Қоянбаев: «Ауылдағының аузы сасық па?»

Жақында өткен Үкімет отырысынан мәлім болғандай биыл еліміздің мәдени кеңістігін жаңа мүмкіндіктер, жаңа жобалар күтіп тұр. Шілденің біріне дейін Креативті индустрияны дамыту қоры құрылатын болды.
Салаға жауапты министрлік өкілдерінің сөзінше, қордың бюджеті ұлттық лотерея операторы қызметінен бөлінетін 3% аударым есебінен қалыптастырылады.
«Қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі – креативті индустриядағы венчурлық инвестицияларды дамыту. Осыған байланысты АХҚО базасында басқарушы компаниялардың пулын тарта отырып, жедел және қайтарымды негізде ақшалай қаражатты тиімді орналастыруға мүмкіндік беретін венчурлық бөлімше құрылатын болады», – дейді.
Креативті индустрияның жілікті саласы саналатын кино өкілдерінің де өз айтары бар екен. Қазақ киносының рекордын орнатқан «Бизнес по казахский» жобасының авторы Нұрлан Қояанбаев сала мамандары бас қосқан келелі кеңеске өзінің шақырылмағанына наразы екен.
«Мемлекеттік деңгейде киноға байланысты жиындар өтіп жатыр! Қазақ киносының атынан осы жиында Александр Владимирович Аксютиц, Игор Цай т.б кино мамандар қатысыпты. Оларға қарсылығымыз жоқ, бірақ бізді неге шақырмайды? Осындай маңызды жиындарға «ауылдан» шыққан продюсерлерді де шақырыңдаршы. Осы жиында өкінішке орай, 30 жыл киноға миллиардтап ақша бөлінгені туралы айтылмады, сол ақша мағыналы киноларға жаратылу керек еді… Ол ақшаларды кім алды», - деп өкпе-ренішін білдіріпті.
Оның айтуынша, әзілкештер түсірген кинолар қазақ кино нарығынан ойып орын алып, Голливудтың қомақты қаржыға түсірген киноларын ығыстырған.
«Осыдан 7-8 жыл бұрын кинотеатрларда көрсетілген кинолардың 99,9% шетелдік кинолар болған, яғни 99,9% ақша шетелге кетіп жатты! 30 жыл бойы! Қазақ тілінде кинолар кинотеатрларда көрсетілмеді!
Қазақтың жігіттері мен қыздары бірігіп, өз ақшаларына, мемлекеттен қаражат алмай кино түсіре бастады, қолдан келгенше! Бүгін 80-100 млн долларға жуық қазақ киносаласы қалыптасты! Саладағы барлық мамандар жұмыспен қаматамасыз етілді! Шетелдік кино дәуірі аяқталды», - дейді Қоянбаев.
Үкіметке де айтар ұсыныс-кеңестері бар екен:
«Президентіміз айтқандай, әр саланы көтеру үшін мықты басшылар керек. Кино саласына мықты басшы керек! Айтпақшы, Голливудта киностудиялардың басшылары режиссерлар емес, мықты бизнес менеджерлер!
Кім айтты Голливудттың барлық киносы жақсы деп?! 2024 жылы Қазақстанда Голливудтың 200-ге жуық киносы көрсетілді. Өзіңізге ұнаған киноларды атап өтейікші, мысалы, Король Лев, Муана, Гладиатор, Дюна… Тағы көп болса 5-6 киноны айта аламыз, қалған 190 Голливудтың киносын кім көрді, көңілден шыққан жоқ. Бізде де солай 100 қазақтың киносы шықты, оның 5-6-сы ғана көңілден шықты, қалған 94 кино әлсіздеу. Өзімізді жамандай бермей, бір бірімізді қолдап жүрейік», - деп жазды продюсер.
Abai.kz