Сейсенбі, 18 Наурыз 2025
Анық-қанығы 252 0 пікір 18 Наурыз, 2025 сағат 13:50

«Азаттыққа» араша!

Сурет: qaz.ulysmedia.kz сайтынан алынды.

Халықаралық баспасөз институты (IPI) дүйсенбі, 17 наурызда Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕР/АР) мен басқа да америкалық БАҚ-тарға қолдау білдіріп мәлімдеме жасады. АҚШ президенті Дональд Трамп жеті мемлекеттік агенттіктің қызметін қысқарту туралы жарлық шығарғаннан кейін ол мекемелердің жабылу қаупі төнген. Қысқарту ұсынылған мекемелер арасында АЕР/АР, "Америка дауысы", Азат Азия радиосы, Куба мен Латын Америкасына хабар тарататын Марти радиосы, Таяу Шығыстағы хабар тарату желілері (MBN) және Ашық технологиялар қоры сияқты ақпарат таратушы ұйымдарға жетекшілік жасайтын АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) де бар.

ІРІ мәлімдемесі мен талабы

IPI Трамп әкімшілігінің шешімін қатты сынға алды. Институт мәлімдемесінде атап көрсетілгендей, кемінде үш БАҚ – "Америка дауысы", Азат Еуропа/Азаттық радиосы және Азат Азия радиосы – авторитар режимдері бар елдер үшін аса маңызды ақпарат көзіне жатады. Бұған дейін Совет одағының қоластында болған халықтарға, ал қазір Иран, Қытай және Солтүстік Корея сияқты елдерге маңызды ақпарат жеткізіп отыр деген ІРІ.

Азат Азия радиосының президенті Бэй Фань Трамптың шешімін "диктаторлар мен деспоттарға арналған сыйлық" деп атады. Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті әрі бас атқарушы директоры Стивен Капус егер радио жұмысын тоқтатса, онда "Ирандағы аятоллалар, қытайлық коммунистік басшылар және Мәскеу мен Минскідегі автократтар 75 жылдан кейін Азат Еуропа/Азаттық радиосының таратылғанын тойлайтын болады. Қарсыластарымыздың қолына жеңісті тапсыру оларды күшті етіп, Американы әлсіретеді" деді.

IPI АҚШ үкіметінен шешімін өзгертуін және өз медиа ұйымдары мен олардың қызметкерлерін қорғауды талап етті.

Еуропа елдері де Азаттық радиосына қолдау білдірді

Дүйсенбі, 17 наурызда Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас Еуроодақ өз қаржы көздерінен Азат Еуропа/Азаттық радиосының қызметін қаржыландыру мүмкіндігін қарастырады деп мәлімдеді. Алайда ол Еуропа бұл мәселені "автоматты түрде" шешемін деп уәде бере алмайтынын да айтты.

Чехияның сыртқы істер министрі Ян Липавский жексенбіде жасаған мәлімдемесінде АЕР/АР және "Америка дауысы" медиалары қызметінің маңызын айта келе, оларды авторитаризм жағдайында өмір сүріп жатқан халықтарға "шамшырақ" іспеттес деп атады. Липавский Еуропа елдерін АЕР/АР-ға қызметін жалғастыруға мүмкіндік беретін қаржы іздеп табуға үндеген.

Польшаның сыртқы істер министрі Радек Сикорский АЕР/АР мен басқа да БАҚ-ты қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін Еуропаның демократия қорының бюджетін ұлғайтқан жөн болар еді деген ой айтты. "Бұлар – лайықты институттар, олардың миссиясы жалғасуы тиіс", – деді Сикорский.

Журналистік ұйымдар мен халықаралық қауымдастықтың реакциясы

АЕР/АР және "Америка дауысы" медиаұйымдарына қолдау білдіріп жатқандар арасында көптеген америкалық және халықаралық журналистік ұйымдар, соның ішінде Ұлттық баспасөз клубы, "Шекарасыз тілшілер" ұйымы, Журналистерді қорғау комитеті, т.с.с. бар. Брюссельде орналасқан шетелдік тілшілер ассоциациясы (API-IPA) өз мәлімдемесінде АЕР/АР журналистерін "толық қолдайтынын" айтып, ұйымды қаржыландырудан айыруды тәуелсіз журналистика мен баспасөз еркіндігіне жасалған соққы деп бағалаған.

Сол сияқты, АЕР/АР хабар тарататын аймақтарды тұратын жекелеген құқық қорғаушылар, саяси сарапшылар мен журналистер де цензура орнаған және сөз еркіндігі шектелген елдердегі халықтар үшін Азаттық маңызды ақпарат көзі екенін, оның қызметінің тоқтаса, орны толмас өкініш болатынын айтып отыр.

Кремльдің жүргізіп отырған саясатының кесірінен шетелден жұмыс істеуге мәжбүр болған ресейлік тәуелсіз медиалар да Азаттық радиосына қолдау танытқан. "Новая Газета – Европа" басылымы Азаттық радиосын қолдайтынын жеткізіп, "қазіргі уақытта бұл Ресей аймақтарындағы оқиғалар туралы цензурадан ада маңызды ақпарат көзі, ол тек Ресей тұрғындары үшін ғана емес, сонымен бірге соғыстың аяқталуын қалайтын бүкіл демократиялық әлем үшін маңызды" деп жазған.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы – АҚШ Конгресі бөлген грант есебінен USAGM арқылы қаржыландырылатын тәуелсіз медиакорпорация. Азаттық радиосы жұмысын 1953 жылғы 1 наурызда бастаған. Орталық Азия елдері тілдерінде (арасында қазақ тілі де бар) хабар тарататын Түркістан редакциясы 1953 жылғы 18 наурызда алғаш рет эфирге шыққан еді.

USAGM – апта сайын 360 миллионнан астам адамға 50-ге жуық тілде жаңалық хабар тарататын ұйымдарды қадағалайтын АҚШ-тың тәуелсіз мемлекеттік агенттігі.

Дереккөзі: Азаттық радиосы

Abai.kz

0 пікір