Сенбі, 3 Мамыр 2025
Ақмылтық 619 0 пікір 2 Мамыр, 2025 сағат 14:13

Жаңа Салық кодексі: Пайдасы көп пе, зияны көп пе?

Суреттер: aikyn.kz, parlam.kz, farabi.university сайттарынан алынды.

Қазақстанда қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16% болып белгіленді. Сонымен бірге, міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін артты.

Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен оған салық салу мәселелері жөніндегі түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.

Ал біз осы шешім туралы сарапшылардан пікір сұраған едік...

Өзгерістер тиімді салық салу жүйесін құруға бағытталған!

Сурет: parlam.kz сайтынан алынды.

Берік Бейсенғалиев, Мәжіліс депутаты:

– Өздеріңіз білетіндей, Салық Кодексі мен ілеспе заң жобалары Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленген. Реформа салық жүйесін оңайлатуға бағытталған бірқатар негізгі өзгерістерді: салық есептілігін 30%-ға қысқартуды, салықтар санын 20%-ға азайтуды, салық жеңілдіктерін оңтайландыруды, сараланған мөлшерлемелерді енгізуді, инвестициялық белсенділікті ынталандыруды, сән-салтанат заттарына жүктемені арттыруды және басқа да бірқатар өзекті міндеттерді шешуді көздейді.

Жаңа Салық кодексінің жобасында салықтық әкімшілендіру мәселелеріне баса назар аударылады. Жобалар өткен жылдың қыркүйегінен бастап Парламент Мәжілісінде талқылануда. Бірінші оқылым ағымдағы жылдың 9 сәуірінде өтті.

Ағымдағы жылы Үкімет салық-бюджет реформасын жүргізуге бағытталған заңнамалық бастамалар пакетін енгізді. Депутаттық корпус Үкіметпен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп барлық өзекті мәселелер бойынша тәсілдерді талқылау және келісілген шешімдер әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізді.

Кодекс жобасы бойынша жұмыс тобының 52 отырысы, оның ішінде мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтар мен сарапшылардың қатысуымен 8 тақырыптық отырыс және қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өткізілді. Бұл жан-жақты тәсіл реформаның негізгі аспектілерін тереңірек талдауға және әртүрлі мүдделі тараптардың пікірін ескеруге мүмкіндік берді.

Жалпы, ұсынылған өзгерістер инвестициялық ахуалды жақсартуға және ел экономикасының өсуіне ықпал ететін неғұрлым икемді және тиімді салық салу жүйесін құруға бағытталған. Ілеспе заң жобасымен Кодекс жобасына сәйкес келтіру мақсатында бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Көптеген кәсіпорындар көлеңкелі экономикаға кетуі мүмкін!

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

– Қосымша құн салығы – бұл былайша айтқанда азаматтардың қалтасынан төленетін салықтардың түріне жатады. Өйткені, бұл еліміздің экономикасына әртүрлі жолмен әсер ететіні белгілі. Біріншіден, тұтынушылық шығындарға байланысты айтсам, Қосымша құн салығының өсуі тауарлар мен қызметтердің өзіндік бағасын арттыратын фактор. Бұл өз кезегінде халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне, тұтыну көлемінің қысқаруына алып келуі мүмкін. Ал керісінше, Қосымша құн салығы төмендеген жағдайда, бұл бағаның арзандап, ішкі тұтынуды ынталандыруға мүмкіндік берер еді. Одан кейін бұл жағдай бизнеске қосымша жүктеме түсіріп, әсіресе шағын және орта кәспкерлеікке де кері әсерін тигізбек. Сонымен бірге, жалпы бұл Қосымша құн салығының мөлшері 12 пайыздан 16 пайызға өсуі және шектік норманың 40 миллионға дейін төмендеуі ең алдымен бюджеттің кіріс бөлігін толтыруға бағытталған. Өйткені, Қосымша құн салығы бюджеттің табысының негізгі көздерінің бірі болып табылады. Сол арқылы біз әлеуметтік бағдарламалар, әртүрлі инфрақұрылымдарға қаржы бөлуге көбірек мүмкіндік аламыз. Жалпы осы Қосымша құн салығының өсуі нәтижесінде біз бір жылда 4 жарым триллион теңгеге жуық қосымша табыс көзін алуды жоспарлап отырғанамыз белгілі.

Ал бұл жағдайдың әсері мен экономикадағы мәні кәсіпорындардың соған қалай әсер етуімен тікелей байланысты. Мемлекет тек қана құн салығының мөлшерін көтеріп, басқа ынталандыру шараларын қолданбаса, онда көптеген кәсіпорындар көлеңкелі экономикаға кетуі мүмкін. Сол үшін де Қосымша құн салығын көтере отырып, салықтық жеңілдіктер, оңтайландыру іс-шаралары, салық пен бизнестің арасындағы қарапайым механизмідерді жетілдірсек, өз әсерін тигізері анық. Одан кейін ең бастысы, мемлекеттің экономикалық жағдайының көтерілуі ол салықтардың түсуімен тікелей байланысты. Сол үшін де шағын және орта бизнестің дамуына ықпал ететін қосымша мемлекеттік қаржылардың көп бөлінуі де осы салық санатының азаюына әсер етеді. Жалпы айтқанда, салықтардың мөлшерінің өсуі бұл экономикалық құбылыс. Оның үстіне ол өз әсерін тиімді көрсеткіштермен бере алады деп айта аламын.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 476
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 544
Бәрекелді!

«Родословная казахских ханов»: всемирное признание

Керимсал Жубатканов 509