Сенбі, 29 Наурыз 2025
Әдебиет 958 0 пікір 26 Наурыз, 2025 сағат 11:49

Мексикалық ақын: Абай – интеллектуал реформатор!

Сурет: Автордың жеке альбомынан алынды.

Беатрис Сааведра Гастелум – 1971 жылы туған мексикалық ақын. 23 жыр жинағының және 2 эссе кітабының авторы. Өлеңдері ағылшын, француз, грек, италия, қытай, неміс тілдеріне аударылып, көптеген антология мен басылымдарда жарияланған. Ол – бірқатар халықаралық сыйлықтардың лауреаты: Cesar Vallejo Cultural Excellence Award (Перу), Alejandra Pizarnik International Literature Prize (Испания), Аward of Arte Letterarie: Il Canto di Dafne (Италия) т.б. Беатрис ана тілі испаншадан бөлек, ағылшын, француз және италия тілдерін меңгерген. Ол Испанияда шығатын «Diario» және Мексикада шығатын «El Capitalino» басылымдарының «Мәдениет» айдарларын жүргізеді. Сонымен қатар, UNAM Мемлекеттік зерттеу университетінде қызмет атқарады. Б. С. Гастелум – аталған ЖОО мен Мексика Ұлттық тарих академиясы бірлесіп ұйымдастыратын  Халықаралық «La Mujer en the Letters» фестивалінің негізін қалаушысы әрі директоры.


– Құрметті Беатрис, сіздің жырларыңызды оқысам, Артемиса, Зевс, Аполлон т.б. кейіпкерлерді жиі өлеңге қосады екенсіз. Поэзияңызда грек мифтерін негізге алуыңыздың себебі неде?

– Грек мифтерінің мәңгілік әрі әлемдік сипатына тәнтімін. Онда адамзатқа қатысты ұлы мәселелер қамтылған. Сонымен қатар, қаншама мың жыл өтсе де, әлі күнге дейін өзектілігін жоймаған. Яғни, өмірдің мәні, түрлі кикілжіңдер, ұлы құдіретті іздеу т.б. тақырыптар бар. Кітаптарымда өткен мен бүгін арасындағы мифтік диалогты қамтуым менің шығармашылығыма ғарыштық өлшем береді. Жырларымда, әсіресе, Артемида мен Ифигения жиі кездеседі. Өйткені, олар – еркіндіктің, күштің, қарсылық көрсетудің символы. Мұндай қасиеттер, меніңше, өмірде ғана емес, өлеңде де керек.

– Сіздің поэзияңыз елдің мәдени мұрасы ретінде Ұлт Үні Кітапханасының тізіміне енген. Демек, жырларыңызда Мексика мәдениеті де көрініс табатын болғаны ғой. Еліңіздің руханияты, әдет-ғұрпы жайлы қысқаша болса да, айтып өтсеңіз.

– Иә, расында да, Мексиканың мәдениеті мен тарихы менің поэзияммен біте қайнасып жатыр. Менің өлеңдерім елімнің руханиятынан тамыр тартады. Заманауи оқырмандарға Отанымның мәдениетін таныстырсам деймін. Мексика жерінде көне дәуірлерде болған өркениеттердің әдебиеті, бейнелеу және сәулет өнерлері – мен үшін шабыттың таусылмас қайнар көзі. Халқымның мәдени мұрасын, құндылықтарын заманауи тұрғыда жырлаймын. Шығармашылығымда Мексикаға испандар келгенге дейінгі кезең, байырғы үндістердің заңдары, әнұрандары, тарихы қамтылған. Сондай-ақ, испандар жаулап алғаннан кейінгі нәсілдердің араласу үдерісі де назарымнан тыс қалған жоқ. Мексика әрдайым өткен мен бүгіннің, дәстүр мен заманауи үрдістердің өзара сабақтастығын табуға тырысады. Мен де туындыларыма мәдениеті сан алуан, көп қырлы Мексиканы арқау етемін. Шығармашылығымды бабалар мен бүгінгі ұрпақ арасындағы көпір дер едім. Бір сөзбен айтқанда, төл тарихыңнан, өз мәдениетіңнен тамыр үзбей-ақ, заман көшіне ілесуге болады. Мен осыны көрсеткім келеді.

– Ақын ретінде поэзияда тағы қандай тақырыптар сіз үшін маңызды?

– Менің шығармашылығым адамның жай-күйі, кеңістік және уақыт төңірегінде айналып жүреді. Өйткені, кеңістік – адамның айнасы. Кеңістік кісінің психологиясына, дүниетанымына әсер етеді. Сондай-ақ, жалған ғұмыр, уақыттың тұрлаусыздығы, өмірдің мәні мәселелерін қарастырамын. Өзімнің тұжырымдарымды оқырмандарға таңбаймын. Бірақ оларды өз арына үңіліп, өмірдің мәні жайлы ойға шомуға жетелеймін.

– Поэзияны бір сөзбен қалай суреттер едіңіз?

– Поэзия деген – үздіксіз қозғалыс; өзің мен өзгелер арасындағы диалог; өткен мен бүгіннің сабақтастығы; кездесуге арналған кеңістік.

– Ақындығыңыздан бөлек, зерттеушілігіңіз де бар. Екі эссе кітабыңыз жарық көрген. Онда әдебиет теориясын, қаламгерлердің шығармашылығын талдап, зерделейсіз. Сіздің зерттеулеріңіздің ішінде, әсіресе, Хулио Кортасар жайлы материалдарыңыздың орны бөлек. Бұл қаламгердің туындылары сізді несімен тартып, қызықтырды?

– Хулио Кортасар (1914-1984) – аргентиналық жазушы. Бірақ 1951 жылдан бастап әдеби стипендия алып, Еуропаға қоныс аударған, Парижде тұрған. Көптеген роман, әңгіме, пьеса т.б. жанрлардағы шығармалар жазып қалдырған. Маған Хулио Кортасардың жазушылық жайлы пікірлері ерекше көрінді. Оның ойынша, қаламгер тұрмыстан біржола ажырау керек. Кортасар жазушылықты өнер деп қана емес, өмір салты деп қарастырған. Ол үшін жазу – мамандық емес, ойын, көңіл-көтеру және адамдарды сөз арқылы зерттеу. Кортасардың «жазушылық – сөзбен және тұжырымдармен ойнауға әзір болу» деген көзқарасына тәнтімін және мұны өз шығармашылығымда қолдануға талпынамын. Сонымен қатар, аргентиналық сөз зергері оқу мен жазуды тығыз байланысты санаған. Яғни, бір кітапты оқығаннан кейін сіз міндетті түрде оған қатысты бірдеңе жазуыңыз керек. Ол кітапты аударасыз ба, зерттеу немесе танымдық мақала жазасыз ба, пікірталас ұйымдастырасыз ба, әлде жаңа тіл үйренесіз бе, әйтеуір, оқыған кітабыңызға қатысты жаңа бір жазба дүниеге келу қажет немесе жаңа қабілетіңіз ашылуға тиіс. Әйтпесе, кітапты толыққанды оқыған, сіңірген болып есептелмейсіз. Кортасардың осы пікіріне мен де қосыламын, шығармашылық үдеріске қатысты менің пайымымды қалыптастырды.

– Әдебиетке келуіңізге кім әсер етті?

– Бала кезімнен кітап оқуды жақсы көрдім. Әлі күнге дейін кітап мен үшін әлемге қарайтын, жаһанды танитын терезе іспетті. Сондай-ақ, шығармашылық қабілетім оянуына көптеген ақын-жазушының туындылары түрткі болды. Әр қаламгердің шығармасынан танымымды байытатын, дарынымды оятып, жетілдіретін қазына тауып отырдым. Әсіресе, Октавио Пас, Пабло Неруда және Хуана Инес де ла Крус тәрізді ақындардың шығармашылығы жаныма жақын келді. Олардан адамның өзі үні мен ұлттық мәдениет дауысын қатар шығаруға болатынын үйрендім. Сонымен қатар,  елімнің терең тарихы, бай мәдениеті де қаламгер болып тууыма, дамуыма ықпал еткені сөзсіз. Бір күнде ақын болып кеткен жоқпын. Жылдар бойы ақын болып қалыптастым. Поэзия – мен үшін тек өлең жазу ғана емес, сонымен бірге, өмір сүру тәсілі, үнсіздікті есту, көрінбейтінді көру жолы. Өлең жазудан өмірдің мәнін табамын. Бұл – ешқашан тоқтамайтын үздіксіз қозғалыс.

– Адамзаттың басты қателіктері не деп ойлайсыз? Ғаламшардың келешегіне қатысты пікіріңіз қандай?

– Егер адамзаттың қателіктеріне сөз өнері арқылы үңілетін болсақ, онда әдебиет сынық айна іспетті болар еді. Өйткені, әдеби шығармалардан адамның ең ұсқынсыз бейнесін, ең жиіркенішті қателіктерін көреміз. Ежелгі Грекияның тәкәппарлықтың кесірінен құрдымға кеткен қаһармандарынан бастап, заманауи прозаның ішкі арпалысқа түсетін кейіпкерлеріне дейін, барлық бейне, барлық шығарма оқырманды өзіне есеп беруге, қателіктерін сарапқа салып, ойлануға шақырады. Достоевский, Камю, Гарсиа Маркес сықылды жазушылар кісінің қателігін моральдық, әлеуметтік, саяси, яғни барлық жағынан қарастырып, өзгеруге үндейді. Ал Олдос Хаксли және Джордж Оруэлл сияқты авторлар адамгершіліктен айрылсақ, қандай антиутопиялық болашаққа тап болатынымызды көрсетті. Бірақ әдебиет тек ескертіп қана қоймайды, сонымен бірге, жақсылыққа ынталандырады. Мәселен, Октавия Батлер немесе Урсула К. Ле Гуин секілді қаламгерлер келісім мен жанашырлықтың арқасында әділ қоғам, гүлденген әлем қалыптастыруға болатынын бейнеледі.

– Демек, сіздіңше, жазушылар шығармаларында жақсылықты насихаттап, жамандықпен күреседі. Ал жер бетіндегі соғыстарды тоқтатуға әдебиет қауқарлы ма?

– Сөз өнерінің адамды, қоғамды өзгертетін айрықша күші, сұрапыл қуаты бар. Себебі әдебиет адамның санасы мен жүрегінің терең қатпарларына шуақ түсіріп, әсер етеді. Кітаптарға жанашырлық, өзара түсіністік пен татулықтың дәні егілген. Әдеби туындыны қолына алып, оқуға кіріскен кісі оның жемісін жемеуі мүмкін емес. Әлбетте, сөз өнері майданды шұғыл арада, дәл осы мезетте тоқтата алмауы мүмкін. Алайда әдебиет соғыс сұмдықтарын соқырға таяқ ұстатқандай қылып түсіндіріп бере алады. Мысалы, Эрих Мария Ремарктің, Светлана Алексиевичтің шығармаларын айталық. Ал Толстой немесе Тагор ізгілікке шақырады, өзімізді өзгенің орнына қойып қарауға үйретеді. Халықтардың бір-бірінен айырмашылығынан гөрі, ұқсастығы көп екенін, яғни, бәріміз де ет пен сүйектен жаралған адам екенімізді, бәрімізде жүрек, сезім бар екенін ұқтырады. Сол себепті, әдебиет соғысты тоқтататын нақты құрал, соңғы шешім болмаса да, бейбітшілікке адамдардың сана-сезімі, жан-жүрегі арқылы ықпал ете алады. Жалпы, әдебиетке өміріңді арнау дегеніміз – жақсы әлем жайлы армандау, барлық жамандық атаулыдан пананы сөз өнерінен табу.

– Қазақ әдебиетінен хабарыңыз бар ма?

– Сіздің ұлтыңыздың сөз өнері тамырын тереңнен алатынын білемін. Қазақ ауыз әдебиеті эпикалық дастандарға, халық әндеріне, аңыз-жырларға бай. Осындай баға жетпес қазына арқылы елдің тарихы мен танымы ауыздан ауызға тарап, ұрпаққа жалғасып отырды. Қазақтың бас ақыны, ойшыл әрі жазба әдебиеттің негізін қалаушы – Абай Құнанбайұлы (1845-1904). Ол – ақын ғана емес, сондай-ақ, интеллектуал реформатор. Абай шығармашылығы арқылы халқын ғылым-білім тұрғысын дамытуға, өрге сүйреуге ұмтылды. Оның поэзиясы мен қара сөздерінде қазақтың жаны, құндылықтары, дәстүрі, тіпті, күресі де көрініс тапқан.

– Мексика үкіметі әдебиетті қолдай ма? Сізбен отандас қаламгерлердің жағдайы қалай?

– Біздің елдің билігі әдебиет ұлт мәдениетін сақтаудың, байытудың және насихаттаудың басты іргетасы, өзегі екенін жақсы түсінеді. Сондықтан шығармашылық өкілдерін қолдау бағытында жұмыс істейтін түрлі мекемелер бар. Солардың ең бастыларының бірі – Мәдени жобалар мен шығармашылықты қолдау жүйесі. Бұл бағдарлама әртүрлі бағыттағы өнер адамдарына, соның ішінде қаламгерлерге де стипендия тағайындап, қаржылай қолдауға арналған. Яғни, шығармашылық өкілдері белгілі бір жобаны жүзеге асыру жолында ешқандай қаражат тапшылығын сезінбеуі үшін жұмыс істейді. Осы секілді мемлекеттік және аймақтық деңгейдегі көптеген ұйым бар. Ал Экономикалық мәдениет қоры және Ұлттық өнер және әдебиет институты секілді мекемелер арқылы ел үкіметі мексикалық авторлардың кітабын шығаруға қолдау білдіреді. Қаламгерлер арасында түрлі әдеби байқаулар да ұйымдастырылып тұрады. Сонымен бірге, кітап оқуды насихаттайтын «Мексика – оқырмандар елі» деген жоба іске асырылуда. Әдебиет саласында кей келеңсіздіктер мен мәселелер де бар, әрине. Бірақ жоғарыда аталған жобалардың арқасында Мексикаға және шетелдерге де танылған қаламгерлер шығып жатыр. Яғни, «мүлде ешқандай қолдау жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас.

– Оқырмандарымызға қандай тілек айтасыз?

–  Кітап оқып, терең сезім мен ұлы идеяларға кенелуіңізді тілеймін. Әдебиет танымыңызды кеңейтіп, руханиятыңызды байытқай. Кітаптан әркім өзіне керекті кеңесті тапса екен. Әдебиет сізді дұрыс жолға бастайтын компасыңыз болғай.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Алпамыс Файзолла

Abai.kz

0 пікір