ҚазҰУ-да Наурызнама онкүндігі кең көлемде тойланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінде көктемнің шуақты мерекесі – Наурызнама онкүндігі жоғары деңгейде атап өтілді.
Бұл шара дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесім тапқан мерекесіне айналып, студенттер мен оқытушылардың басын қосты.Наурыз – көктемнің, жаңарудың және бірліктің мерекесі. ҚазҰУ қабырғасында жыл сайын ұйымдастырылатын Наурызнама онкүндігі барысында студенттер мен оқытушылар қазақ халқының бай мәдени мұрасын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртты. Биылғы мерекелік іс-шаралар легі ерекше мазмұнға ие болып, білім ордасында ұлттық киімдер күні, салт-дәстүр көрмесі, ұлттық ойындар сайысы, ақындар айтысы және қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы көрісу (амал) мерекесін ерекше атап өтті. «Көрісу» сөзінің өзі адамдардың кездесіп, қол алысып, амандық-саулық сұрасуын білдіреді. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, бұл дәстүр көне түркі заманынан бастау алады және көшпелі халықтардың табиғатпен етене байланысын көрсетеді.
Көрісу күні жалпы таңертеңнен басталады. Жастар үлкен кісілердің үйіне барып, қол алысып, бата сұрайды. «Жасың құтты болсын!» деп айтылып, адамның жасына жас қосылғаны атап өтіледі. Бұл күннің тағы бір ерекшелігі – адамдардың бұрынғы өкпе-назын ұмытып, бір-бірімен татуласуы. Енді қиындық жоқ, адамның аузы аққа (уызға), малдың аузы көкке тиді деп адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, қауышуы, ұлы той деген ұғым болса керек.
Кейбір өңірлерде көрісу бірнеше күнге созылады. Үйлерде арнайы дастарқан жайылып, наурызкөже, бауырсақ, қымыз, шұбат секілді ұлттық тағамдар дайындалады.
Наурызнама онкүндігі тек мерекелік көңіл-күймен шектеліп қалмай, әлеуметтік және экологиялық жобалармен де ерекшеленді. ҚазҰУ еріктілері қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырып, жиналған қаражатты мұқтаж жандарға бағыттады. Сонымен қатар, студенттер ағаш отырғызу акциясына қатысты. Оқу ордамызда өткен Наурызнама онкүндігі жастарға ұлттық мәдениетіміздің терең мәнін ұғындырумен қатар, оларды береке мен бірлікке үндейтін тамаша дәстүрге айналды. Осындай іс-шаралар арқылы университет ұжымы тек білім ордасы ғана емес, мәдениеттің, рухани құндылықтардың, ұлттық дәстүрлердің ордасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Турсынкулова Д.А.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті, з.ғ.к.
Abai.kz