Сенбі, 29 Наурыз 2025
46 - сөз 1881 0 пікір 26 Наурыз, 2025 сағат 12:58

Башқұрт бейнебаяны: Хомай деген кім дейсіз ғой?..

Сурет: repost.uz сайтынан алынды.

Хомай, хомай деп шулап болдыңыздар ма?

Ұмай, Құмай, Сұмай... Шаманизм дей ме, орыстардың әдейі істеп отырғаны дей ме, арабтың, парсының аңызы дей ме... Әп-әдемі башқұрт қызының әдемі бейнебаянынан әр адам өзі не көргісі келді, соны көрді.

Желіде шулаған мыңдаған пікір айтушының ішінде Орал батыр деген не дастан өзі деп ізденген біреу болды ма?

Башқұрт қыздың салған әні осы эпостың, Орал батыр туралы жырдың негізінде жазылған.

Оқысаң, қызық. Тура біздің батырлар жырындағыдай.

Жанберді мен Жанбике деген кемпір мен шал болыпты. Қартайғанда екеуі елін, жерін тастап, айдалаға кетіп, сол жерде Орал мен Шүлген деген екі ұл туып алыпты...

(Айтпақшы, башқұрттар кезінде Сыр бойын жайлаған, кейін солтүстікке, Орал тауына қарай көшкен деген мәлімет бар).

Хомай деген кім дейсіз ғой?

Башқұрт аңызында Самрау деген көк тәңірі бар, өзі киелі құс көрінеді. Әділет пен бейбіт өмірдің символы. Самраудың екі әйелі болыпты, бірі - Ай, бірі - Күн. Сол екі әйелінен екі қыз туады, бірі - Хумай - Сомай (Күннен), бірі - Айхулу - Айсұлу (Айдан). (Олардың «Х»-лары біздің «С» боп тұр ғой).

Осы екі қызды диюлардың, жылан елінің патшасы ұрлап әкетіпті.  Қысқасы, Орал батыр барып Самраудың екі қызын құтқарып, еліне қайтарады. Жырдың көп жері Авестаға келеді.

Айтпақшы, Орал батырдың аңыздағы мықты тұлпары - Ақбозат. Ақбозатты Орал батырға Самраудың өзі сыйлаған екен. Қараңызшы, кәдімгі біздің Ақбозат! Ол туралы башқұртта бөлек «Ақбозат» деген жыр бар.

Оралдың балаларының аттары да құлаққа таныс - Еділ, Жайық, Сақмар, Нөгөш. Орал жақтағы төрт өзеннің аты.

Хомайдың өзі - аққу. Киелі құс.

Оралдың бауыры Шүлгенді мыстан алдап, аюға, сосын қасқырға, сосын арыстанға айналдырады. Шүлген зұлымдық жағына шығып, бауырымен шайқасқа түседі. Шүлгеннің кесірінен жердің бетін топан су басыпты дейді. Таныс сюжет, иә?

Орал шайқасып жүріп, жерді аман алып қалыпты, топан су тартылып, кері шегініпті.

Жырдың ортасында Орал батыр бар дұшпанын жеңіп, олардың өлі денелері тау болып үйіледі, батырдың өзі де қаза табады. Орал тауы солай пайда болыпты. Батырдың қаны сол таудан шығатын бағалы қазынаға айналған дейді.

Жыр Оралдың ұлдары - төрт батырдың ерліктерін сипаттаумен аяқталады.

Керемет аңыз. Қазаққа таныс, түркі тамырына, көшпелі халықтың рухына жақын әдемі дастан. Әннің көшпелі өркениеттің соңғы жұрнағы - қазақтардың тарихи жадын оятып, делебесін қоздыруы бекер емес.

Түркі халықтарының түп тамыры бір екенінің айқын мысалы – ол.

Енді осы жырдың негізінде туған әдемі әнге тамсанудың орнына, бауырластық, жақындық деген әдемі жылы сезімді сезінудің орнына, ойбай, сен арабқұл, сен шаман деп қырық пышақ боп, бірімізді біріміз жеп жатырмыз. Ұят-ай...

Осы бар ғой, ертең қазақтың бір қызы Қыз Құртқа жайлы жырлап, әдемі клип түсіріп, ән салса, әлгіден бәлен мін тауып, байғұс қызды түтіп жеп қоямыз-ау. Айолаң башқұрт болып аман қалды. Оны да башқұрттар сынап жатыр дейді. Соған қарағанда, сөзсіз, олар біздің нағыз бауырымыз-ау...

Еңлік Ақдәулеттің жазбасы

Abai.kz

0 пікір