Кеше өзінің жеке меншік әлеуметтік желісінде Украина басшысына орынсыз күйе жақты. БҰҰ-ға мүше әлемнің 143 мемлекеті Путиннің аталмыш "арнаулы әскери операциясын" - "егеменді елге шапқыншылық" деп танып, бір ауыздан Украинаны қолдаған еді. Аузы көпірген Трекеңнің шулы жазбасында керісінше, Ресейді соғыстан зардап шегуші мүсәпір ел етіп көрсеткені, соғысты Зеленский бастағандай өрекпігені жаһан жұртының наразылығын тудырды. Украина басшысын соғысты сауынды сиырға айналдырған диктатор ретінде сипаттауы желдің қай жақтан соғып тұрғанын анық аңғартты.
Әрине, Зеленскийде өзін Американың ғана емес, әлемнің құтқарушы жұлдызы санайтын, бергенін бұлдайтын Трамптан ығып қалған жоқ. АҚШ-тың берген көмегін ине-жібіне дейін қалдырмай есеп берді. Трамп айтқандай 4 пайыз емес, елінің 57 пайызының өзіне әліде сенім білдіріп отырғанын алға тартты.
Анығында Украинада президент сайлауының өтпеуіне Зеленскийдің еш қатысы жоқ еді. Путин сияқты өлгенше билікте қалу ойы болмаған. Президентік сайлауды төтенше жағдайға байланысты шегере тұру - Украина Радасының елдің негізгі заңының 19-тармағына жүгініп қабылдаған шешімі болатын. Оған кінәлі болса, Украинаның астан-кестеңін шығарған Путин кінәлі еді. Ақ ұй басшысының оның жосықсыз сылтауын көзсіз қайталап, Зеленскийді нақақ кінәлауы орынсыз болды. Трамптың досы Англияның бұрынғы уәзірі Борис Жонсон да соғыс жылдары 1935-1945 жылдары Англияда да сайлау өтпегенін жазып, Зеленскийге араша түсті.
Трамптың Зеленскийдің ел ішіндегі беделіне байланысты айтқан 4 пайыздан бөлек, "Ресей әскери қуатының 20 пайызын ғана жұмылдырды, 100 пайыз жұмылдырса саудаң бітті дей бер" дегені орыс пропогандашыларының сөзімен бірдей шықты. Зеленскийдің Трампты "орыстың жалған ақпаратының ішінде малтып жүр" дегені өте орынды айтылған сөз екені анық.
Трамптың Зеленскийге жасаған ақпараттық шабуылынан кейін Еуропа басшыарының да тілі шыға бастады. "Күлтөбенің басында күнде кеңес құрып жүрген" Франция басшысы Макрон "Украина мәселесінде Еуропаның майданы бір" деп мәлімдеді. Соғыстың 3 жылдығына орай, 24 ақпанда Еуроодақ Киевке арнаулы өкілдерін жібермек екен. Олар Украина әскеріне 6 миллиард доллардың оқ-дәрісін ала келмек екен. Сондай-ақ Ресейге жаңа санкция дайындап отыр екен. Десе де сарапшылар қазір Украинаға ең керегі әскер мен қырғыш ұшақтар, алыс аралықты бомбылайтын оқ тұмсықтар дейді. Еуропаның кезекті әскери көмегінде ол жағы қарастырылмапты.
Сөйтіп Путин бастап, Трамп қостап, Зеленскийдің президенттік мерзімінің өтіп кеткеніне шүйлігіп, бірлесіп жаңа ойын бастап отыр. Ресей думасының Зеленскийдің президенттігінің заңсыздығы туралы, оның билігін мойындамау туралы қарар қабылдау ойы бар сияқты. Кеше Ресей думасы төрағасының бірінші орынбасары Петр Толстой "Соғысты тоқтатудың алғы шарты Украинада сайлау өткізу" деп, ол да тіл қатыпты. Ал Украинаның бұрынғы президенті Порошенко "мемлекетті құтқаратын жаңа үкімет жасақтау керек" деп партиясы атынан жаңа бастама көтерген.
Жайлы бөлмеде, жер шарының арғы бетінде жатып алып соғыс тағдырын шешпек болғандардың түрі мынау... Ал соғыстан зардар шегіп отырған қарапайым жұрттың пікірі қандай?
ВВС-дің журналистері соғыс болып жатқан жерлерге барып украин азаматтарының пікірін біліпті. Қауіпсіздікке байланысты олардың тұрғылықты жері мен атын жасыруды жөн көрген. Сумскі тұрғындарының есімдері ғана нақты жазылған. Орыс әскерінің шабуылына еті үйренген олардың бәрі соғыстың тоқтауын қалайтынын айтқанмен бір ауыздан "Путинге сенбейміз" деген. Кеңес армиясында 30 жыл қызмет еткен 70 жастағы қария ұлымен немересінің қолына қару алып отанын қорғап жүргенін мақтанышпен айтып, "орыстар Путинді құдай көреді, өлсе де өзгермейді" депті.
Ұрыста аяғынан айырылған солдат Украина жасаған құны 350 долларлық дронмен орыс танклерін қалай жойғанын, нақты айғақпен, бейне жазбамен көрсетіпті. Танклердің бәрі Ресей туын емес, Кеңес одағының орақ пен балға белгіленген туын қадап алған деп жазады ағылшындық журналистер.
Abai.kz