Бейсенбі, 24 Сәуір 2025
Бірлік 256 0 пікір 24 Сәуір, 2025 сағат 17:57

ҚХА 30 жыл: Бірлікке және жаңғыруға бағыт

Коллаж: Abai.kz

Елордада Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы өтті. Кеңейтілген отырыста  Президент еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің айнасы саналатын Ассамблеяның рөліне ерекше тоқталды.

 «Бұл – бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сессия барысында Президент Ассамблеяның ел дамуындағы стратегиялық рөлін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының тек көрініп тұрған бастамалармен ғана емес, көзге көрінбейтін, бірақ терең мәні бар жүйелі жұмыстарымен айналысатынын айтты.

«Өткен жылдың өзінде Ассамблея еліміздің барлық өңірінде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Оған 1 миллионға жуық адам қатысты. Бұл – ауқымды қоғамдық күш пен халықтың белсенділігінің айғағы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жалпы, ел бірлігін нығайту ісінің стратегиялық маңызы ерекше екенін айтты.

«Соның айқын дәлелі ретінде Ассамблеяның «Ел бірлігі» ордені атты жаңа мемлекеттік награда тағайындалды. «Бірлік» ұғымы қазіргі дүние жүзіндегі тұрақсыз жағдайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе, біздің айналамыздағы кейбір елдерде не болып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан шын мәнінде, «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат», - деді Президент.

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.

Ассамблея–азаматтық бірегейлік пен келісімнің өзегі

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Расул Ахметов  2025 жылды еліміз үшін ерекше белес деп атап өтті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – жай ғана мерейтой емес, бұл – ортақ тарихымыздың, өзара сенім мен түсіністіктің символы. Ассамблея – осы жылдар бойы еліміздің тұрақтылығы мен татулығының темірқазығына айналған бірегей құрылым», - деді Расул Ахметов.

1995 жылы құрылған Ассамблея әлемде теңдесі жоқ саяси институт ретінде қалыптасты. Үш онжылдық ішінде ол еліміздегі азаматтық келісім мен ұлтаралық бірліктің кепілі болды. Бүгінгі таңда Ассамблея – этномәдени бірлестіктердің жиыны ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, нақты шешімдер қабылданатын, түрлі бастамалар мен жобалар жүзеге асырылатын ашық диалог алаңы. Ол ел өміріндегі маңызды реформалар мен өзгерістерге белсене атсалысып келеді.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған жас көшбасшы ретінде, бұл – ерекше жауапкершілік. Азамат және қоғам белсендісі ретінде қалыптасуым Республикалық «Жарасым» жастар ұйымының құрылуына қатысудан басталды. Ұйымның басты мақсаты – ұлтаралық татулық пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру, жастардың ел болашағына деген жауапкершілігін арттыру. «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің өкілі ретінде мен мәдени бірегейлікті сақтау мен ұлттық бірлікті нығайтудың маңызын терең түсінемін. Бүгінгі Қазақстан – әрбір этнос өкілі өзін біртұтас ұлттың мүшесі ретінде сезінетін мемлеке», - деді Расул Ахметов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтаралық келісім мәселесін әрдайым мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде атап өтеді. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауларында Ассамблеяның жастармен жұмысты жандандыру, цифрландыру үдерісін жетілдіру, қазақ тілін насихаттау бағыттарында жаңғыру драйверіне айналуы қажеттігіне ерекше мән берілді. Президент бастамасымен іске асырылып жатқан әлеуметтік жобаларда ҚХА азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда, еліміздегі барлық этностардың тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарауды насихаттауда үйлестіруші рөл атқаруда.

«Бүгінде Ассамблея жаңа кезеңге қадам басуда. Жастармен жұмыс күшейтіліп, «Ассамблея жастары», «Жаңа толқын» жобалары, еріктілер қозғалыстары, мәдени фестивальдер мен ағартушылық марафондар арқылы жас қазақстандықтардың өзін-өзі дамытуына үлкен мүмкіндіктер берілуде. Жастар мемлекеттік құрылысқа белсенді қатысуы тиіс. Қахақстан халқы Ассамблеясы жастардың бастамаларын қолдап, оларды халықаралық деңгейге шығуға, форумдар мен ғылыми жобаларға қатысуға мүмкіндік жасауда. Біздің бағытымыз – тек ұлтаралық татулықты сақтау ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік әділеттілік, инклюзия және орнықты даму қағидаларын ілгерілету. Ассамблея «Жасыл Қазақстан», цифрлық трансформация, тұрақты даму идеяларын насихаттаушы болуға әзір. Жұмысымыздың өзегінде – әрбір адам тұруы тиіс. Ассамблея этностық тегіне, жасына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, әрбір азаматтың қоғам өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз етуді көздейді», - деді Расул Ахметов.

Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық тарихы – бұл жетістіктер тарихы, сенімге жол салу мен көпұлтты Қазақстан табысының айғағы.

«Біз бүгінде жаңа кезеңнің табалдырығында тұрмыз. Өткеннен сабақ ала отырып, болашаққа сеніммен қадам басып келеміз. Алда – үлкен істер күтіп тұр. Біз бәріміз бірігіп, әрбір азаматы өз елін мақтан тұтатын, өз орнын таба алатын, Қазақстанның гүлденуіне үлес қосатын мемлекет құруымыз керек», - деді Расул Ахметов.

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.

Ассамблея – этносаралық татулықтың кепілі

Қазақстан Республикасының «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжановтың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы – еліміздегі 130-дан астам этнос өкілдері үшін маңызды тарихи белес. Бүгінгі таңда өзбек этносы – ұлттық бірлік пен татулықтың туын биік ұстап, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, ел өміріне белсенді араласып келе жатқан қауымдастықтардың бірі.

«Ассамблея құрылған сәттен бастап этностардың билікпен ашық диалог жүргізуіне, ұлттық құндылықтарды сақтап, дамытуға зор мүмкіндік беріп келеді. Осы орайда біз «Отыз жыл достық керуенінде» атты кітапты жарыққа шығаруға дайындалып жатырмыз. Бұл кітапта этностардың Қазақстандағы бейбіт өмірі мен қоғамдық бірлікке қосқан үлесі баяндалмақ», - деді Икрам Хашимжанов .

Оның айтуынша, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығы жыл сайын түрлі мәдени-гуманитарлық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Солардың ішінде хәкім Абайдың ұстазы саналатын ұлы ақын, ойшыл, жазушы Әлішер Науаи шығармашылығына арналған байқау ерекше орын алады. Бұл байқау – ұлы тұлғалар арасындағы рухани сабақтастықтың дәлелі.

«2025 жылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын атап өту де біздің басты іс-шарамыздың бірі болмақ. Сонымен қатар, «Мемлекеттік тілді білу – парызым», «Мемлекеттік тіл – достықтың дәнекері» атты жобалар арқылы мемлекеттік тілді меңгеруге үлес қосып келеміз. Қазақстан өзбектері «Дустлик»Қауымдастықтың ең кең ауқымды шараларының бірі – халықаралық деңгейде өткізілетін «Достық дастарханы» байқауы. Мұнда 40-45 қазан палау дайындалып, қонақтарға ұсынылады. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан арнайы аспаздар шақырылып, қазақ жастары да белсенді қатысады. Бұл – халықтар арасындағы өзара құрмет пен достықтың айқын көрінісі», - деді қауымдастық төрағасы.

Икрам Хашимжановтың сөзінше, жастармен жұмыс – кез келген этностық қауымдастықтың басты міндеттерінің бірі.

«Құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, ұрпақ тәрбиесі отбасынан басталады. Біз балаларға ұлт пен ұлысқа бөлінбей, бірлік пен татулықты дәріптеп үйретеміз. Бұл бағытта Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығы жанындағы Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі және Жастар қанаты үлкен жұмыстар атқаруда. Мәселен, Аналар кеңесі – отбасылар арасындағы түсініспеушіліктерді шешуге, ажырасуға бет алған ерлі-зайыптыларды жарастыруға күш салып келеді. Балалар ата-ана мейірімінен айырылмасын деген мақсат – олардың басты ұстанымы», - деді Икрам Хашимжанов.

ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Шанай Нәзипа Ыдырысқызы Шымкент қаласында республикалық деңгейде кең ауқымды форум ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығы да Аналар кеңесінің үлкен республикалық форумын өткізуді көздеп отыр. Бұл форумда отбасы, тәрбие, салт-дәстүр және ұлттар арасындағы ортақ құндылықтар қозғалады. Қазақ және өзбек халықтарының салт-дәстүрлері – бесік тойдан бастап, тұсаукесер, сүндет той, беташарға дейін ұқсас. Осы ұқсастықтар ұлттар арасындағы жақындықты арттырып отыр.

«Биыл біз Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының 30 жылдығын атап өтеміз. Қыркүйектің 19-20 күндеріне белгіленген мерейтой аясында халықаралық конференция ұйымдастырылады. Тақырып – Қазақстан халқы Ассамблеясының халықаралық татулық пен достықты нығайтудағы рөлі. Орталық Азия халықтарының бірлігін арттыруға бағытталған бұл конференция – татулықтың тағы бір айғағы болмақ. Сондай-ақ, тарихшы, академик Мірахмет Мірхалдаровтың 90 жылдығына арналған іс-шара да ҚХА тізіміне енгізілген. Бұл іс-шара 18 қазанда өтеді деп жоспарлануда», - деді Икрам Хашимжанов.

Оның сөзінше, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Президенттің Ассамблея қызметін аймақтарда жандандыру, Достық үйлері желісін кеңейту туралы ұсынысы – ел ішіндегі қоғамдық келісім инфрақұрылымын күшейтуге бағытталған маңызды қадам. Бұл – әсіресе этносаралық қатынас күрделі болып табылатын өңірлер үшін өте орынды әрі тиімді шешім. Аймақтарда халықтың қатысуымен жұмыс істейтін нақты алаңдардың болуы қоғамдық татулықты нығайтады.

«Ақпараттық кеңістікте бірлік пен келісімді дәріптеу туралы тапсырма да аса өзекті. Қазіргі ақпараттық заманда қоғамдық сананы тәрбиелеу мен ұлттар арасындағы өзара құрметті қалыптастыруда медиа құралдарының ықпалы зор. Этносаралық келісімді насихаттайтын журналистер клубының жұмысын жүйелеу осы мақсатқа жетудің маңызды тетігі болмақ. Сондай-ақ мәдениет пен өнер арқылы «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын жүзеге асыру мәселесі – терең ойластырылған қадам. Театрлар мен музейлерді таныту, этномәдени фестивальдерді өткізу – бұл тек мәдени шара емес, ол ұлттық бірегейлікті нығайтудың заманауи әдісі»,-деді Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы.

Икрам Хашимжановтың сөзінше, Мемлекет басшысының Ассамблеяны стратегиялық штаб ретінде дамыту туралы ұсынысы – ұйымның ел дамуына қосар үлесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұл Ассамблеяның қазіргі заманға бейімделуін, оның ел ішіндегі тұрақтылықты сақтаудағы рөлін арттырады. Қасым-Жомарт Тоқаев сессия барысында айтқан бастамалар – ел бірлігін сақтау мен нығайтудың жүйелі әрі сараланған бағдарламасы. Олар мемлекеттің этносаралық қатынас саласындағы тұрақты әрі сындарлы саясатының көрінісі деуге толық негіз бар.

Жанна Жомарт

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2220
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5121
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4370