Шухрат Ибргаимов: Руханиятты дамыту - экономиканы көтеру секілді маңызды іс!

«Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби байқауы: Жеңімпаз автордың романы желісімен көркем фильм түсіріледі!
Қалам иелерін елең еткізген, жүлде қоры 30 миллион теңгені құрайтын «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби байқауының жарияланғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде көптеп жазылуда. Бас жүлдесіне 15 миллион теңге тігілген бұл байқаудың тағы бір ерекшелігі, жеңімпаз атанған автордың шығармасы желісімен көркем фильм түсіріледі екен.
Осыған орай, әдеби байқаудың құрылтайшысы әрі демеушісі, «ERG» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовпен сұхбаттасып, байқауға қатысты толымды ақпараттар алдық.
– Бұқаралық ақпарат құралдарында бұрын-соңды болмаған әдеби байқау деп насихатталып жатқан «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсы туралы айтып берсеңіз. Бұл әдеби байқаудың негізгі ерекшеліктері қандай?
– Тәуелсіз Қазақстанда мұндай үлкен деңгейде бірінші рет өткізіліп жатқан ірі әдеби конкурстың бірнеше басты ерекшелігі бар.
Байқауға жас мөлшеріне қарамастан еліміздің барлық қаламгерлері қатыса алады. Ақтық мәреге үздік деп танылған бес жұмыс іріктеліп алынады.
Бір атап өтерілігі, байқаудың алғашқы кезеңінде авторлар толық шығармасын емес, тек болашақ туындының алдын ала жоспарын ғана ұсынады. Белгілі қазақ жазушылары, әдебиет сыншылары тарапынан құрылған арнайы қазылар алқасы бұл синопсистердің ішінен үздік бесеуін таңдап алады.
Үздік деп танылған бес шығарманың біреуі жеңімпаз деп танылып, 15 000 000 теңге көлеміндегі сыйақыға ие болады. Сонымен қатар, аталмыш роман желісі бойынша демеушінің қолдауымен көркем фильм түсіріледі.
Барлық 5 автордың әрқайсысына 3 000 000 теңгеден сыйақы төленіп, аталмыш туындылары демеуші есебінен баспадан кітап болып шығарылады. Көріп отырғандарыңыздай, осының өзі аз қаражат емес. Шын мәнінде, ауқымды жоба деп ауыз толтырып айтуға болады.
– Көркем фильм жеңімпаз атанған автордың романы желісімен бейімделіп түсіріледі ғой? Ол фильмнің шығынын да өзіңіз көтересіз бе?
– Роман деңгейі лайықты болса, әрине, фильм түсіруге дайын боламыз. Көркем фильм түсіруге аз қаражат кетпейтінін білесіз. Оны да толық көтеру ойымызда бар. Тағы бір ерекшелігі, классикалық романның дәстүрлеріне сай кемі бір отбасының бір мезгілдегі оқиғаларымен шектелмей, үш буынының тағдырын қамтуы керек. Бұл байқауда бақ сынайтын авторлар өткен тарихты ғана емес, негізінен бүгінгі заманның көріністерін, жастар дұрыс таңдау жасай алуы үшін бүгінгі әлемнің жарқын келешегін көркем туындыларына арқау етсе дейміз. Қазір шетел асып, білім жинап, еліміздің іргесін бүтіндеуге үлес қосып жүрген жастар көп. Осы заманға сай құндылықтар қандай болуы керек? Сол секілді сұрақтарға жауап берілсе деп ойлаймыз. Сондықтан, бұл байқаудың басты мақсаты - аталмыш туындылар қазіргі қазақстандықтарға, әсіресе, жас буынға есігін айқара ашқан әлемде жарқын жолды сілтейтін моральдық, этикалық, ұлттық ұстанымдарды табуға бағдар жасауы қажет.
Яғни, мұндай ауқымды сюжет өздігінен көркем фильмге сұранып тұрады. Ол фильм арқылы үш буын ғана емес, еліміздің бір кезеңі қамтылады ғой. Фильм түсіру жұмысына да осы салада өзіндік қолтаңбасы бар білікті мамандарды тартамыз деп жоспарлап отырмыз.
– Бұл әдеби байқаудың бас демеушісі әрі себепкері өзіңіз екенсіз? Осындай мега жобаны ұйымдастыруға не түрткі болды?
– Байқаудың басты демеушісі екенім рас. Өткенде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған заманауи қазақ әдебиетіндегі мәселелер жөніндегі классик жазушы Төлен Әбдіковтің мақаласы қоғамда қызу талқыланып, оған Мемлекет басшысы да жоғары бағасын бергенін білесіз. Оларды оқып шыққаннан кейін, руханият саласын жаңғыртудың маңыздылығы өз қызметімнің аясында айналысып жүрген экономикадағы өзгерістерден кем емес екендігін түсіндім. Бәлкім, одан да маңызды болар.
Классик жазушы, отандық әдебиеттің мэтрі Дулат Исабековтың дүниеден өтуі де менің осы мәселе жөніндегі көзқарасымды шыңдай түсті. Әріптестеріммен әңгімелер барысында төл әдебиетіміздегі тың есімдердің жоқтығы мен заманауи проблемаларды негізге алып, ХХІ ғасырдың күрделі әлемінде адам үшін моральды жүйелер бағдарын ұсынатын ірі, сүбелі шығармалардың тапшылығы жазушы ағамыздың дүниеден өткенінен кейін қатты сезілгендігін естіп жүрмін. Ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, бұл әлемнің жаңа сын-тегеуріндеріне қарсы тұруда қазақ жастарына жол сілтейтін шығармалардың болуы өте маңызды. Соған байланысты, қазіргі заманғы қазақ әдебиетін қалыптастыруға өз үлесімді қоссам деп шештім. Ол үшін өз атымнан қомақты жүлде қоры тағайындалған қазақ тіліндегі шығармалар үшін осындай жоба ұйымдастыруды жөн деп шештім. Бұл менің қазақ ұлтының дамуына деген үлесім мен ел алдындағы азаматтық парызым деп қабылдаңыздар.
– Байқаудың әділ қазылар алқасы жөнінде бірауыз сөз айтсаңыз...
– Бұл байқаудың тағы бір ерекшелігі әділ қазылар алқасының мүшелері жарияланбайды. Қазылар алқасы есімі елге белгілі, қазақ әдебиетінің ақтангер жазушылары мен майталман әдебиет сыншыларынан құралған. Қазылар, тіпті, өздерінен басқа қазылық құрамында тағы кім бар екенін білмейді. Дегенмен қазылар алқасына шақырылған азаматтардың барлығы қазақ әдебиетіндегі көрнекті, беделді тұлғалар.
– Байқауға қатысу шарттары қандай?
– Байқауға бұған дейін еш жерде жарияланбаған, әлі жарық көрмеген шығармалар қабылданады. Бірінші кезеңде, авторлар болашақ романдарының синопсисын ғана ұсынады. Қазылар алқасы соның ішінен үздік бесеуін таңдап алады. Конкурстың барлық ережесімен «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби байқауының сайтынан танысуға болады. Сол жерде егжей-тегжейлі баяндалған. Шығармаларды қалай жолдау керектігі, байланыс құралдары, барлық талаптар нақты жазылып көрсетілген.
– Көп рахмет. Байқау сәтті өтіп, шын жүйріктер оза шапсын деп тілейміз.
Abai.kz