Жұма, 21 Ақпан 2025
Жаңалықтар 540 1 пікір 20 Ақпан, 2025 сағат 14:55

Алматы облысының бұрынғы әкімі Мұсаханов қайтыс болды

Сурет: tengrinews.kz сайтынан алынды.

Қаралы хабарды Парламент Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев хабарлады.

"Қоғам және мемлекет қайраткері, ардақты азамат, асыл дос Мұсаханов Аңсар Тұрсынханұлының дүниеден озуына байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Осындай ауыр күнде қаралы көңілдеріңізге жұбаныш, қайысқан қабырғаларыңызға медет тілеймін. Аңсар Тұрсынханұлы еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласынан бастап, ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты, ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Алматы облысының әкімі, Жамбыл, Қарасай аудандарының әкімі лауазымдарын зор абыроймен атқарып, облыстың, ауданның қоғамдық-саяси қызметтердің ортасында жүріп, жауапты қызметтерде халықтың ризашылығына бөленген ардақты жан еді", - деп жазды ол.

Алматы облысының әкімдігі Аңсар Мұсаханов 19 ақпанда кенеттен қайтыс болғанын хабарлады.

Аңсар Мұсаханов 1966 жылы 31 шілдеде Алматы облысы Айдарлы ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласынан бастаған. Әр жылдары Алматы облысының Жамбыл және Қарасай аудандарының әкімі, Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болған.

2011-2014 жылдары Аңсар Мұсаханов Алматы облысының әкімі қызметін атқарды. 2014 жылдан 2020 жылға дейін Парламент сенаторы болды. "Құрмет" орденінің иегері.

Abai.kz

1 пікір