Жексенбі, 4 Мамыр 2025
Айқай 466 0 пікір 4 Мамыр, 2025 сағат 14:07

Түлкібұлаңға түскен тіл тағдыры

Сурет: Вконтактеден алынды

Қазақ халқының тәуелсіз ел атанғанына 30 жылдан асса да, туған тілінің тағдыры түлкібұлаң саясаттың қақпақылына түсіп, көсегесі көгермей келеді.

Назарбаев дәуірінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі заңмен бекітілсе де, ресми тілдің кесірінен қанатын кеңге жая алмады. Назарбаев әр жылдары әр қалай сөйлеп, қырық құбылды. Бірде:«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!», «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі елімізде тұрып жатқан барлық қазақстандықтарды біріктіретін күш!» деп көсілсе, енді бірде:

«Орыс тілі – біздің үлкен көршіміздің тілі. БҰҰ-ның алты тілінің бірі. Біз бұл тілді ұмытпауымыз керек, оны лақтырып тастауға болмайды. Өзге ұлтты кемсітіп, өз ұлтыңды көтеру мүмкін емес. Сондықтанда үш тұғырлы тіл мәселесін айтып келемін. Ағылшын тілі бізге әлемдік аренаға шығу үшін керек. Дүниежүзінде жарық көретін 10 миллион кітаптың 85% ағылшын тілінде. 3,5 мың шетелдік компания Қазақстанда жұмыс істейді. Олармен қай тілде сөйлесеміз? Үш тілділік біз үшін қалыпты жағдай болуы тиіс» деп көсемсіді.

Ал бір жолы Алматы қаласында өткен қаланы дамыту және Дүниежүзілік 28-қысқы Универсиадаға дайындық мәселелері жөніндегі жиын барысында үстелді ұрғылап, өңірлерде «Тілдер туралы» заңның талаптары сақталмай отырғанын тілге тиек етіп, Президент Әкімшілігіне нақты тапсырма берді.

«Маған азаматтар орысша жазған хатына қазақша жауап алуда деген сыбыстар жетіп жатыр. Егер адам орыс тілінде өтініш берсе, оған сол тілде, яғни орыс тілінде жауап алуы тиіс. Президент аппаратына барлық облыстарды тексеруді тапсырамын. Мұны жасап жүргендердің барлығы жұмыстан қуылсын!», «Сіздер білетіндей, біз үш тілді оқытуды белгіледік. Осы беттен таймау керек. Мәдениет министріне заң барын айтқым келеді. Бірақ, кейбір шенеуніктер алға қарай асығыстық жасап, барлығын қазақша сөйлеткісі келеді. Біз – көпұлтты мемлекетпіз, біз осы фактіні қабылдадық», – деді Н. Назарбаев.

Қоғамда оның сөзіне қарсы «Егер, қазақ тілінде сауал жолдап, орыс тілінде жауап алатын болсақ не істеу керек? Ол да тіл заңының нормасын сақтамағандық емес пе? Тек орысша сөйлегендерге қазақша жауап бергендер жауапқа тартылып, қазақша сөйлегендерге орысша жауап бергендерге ешқандай шара қолданылмай ма?» деген өткір сұрақтар қойылды. Әрине сұрақ көп, жауап жоқ!

Бұдан он жыл бұрын Абай ақпараттық порталы мәселенің мәніне үңіліп: «Жалпы, қазақ тілі мәселесі Қазақстандағы ең күрделі әрі күн өткен сайын толғақты проблемаға айналып, жыл сайын саны артып, ресми түрде халықтың 67% құрап отырған қазақ халқының ар-намысын шабақтайтын өткір дүние болып тұр. Бұл – Президент Назарбаев Қазақстанды билеп келе жатқан 22 жылда қалыптасқан және шешімін таппаған ұлттық мәселенің бірі ғана. Қазақ тілі, басқада ұлттық мәселелердің шешілмеуі тіпті шешуге деген ниеттің болмауы, Президент пен Үкіметті халық сенімінен айырды. Билік халық сенімінің орнын «Президентке сүйіспеншілік» секілді қоғам тарапынан тек қана күлкі шақыратын жағымпаз әрі жеке басқа табынушылық сипаты басым бір реттік шаралармен толтырып, Президентке көзбояушылық жасаумен айналысып келеді» деп жазған еді.

Көріп отырғанымыздай қазақ тілінің бүгінгі тағдыры Назарбаевтың түлкібұлаң саясатының салдары екені басы ашық мәселе. Сол себепті де кейінгі жылдары кейбір билік өкілдері «үңгірдегі ұлтшылдық», «тұрмыстағы мәдениетсіздік» деп бағалаған даулы оқиғалар көбеюде. Президент Тоқаевтың жақында айтқан «ешкім ешкімді пәлен тілде сөйле деп мәжбүрлей алмайды» деген сөзі де түрлі пікірлердің туындауына тамыздық болды.

Тіл мәселесін реттеуде Назарбаевтен қалған түлкібұлаң саясаттың ешқандай өнім бермейтінін уақыт өзі дәлелдеді. Екі түрлі ұстанымның билік пен мемлекет құрушы ұлттың арасын жақындатудың орнына, керісінше алшақтатып, ел бірлігіне қатер төндіретінін түсінетін мезгіл жетті. Батыл шешім қабылдайтын, мемлекеттік тілдің заңдық мәртебесін көлеңкеде қалдыратын нақты факторларды анықтап, ашық айтып, заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету керек. Сонда ғана тәуелсіздігіміз тұғырлы, ел еңсесі биік болмақ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 1112
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 1256
Бәрекелді!

«Родословная казахских ханов»: всемирное признание

Керимсал Жубатканов 1235