Дүйсенбі, 12 Мамыр 2025
Білгенге маржан 365 0 пікір 12 Мамыр, 2025 сағат 10:36

Шығыс Түркістан (басы)

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

демографиясы, әкімшілігі мен қарулы күштері

Кеңестер одағының көмегімен Алтай, Іле, Тарбағатайдағы қазақты негіз еткен әр ұлт халқының күресі 1944-1946 жылдардағы «Шығыс Түркістан» республикасының құрылуына негіз болды. Десе де осы бір тарих әліге дейін бұрмаланып келеді.

Кейбір саяси топтар бұны өз білгенінше мақсат-мүдделеріне пайдаланып жүр. Қазақты негіз еткен 30 мың қарулы армиясы бар мемлекет (толық дербес болмаса да) 20-шы ғасырдың басы мен ортасында болмаған жағдай. Өмір сүру уақыты төрт жыл ғана (нақты атымен екі жыл ғана) болғанымен, Орта Азия әсіресе, Қазақстан тарихында белгілі мән-маңызы бар екенін басып айтқан дұрыс! Өйткені осы уақытша мемлекеттің құрылуына мыңдаған қазақстандық жауынгерлер мен оқыған зиялылар ат салысты. Тіпті Қырғызстан мен Өзбекстаннан барған адамдарда аз болған жоқ. Ал осы саяси қозғалысқа тұтқа болған тұлғалар мен жауынгерлер, сонда түрлі қызметтер атқарған адамдар, тағы да жәй бұқара болып 200 мыңға жуық адам 1955-1962 жылдары Кеңестер одағына өтті. Олардың ұрпақтарының саны кемі 3-4 есе өсті десек, 800 мыңға жетер еді.

Осы бір қазақ тарихының бір тарауы қазір алыс шетелдерде жат ниетте пайдаланылуда! Олар бұл қозғалысты ұйғыр ұлтына ғана меншікті етіп көрсетуде. Халықараға да осылай танытқысы келеді. Бірақ, бір қызығы – олар ұйғыр ұлты қоныстанған Ілемен ғана, оның ішінде тек Құлжа қаласымен шектеліп, Алтай, Тарбағатай туралы ауыз ашпайды. Осы үш аймақта негізгі ұлт қазақ халқы екенін білсе де, көз жұма қарайды немесе жасыруға тырысады. Ендеше шын тарих тасада қалмауы үшін нақты деректер келтірейік:

Осы ұлтазаттық қозғалыстың куәгерлерінің жазған естеліктері аз емес, соның ішіндегі Қожай Доқасұлының дерегі бойынша:

1944 жылы Шыңжаң өлкелік амандық қорғау басқармасының санағынан алынған архивтерде мынадай жан саны бар екен: Алтай, Тарбағатай, Іле – үш аймақта 725 949 адам болған, оның ішінде қазақ 383 569 (53%) делінген. Десе де бұл есепке Алтай аймағының Көктоғай, Шіңгіл аудандарындағы 30 мың қазақ кірмеген. Өйткені ол кезде олар ол жерлерден Гоминдаң қарулы күштерін қуалап шыққан. Пәтіқан Сүгірбаев екі ауданда 30 мың қазақ бар еді деп анық айтқан. Ал 1944 жылы Тарбағатай аймағында 170 мыңнан аса халық болып, оның ішінде қазақ 103 мың болған (1).

Ал Іле аймағында 450 мың халық болып, оның ішінде қазақ 220 мың еді. Ал есептейік, ол кезде Алтайда 83 мың халық болған  (2), Пәтіқан Сүгірбаев өзінің «Алтай арпалыстары» атты естелігінде Алтайдағы барша халықтың (83 мың) 90%-ын қазақтар құрайды деген (3). Ол бойынша Алтайда 75 мыңдай қазақ болады, енді үшеуін қоссақ 398 мың, яғни 400 мыңға жуықтайды. Бұдан үш аймақта 700 мыңнан аса халықтың 400 мыңы қазақтар екенін, жалпы халық санының 57%-ын құрайтынын көруімізге болады. Ал демографиялық санақ жүргізу қиын, сол жылдар тұрғысынан қарасақ үш аймақтағы қазақ халқының саны бұданда көп болуы әбден мүмкін.

1944 жылы Шыңжаң қазақтарының саны 430 000 және 1949 жылы 443 мыңға жуық болған (4). Бұны толық санақ деуге келмейтін, 1938-1947 жылдары Шыңжаңмен іргелес Цинхай, Гансу провинцияларында 10 мыңнан аса қазақ босып жүрген еді. Оған 1944 жылы Шыңжаң үкіметінен бөлектеніп кеткен Алтайдың шығыс екі ауданындағы 30 мың қазақты қоссақ, қазақ саны 470 мың болар еді, ал 1949 жылы 500 мыңның айналасында болған, оның 400 мыңы осы Алтай, Тарбағатай, Іле үш аймақта болған. Шыңжаң халық санынң 12%-ын иелеген.

1945 жылы Шыңжаңдағы ұлттардың таралу картасы.

Суретте көк реңк қазақ көп орналасқан жерлерді (Алтай, Тарбағатай, Іле, Санжы, Баркөл), қызыл реңк ұйғыр көп орналасқан жерлерді көрсетеді.

Шығыс Түркістан меңгерген Алтай, Іле, Тарбағатай үш аймақ - Қарзіргі Іле қазақ автономиялы облысы.

Үш аймақта қазақтан кейінгі саны көп ұлт ұйғырлар болып, олар туралы Қожай Доқасұлы өз кітабінда 90 212 адам деп көрсеткен. Ал «Шығыс Түркістан дербестікке ұмтылу қозғалысы» атты деректі ғылыми зерттеу кітабының авторы Уаң Хы қазақтар 367 204 адам болып,  52,1%, ұйғырлар 178 527 адам болып 25,3%-ын иелейді деген (5).

Ал ұйғыр тұтас ұлт атауы ретінде 1934 жылдан бастап жалпыласты да, Іле аймағында тараншылар ол кезде бөлек ұлт ретінде тіркелді. Екі түрлі сандық мәлімет осы мәселеге келіп тіреледі. Жалпы ұйғыр 178 мың, ал оның ішінде тараншы ұйғырлар 90 мың дегенді білдіреді. Ұйғырлардың басым көпшілігі Іле аймағына шоғырланып, Алтайда тек 2500-ден аса, Тарбағатайда 10 мыңға жуық болған, ал Бұратала ол кезде Ілеге қарайтындықтан 450 мың Іледегі халыққа Бұраталаның қазағы мен ұйғыры да, моңғолы да кіретін. Іледе 158 мың ұйғыр болып, олардың басым көбі Құлжа қаласына шоғырланған, Құлжа қаласы мен ауданында 100 мыңдай халық болған (6). Негізін ұйғырлар құраған, ұйғырлар 450 мың Іле халқының 35,1%-ын құрап, аймақта қазақтан кейінгі екінші ұлт болған, олар тағы Чапчал, Қорғаста да тұрады, Бұраталада көп тұрады.

Іленің шығыс жане оңтүстік бес ауданының дені қазақтар еді. Іле аймағында 200 мыңнан асатын, ал Бұраталаны қосқанда 220 мыңнан асатын еді. Уаң Хы Іле халқының 45%-ын қазақтар құрайтынын жасыра алмаған. Іледе алдымен қозғалыс басталған Нылқы ауданында 45 мыңан аса халық болып (7), оның да жарымынан артығы қазақ, онан кейін моңғол мен ұйғыр болған.

Ал бұл 178 мың ұйғыр тек сол дәуірдегі 3 миллионға жуық ұйғырдың 16-17-ден бірі ғана еді. Демек ұйғырдың басым көбі 1944-1949 жылдары бұл қозғалысқа қатысқан жоқ! Керісінше, Шыңжаң қазағының көп сандысы қатысты.1949 жылы Шыңжаң бейбіт жолмен азат етілгенде халық саны 4 миллион 333 мыңға жетті. 1953 жылы 3,6 миллион болса (бүкіл өлке халқының 74%-ы, 1964 жылы 3,9 миллион болды (8).

Картада 1949-2020 жылдардағы Шыңжаңдағы ұлттар санының өзгерісі көрсетілген, сарғыш жасыл түс қазақты, қанық жасыл түс ұйғырды, қызыл түс қытайды көрсетеді.

Үстіңгі екі карта 1949, 2020 жылдардағы ұйғырлардың Шыңжаңның әр ауданында орналасуын көрсетеді. Астыңғы екі карта 1949, 2020 жылдардағы қазақтардың Шыңжаңның әр ауданында орналасуын көрсетеді.

Бұл деректердің бәрі Алтай, Тарбағатай , Іледе 1940-1950 жылдарда негізгі ұлт қазақтар екенін дәлелдейді. Ұйғырлар негізінен Қашқар, Хотан, Ақсу, Корла, Тұрпан, Құмылға шоғырланған.

Үш аймақта сан жағынан 3-ші орында қытайлар болып, 56 121 адам болған. Олар Алтайда сақшы жане үкімет органдарының қызметкерлері еді. Саны 4-5 мың болған. Тарбағатайда 25-26 мың болып, Шиху мен Сауанда ең көп орналасып, егін салған. Шәуешек пен Дөрбілжінде біршама болса, Қобық пен Шағантоғайда өте аз болды. Іледе қытайлар негізі Құлжа қаласы, Сүйдің, Күре, Қорғас сияқты әскери қалашықтарда тұрды, жалпы саны 27 мың болған.

Моңғолдар 43 164 адам болып, негізінен Бұраталада, Тарбағатайдың Қобық, Шиху аудандарына,  Іленің Моңғолкүре, Нылқы аудандарына шоғырланған. Алтайда тек 2000-дай ғана моңғол болды.

Дұңғандар 21 399 адам болып, Іледе ең көп орналасты, онан қалса Тарбағатайдың егіншілік алқаптары мен -қалашықтарында тұратын.

Орыстар 18 522 адам болып, негізі бөлігі Іледе, онан кейін Тарбағатайдағықалалы жерлерде болды. Алтайдың Буыршынына қарасты Шұңқыр деген жерде де орыстар болды. Көбі 1919 жылы революцияда қашып келген ақ орыстар еді. Осы ұлттардың жиынтығы 717 мыңға жетеді, қалған 8 мыңы татар, өзбек, қырғыз, сібе (4-5 мың), дағурлар еді (9).

Қазір де үш аймақта, яғни, Іле қазақ автономиялы облысында ұйғыр көп емес, сан жағынан қытай мен қазақтан кейінгі 3-ші ұлт.

Үш аймақтың әр жеріндегі қарулы көтерілісшілер

1931-1937 жылдары Шыңжаң өлкесінде ұйғыр халқының дербестікке ұмтылу қозғалысы болып, 1931 жылы Құмылдан басталды, онан ары бүкіл Тарым ойпатын шарпып,  Қашқарда «Шығыс Түркістан» республикасы атты мемлекет құрды, мемлекет тек 90 күндей ғана өмір сүрді де, дұңған әскерлері жағынан жойылды.

1934 жылы Кеңестер одағының көмегімен билікке келген Шың Шысай бір жағынан Кеңестер одағынан экономикалық, әскери көмек алып, Шыңжаң провициясында бұрын болмаған жаңа даму үдерістерін барлыққа келтіреді. Мектептердің жаппай ашылуы, жолдардың салынуы, қала-қалашықтардың бой көтеруі, кендердің ашылып, заводтардың салынуы Шыңжаң тарихында бұрын болмаған алғабасарлық еді. Десе де 1937-1938 жылдары Кеңестер одағында жүргізілген жаппай қудалау саясатын көшіріп қолданып, 4 миллионға жетпейтін өлке халқының 250-300 мыңын қолға алып, түрмелерге жабады.  70-80 мың адам түрлі жолдармен өлім құшады. Әрине бұл жаппай жазалауға Кеңестер одағының маманданған жендеттері де үлкен үлес қосады. Ашығын айтқанда, 1933-1939 жылдар аралығында Шыңжаң Кеңестер одағының меңгеруіндегі районға айналады. Осы саяси қудалау ең ауыр тиген жерлер: Баркөл ауданы мен Алтайдың шығыс екі ауданы болады. Баркөлде 1935-1938 жылдары 25 мыңнан аса қазақ түп қотарыла көршілес Цинхай, Гансу провинциясына көшіп, онан ары бір бөлімі Тибетке, Пәкістанға кетеді.

Осы көштен соң Шың Шысай қазақ халқын өзіне қауіп төндіретін ең басты күш деп қарап, жаппай жаныштау жүргізеді. Себебі ауып кеткен қазақ дұңғандармен бірігіп, Шыңжаңға басып кіруі мүмкін деп алаңдады да, «Моңғол, қазақ, қырғыз құрылтайы» дегенді шақырып, көшпенді ұлттардың көп санды рубасыларын қолға алады. Алтайдан Әлен уаң, Бұқат бейсі, Табын бейсі, Шолтым лама, Жәмлиқа мүпти, Жанымқан, Қабыл, Дәулетше, Қабыл, Көкенай, Дәлелқан, Кәкен, Нәзір сияқты тәйжілер, Қажынәби, Зейнел, Қалибек (Жарболды) қатарлы үкірдайларды қамтыған 40-50 адамды қолға алады (10), (11). Ел ішінде тінту жиілеп, қысым күшейді. Неше түрлі жасанды жалған делоларды қолдан жасап, көптеген жазықсыз адамдарды қолға алып, түрмеге жабады (12). Сонымен қатар халық қолындағы қару-жарақ атаулыны тінтіп, жинай бастайды. Онымен қоймай, ислам дінін қорлап, Өр Алтайдағы дін басы Ақыт қажыны қолға алады, осыдан соң қарулы көтерілістер шыға бастайды (13), (14).

Бірінші бөлім: Алтайдағы қазақ қарулы күштері

Алтай қарулы күштері 1940 жылы Есімқан Иманбайұлы, Ырысхан Ноғайбайұлы бастаған Көктоғай-Шіңгілде қарулы көтеріліс басталып, қарулы қазақтардың саны екі мыңнан асып кеткен. Олар Шың Шысайдың 7000 адамдық армиясымен жеті айдан аса уақыт соғысып, жиыны 11 рет шайқас болған. Жаудың неше мың әскерін жояды (Пәтіқанның дерегі бойынша жиыны 1200-ден аса адамды жойған, көтерілісші қосыннан да 50-60 адам қаза тапқан, 200-ден аса жәй халық қаза тапқан). Ақыры басымдықпен жауды келіссөзге келтірген (15), (16).

Көтеріліс басшысы - Ырысхан Ноғайбайұлы (Шақабай шежіресінен).

1941 жылы Алтайдағы екінші реткі көтеріліс басталды да, қатысқан адам саны, яғни, қарулы қазақ саны 2000-ға барған. Оларды бастықтыруға 7000-нан аса ауыр қаруланған әскер жіберілген (көбі кен қазатын жұмысшылар деп жасырын әкелінген) (17), (18). Бір айдан аса соғыста жаудың  екі мыңнан аса адамы жойылған. Ақыры сәтсіздіктен кейін қаруын тапсырмаған Оспан батыр бастаған топтың негізінде дамыды. Олар 1942 жылы 80 адамнан асса, 1943 жылы жазда 400 адамға жетіп, оларға Оспан батыр жетекшілік еткен. 1943 жылы желтоқсанда олар Шіңгілдің Бұлғын өзені бойында «Алтай қазақтарын көркейту комитеті» атты ұйым құрған, Оспан батыр төраға , Сұлубай батыр қарулы күштердің жетекшісі болған (19), (20), (21), (22).

Оспан батыр.

1944 жылы 4-ші айда жалпы саны 2500 адамнан асып, Алтайдағы 10 мыңнан аса қытай қарулы күштерімен тірескен (23). Пәтіқан 1945 жылы күзге қарай Алтайдағы қазақ қарулы  5000 адамнан асты дейді (24). Бұлар бес үлкен отрядтан құралды:

Алтай қарулы күштері.

1. Қуанышбай, Нұрғожай бастаған топ (Жәнтекей қосы, жәнтекей-шақабай жасағы депте аталады).

Нұрғожай батыр Молдажанұлы.

2. Әбдірасыл, Ноғай тобы (Әр рудан құралған).

3. Қаби, Мұқан бастаған топ, қарақас руын негіз еткен. 1944 жылы Қаба мен Буыршынға барып, елге үгіт айту, елді көшірумен айналысқан.

4. Жылқайдар, Қапас, Келес, Тескенбайлар бастаған топ, (Молқы руын негіз еткен).

5. Зұңғыруп бастаған Қобықтағы моңғол-қазақтардан құралған (25).

6. Жеменей партизандары, Рамазан Бөлімұлы бастық, Молла Ислам орынбасары болып, 1945 жылдың күзінде 500 адамға жеткен (26).

Жылқайдар Шілдебайұлы (Құл молқы шежіресінен).

Осы Жеменей партизандары туралы қате түсінік қалыптасқан. Ол болса - Рамазанды атамай, оның орынбасары Молла Ислам Смайылов деген ұйғыр азаматты бүкіл Жеменей партизан басшысы ретінде көрсету. 1946 жылғы мәліметтер бойынша, Жеменейде 7500-ден артық қазақ болған, аудан қалашығында 100-ден аса қазақ отбасы, 100 отбасыдай қытай, 50-60 үй ұйғыр, 40-50 үй дұңған жане өзге ұлттар тұрған екен.

Ал Молла Исламға ерген қарулы ұйғыр тек 17 адам еді, кейін Кеңестен келгендер қосылып 50 ұйғыр болады. Жалпы Жеменей партизандары саны 1945 жылы 500-ге жуықтаған (27), (28). Кеңестер одағының азаматы Әріпбай Әбілмәжінұлы (Алматы облысы Кеген ауданынан) осы қозғалыста ақылшы ретінде жұмыс істеген, Қобықтық моңғол, қазақтан да 200-дей адам қосылған. Сонда Жеменейде қалай Молла Ислам бастаған ұйғыр партизандары болуы мүмкін? Бұны Уаң Хы мырза да қате түсінген. Ал ол Жеменей партизандарында қазақ көп, бірақ басшы ұйғыр депті. Ең маңыздысы Жеменейдің батыс-оңтүстік жағында Рамазанов, Рипов бастаған Кеңестер одағының бақылау штабы болған. Молла Ислам, оның ағасы кейін Шәуешек әкімі болған Өмәрахұн барлығы осы штабпен байланыста болған, оның Жеменей партизандарында орынбасар болуы осыған тіке қатысты екенінде дау жоқ.

1941 жылы Совет-Герман соғысы басталды, бастапқы жылдары Кеңестер одағы ауыр жеңілістерге ұшырады. Германдықтар 45% өнеркәсіп райондары мен 40% халқы бар териториясын басып алды. Осы кезде Кеңестер одағының шипасы бітті деп қараған Шың Шысай Кеңестер одағынан бет бұрып, мыңдаған Кеңес азаматтарын қуып шықты. Осылайша Шың Шысай Сталиннің шамына қатты тиді. Ол ендігі жерде соғыс беталысы жақсарған 1943 жылы Шың Шысайға қарсы Оспанға көмек бере бастады.

Екінші: Алтай қазақтарының төңкерістік уақыттық үкіметінің құрылуы

1944 жылы көктемде Шіңгіл толық азат болды. Қозғалыс Алтайдың аудандарына кеңейді, Көктоғайдың да көп жері азат етілді. Осы жылы күзде Бурылтоғай, Сарсүмбе қазағының дені, Буыршын қазағының жарымы Моңғолия арқылы Өр Алтайға көшірілді. Жеменей, Қаба ауданының халқы Кеңестер одағына өтіп, қыстайтын болды. Моңғолия үкіметімен байланыс қоюлап, жиыны 1000-нан артық қару әкелінді жане 300-ден аса Моңғол елі қазақтарынан құралған қарулы қосын көмекке келіп соғысқа қатынасты.

1944 жылы көктем. Алтай қарулы күштері Моңғолиядан қару алуда.

Алтай қарулы күштері.

Олардың басында генерал Доржы, Моңғолия ішкі істерінің агенті Қалқабай Орынұлы қатарлылар болды. Кеңестер одағының ақылшыларынан Әріпбай полковник бастаған бірқанша адам болды. Моңғолиядан Қасен деген адам арнаулы келіп «Көк үйдің адамдары» деп аталған (29).

Қалқабай Орынұлы (Шеруші. Төлек шежіресінен).

1944 жылы көктемде1941жылы жоғалып кеткен Дәлелқан Сүгірбаев Алтайға Моңғолия арқылы келеді. Бірақ ол Кеңестер одағында екі жыл оқып келгенін жасырып, Шың Шысай түрмесінен қашып шықтым деген.

1944 жылы қазан айының ортасында Шіңгілдің Бұлғын деген жерінде «Алтай қазақтарының төңкерістік уақыттық үкіметі» құрылды. Үкіметке Оспан төраға, Дәлелқан орынбасары әрі әскери қолбасшы болды. Үкіметтің 12 жорасы болды. Олар төраға Оспан батыр Исламұлы, әскери қолбасшы Дәлелқан Сүгірбайұлы, сот істер бастығы Көксеген Үкірдай, қазына меңгерме бастығы Ләтіп Мұстапаұлы, қауіпсіздік істері меңгерме бастығы Кәріп, онан өзге Момынбай би, Әділқан би, Келес, Уәтқан, Асхат Мәңкей, Камал, Жеменей партизан бастығы Рамазан Бөлімұлы, оның орынбасары ұйғыр Молла Сіләм үкімет мүшелері болды (30), (31), (32), (33).

1944 жылдың соңына қарай құрылған үкімет қозғалысты Алтайдың өзге аудандарына кеңейтіп, 1945 жылы тамыз айында Алтайдың Шіңгіл, Көктоғай, Бурылтоғай, Қаба, Жеменей аудандарын басып алды. Қытай армиясынан 10 мыңға жуық әскерді жойды (Дабусұн соғысында 1500 жауды жойған). Тек Сарсүмбе қаласында 2500, Буыршында 500-дей әскер қалашықтарда қорғаныста қалды.

Бұрыннан қалыптасқан тарихи логика бойынша, осы Алтайдағы қазақ қарулы күштері мен қазақтар құрған уақыттық үкіметті барынша төмендетіп көрсету. Басы 1940 жылы басталған төңкерісті төмендетудің ары жағындада ұйғырды жоғарылату, 1944 жылы Іледе қазақтар алдымен бастап, оны аз санды ұйғыр қостағанын далитып көрсету, төңкеріске еш үлес қоспаған адамдардың аяқ астынан министр болып шыға келуі - Кеңестер одағының ықпалы еді. 1944 жылдың соңында Кеңестер одағы өздері тіке әскер шығарып құрған Құлжадағы үкіметтің жұмысын 1-ші орынға қойып, өзгесін төмендетуде сайқал саясат жатқаны анық.

Алтай партизандары аймақтың денін өздері азат еткен, оларға 300 моңғолиялық қазақ сарбазы көмекке келгені, Моңғолиядан қару алғаны, оның Кеңестер одағының қаруы екені анық ақпарат. Бірақ Алтайдағы уақыттық үкіметті қазақтар өздері құрды, қарулы күштерге де Кеңестік жүйе қолданылған жоқ. Қайта көне далалық дәстүр бойынша болды, тулары «Шығыс Түркістан» туы емес, Ер Жәнібек батырдың ақ туы болды. Зеңбірек, броникті қосын, мотоцикил зводы, әскери доқтырхана болмады, әскери киімдері де болмады, әскери қамдауы мен тамағы да бөлек болды. Былайша айтқанда, Кеңестер одағының көмегі мен ықпалы өте аз болды. Ал Құлжадағы үкіметте бұл өте басым болды.  Кеңсай атты полкті Лескин бастап келіп, Буыршынды көп шығынсыз Алтай партизандарымен бірігіп алды, ал Сарсүмбені Алтай қарулы күштерімен бірігіп, соғыссыз алды. Демек Алтай азаттығына Шығыс Түркістан үкіметінің қосқан үлесі төмен болды.

Үшінші: Нылқы партизандары

Іле - Шыңжаң провициясындағы ең шұрайлы аймақ, екі жағын Тәңіртауы қоршап жатады. Үрімжіден әскер келу үшін қарлы таулардан асады, ал батыс жағы жазық, Алматы облысымен шегараласады.  Кеңестер одағының әскері еш кедергісіз келе алады. Іленің шығысында Нылқы аталатын таулы аудан бар. Жер түзілісі күрделі, партизандық соғысқа қолайлы. Онан ондағы қазақтардың ақсүйек әулеттері, Мақсұт ақалақшы сияқты әскер ұстаған адамдар болғандықтан, қарулы көтеріліске көп жақты негізі болды. Алтайдағы қозғалыспен салыстырғанда бұл аймақтағы қозғалыстың ерекшелігі: Қозғалысқа тек қазақ ғана емес, ұйғыр, орыс, моңғол, татарларда көбірек қатысты.

1944 жылы тамыз айында Нылқының Ластай (Ұластай) деген жерінде қарулы  партизандар барлыққа келіп, ашық көтеріліс бастайды. Олардың бастаушылары «Алты ұры» атанған Әкбар Есбосынұлы, Сейт Көрпебайқлы, Пәтих Мүсілимов (татар, кеңестер одағынан), Науан Есбосынұлы, Қайнам Әбдулла (ұйғыр, лақабы Ғини батыр), Байчурин (татар, кеңестер одағынан) бастаған 35 адам еді (24 қазақ, 4 ұйғыр, 3 татар, 2 орыс, 2 моңғол) болған.  Әкбар да, оның маңындағы серіктері де ержүрек азаматтар болды, кейін қатары көбейіп, 500 адамға жетіп, үш үлкен топқа бөлінді:

1. Қазақ тобы. Әкбар мен Сейт жетекшілік етті. Олар 200 адамнан 250 адамға көбейді.

2. Ұйғыр тобы. Қайнам жетекшілік етті, саны 180 адам.

3. Орыс тобы. Иван басқарған 120 адам (34), (35), (36), (37).

1945 жылы Бұратала соғысында жараланып, емделгеннен кейін Құлжада болған, 40-тан аса әйелі болған, жәй бұқараға зәбірі көп тигендіктен, 1951 жылы Қытай үкіметінің «кері төңкерісшілермен зұмыгерлерді жаныштау» қозғалысында үстінен қалың арыздар түскендіктен Кеңестер одағына қашып кетедіде Алматыда қайтыс болады).

Осы үш топтағы қарулы күштер кейін 800 адамнан асты (38), Әкбар қолбасшы, Фәтих ішап бастығы болды.

1944 жылы қазан айының басында Ысқақбек Мунонов пен Кеңес Одағында Нылқы партизандарының жетекшісі Фатихпен кездесіп, екеуі Нылқыда көтеріліс бастауға шешім қабылдады (39).

Қараша айының басында Ластай партизандары үш бағытта Нылқы қалашығына шабуыл жасап, басып алады. Көп өтпей, Құлжадан көп әскер аттанып, Нылқыға беттейді де Нылқыны күшпен қайта басып алады. Осы жаумен соғыста Әкбарға артынан оқ тиеді. Осы сәтте Құлжадан хабар келеді, Құлжада тек 800 әскер қалыпты. Енді жауды шырғалауға аз адам қалдырып, негізгі күшпен Құлжаға аттануға шешім қабылданады. Сейт, Қайнам, Иван бастаған паптизандар жасырын жолдармен түнделетіп Құлжаға аттанады.

Жоғарыдағы деректерден байқайтынымыз, Іле өңіріндегі қозғалыста ұйғырлар бастаған қозғалыс емес, Ғани батыр бүкіл Іледегі қозғалыстың бастаушысы емес, қайта партизандарға кейін келіп қосылған адам әрі қосынның бір бөлігі болған ұйғыр отрядын басқарған.

Теріс ниетті адамдар осы бір адамның атағын асқақтатып жүр. Бірақ ол сол кездегі жеті де сегіз топ партизанның бірінің ғана басшысы, әрі сол бір топтың ішіндегі бір бөлімді басқарған. Бұратала соғысында жараланып, онан қайтып соғысқа қатыспаған. Соғысқа қатысу тарихы 5-6 ай ғана, ал 1940-1951-ге дейін соғысқан, бүкіл аймақтағы қозғалысты басқарған Оспан батырды көп деректер әсіресе, ұшқары ұлтшылдар осы тұлғадан төмендетуге тырысады. Әмалиятта Ғани Әкбардан қорыққан әрі сыйлаған, бірақ Әкбардың өлімі де осы адаммен байланысты болуы мүмкін. Оспанның өкілі Ләтіп Құлжада төрт ай тұрып, бәріне көзі жетіп қайтады. Көрген, естігенінің бәрін Оспанға айтқан. Оспан Нұрғожаймен оңаша әңгімесінде:« Ағаш құман болмас, алаш туған болмас» деген рас екен. Ілеле Әкбар қозғалыс бастаған екен, оны сарттар көре алмай, жасырын атып тастапты»(40) деп келтіреді.

Іле Өңіріндегі өзге партизандар:

Байчурин (татар) тобы 65 адам болды, татарлар.

Фатей Иванович Лескин бастаған Кеңсай партизандары 1944 жылы 11-ші айда 300 адамнан асты (41). Лескен – Қазан төңкерісінен кейін Құлжаға көшіп келген орыс. 1940 жылдары Шыңжаң тас жол бюросының Іле бөлімшесінде жұмыс істеп, Гуозигудағы Кеңсай тас жолы учаскесінің бөлім бастығы қызметін атқарған. 1944 жылы Іледе революция басталғанда, яғни 1944 жылдың қараша айында Кеңсайда оннан астам орыс, қазақ жастарын біріктіріп, Ертай партизан жасағын құрып, партизан отрядының бір бөлігін басқарып, Гуозигоу, Кеңсай және басқа жерлерді басып алды. 1944 жылы желтоқсанда тас жол бойымен Иньге келе жатқан ұлтшыл әскерлерге тойтарыс берді. 1945 жылы ақпанда ол Ертай партизан жасағын Сантайдағы ұлтшыл қорғаушыларды қоршауға басқарды және Іле атты партизандық бригадамен бірге Сантайдан Утайға дейінгі ленияныы бақылау үшін шайқасты (42), (43).

Ол орыс тілінен басқа қазақ, ұйғыр, татар, сібе, қытай, араб тілдерін білген. Бұдан оның тегін адам емес екенін көруге болады.

Бұл екі топтағы партизандар Кеңестер одағынан келген агенттерді негіз еткендер әрі 1920-жылдары келген ақ орыстарда оларға қосылған.

Төртінші: Құлжаның алынуы жане Шығыс Түркістан республикасының құрылуы

1944 жылы Кеңестер одағы үлкен жеңістерге жетіп, Шың Шысайды Жияң Жиешімен бірге қыспаққа алып, Шыңжаңнан кетірді.

Құлжа қаласының алынуына Нылқы партизандарнан тыс көптеген Кеңестер одағының әскерлері мен бұқараша жасанған жансыздар ат салысты. Нылқыдан 800-ден аса адам қатысты, жалпы Іле аймағында ол кезде 2500-ден аса қытай әскері тұрған, олар Құлжа  қаласы мен оған іргелес Қорғас, Сүйдің, Күре сияқты қалашықтарға көп шоғырланды. Нылқыдан партизандар келуден бұрын, қалаға Кеңестер одағының көптеген жансыздары жасырын кірді, қаруларды жеткізді. Октябр революциясын еске алу күні яғни, 11-ші айдың 7-сі күні Құлжа шайқасын бастады. Ол туралы:

«13 қарашада үкімет әскерінің басшысы Цзян Сюаньцюань үкімет әскерін Нылқыдан Құлжаға қайтарды. Олар кенеттен кеңестік консулдықтың артында кеңестік киім киген 100-ден астам адамды кездестіріп, екі жақ кескілескен шайқасқа түседі. Осыны негізге ала отырып, Цзян Сюаньцюань бастықтарға жолдаған жеделхатында: «Бұл бандиттік мәселе емес, Кеңес Одағы мен біздің армия арасындағы ресми қақтығыстың басы», - деді. Дәл осы күні Құлжадағы үкімет әскерінің жоғарғы қолбасшысы Цао Рилин Жу Шаолянға жолдаған жеделхатында: «Бұл аты қарақшыларды басып-жаншу болғанымен, бірақ бұл шын мәнінде халықаралық соғыс»; «Қаладағы бандиттердің барлығы орыстар мен татарлар, олар консулдық маңын өздерінің базасы ретінде пайдаланады және олар алған қару-жарақтардың бәрі Кеңес Одағында жасалған». Сондықтан ол ымыраға келу және достық көмек сұрау үшін дипломатиялық құралдарды пайдалануды ұсынды, бірақ Кеңес Одағына әскер жіберуге мүмкіндік бермеді (44).

Бұған ұқсас дерек:

«9 қарашада Құлжа гарнизонының бастығы Цао Рилинг Чжу Шаолянға телефон арқылы «соғысты «бандитизмге қарсы» деп атағанымен, шын мәнінде бұл халықаралық соғыс», «қаладағы қарақшылардың барлығы орыстар мен татарлар, олар консулдықты өздерінің базасы ретінде пайдаланады, ал олар алған қару-жарақ түгелдай Кеңес Одағында жасалған» - делінген (45).

Бірнеше күнге созылған сұрапыл соғыс арқылы ақыры Құлжадағы қытай армиясы мен  бұқарасынан 8 мыңдай адам қала маңындағы Айрамбаққа шегінді. Сұрапыл соғыста Сейт ауыр жараланып, қайтыс болады. Қожай Доқасұлы «соғысқа қаладағы ұйғырлар мен дұңғандар да көмектесті» - дейді. Бұл анық іс, бұларды Әлихан төре бастаған «Құлжа азаттық ұйымы» Байтолла мешітіндегі уағыздар арқылы ұйыстырған болса керек.

Құлжа қаласы алына сала, 12.11.1944 Құлжа қаласын негіз еткен бұқаралық жиын ашылып, «Шығыс Түркістан республикасы уақыттық үкіметі» құрылғанын жариялады. Бұл кейінгі Алтай, Тарбағатай, Іле үш аймақ халқы сайлаған әрі бірігіп құрған үкімет емес еді! Тек Құлжа қаласымен шектелді. Үкіметті құру, басшыларын сайлауға тіпті, Іледегі 450 мың халықтың да дені уәкіл жіберіп қатыса алған жоқ. Сондықтан бұл тұтас үш аймаққа уәкілдік ететін заңды үкімет емес еді. Тек Кеңестер одағының саяси мүдделеріне жету жолындағы бір майдан саяси ойын, әскери операция болды, бірақ бұған қатысқан халық алданғанын кеш білді.

Демек Құлжаны алған Нылқы патризандары мен Кеңестер одағының әскерлері, оны ұйғырлар алды деген негізсіз, десе де ұйғырлардың да ат салысқанын жоққа шығаруға болмайды.

Бесінші: Шығыс Түркістан үкіметінің құрлымы

1944 жылы Құлжа қаласы азат болғаннан кейін қаладағы халықты негіз етіп, бұқаралық жиын ашылып, «Шығыс Түркістан уақыттық үкіметі» құрылғаны жарияланды. Үкіметтің 16 мүшесі болды, олар: Әлиқан төре (өзбек), Әкімбек қожа (ұйғыр), Әбілқайыр төре (қазақ), Әбдікәрім Аббасов (ұйғыр), Петр Романович Александров (орыс), Әбдірауып Махсум (ұйғыр),  Салжанбай Бабажан (өзбек), Мұхамеджан Махсум (ұйғыр), Хабип Юнүшев (татар), Рахымжан Сабырқажы (ұйғыр), Пауел Павлович Москалов (орыс), Әнуар Мұсабаев (ұйғыр),  Бука Әмбал (моңғол), Ғани Иолдаш (ұйғыр), Әбілиміт Әлихалпе (ұйғыр), Қайнам Әбдулла (ұйғыр).

Президент Әлихан төре, орынбасары Хакімбек қожа, үкіметтің бас хатшысы Әбдірауып Махсум белгіленді.

Әлихан төре (Кеңестер одағының Қырғызстан Тоқмақ қаласынан).

Кеңестер одағынан, Қырғызстан Тоқмақ қаласынан, өзбек, шағатай әулетінен деген сөз бар. Бұл адамда Кеңестер одағының миссиясын орындаған адам болуы мүмкін. Десе де 1946 жылы Шығыс Түркістан үкіметін таратуға қарсы болғандықтан КГБ жансыздары жағынан ұсталып, Ташкентке апарылған.

Ортада екі қолын тиістіріп тұрған Әбдірауып Махсум.

Әбілқайыр төре мал шаруашылық минстрі, Әнуар Мұсабаев қазына минстрі, Хабип Иунүш оқу-ағарту минстірі, Әбілиміт Әлихалпе діни істер минстрі, Салжанбай Бабажан (Азаматтығы белгісіз, Кеңестік Өзбекстан адамы болуы да мүмкін) (46) ауылшаруашылық минстрі, Мұхамеджан Махсум (Кеңестік Қазақстанның Жаркент ауданының ұйғыры) (47) жоғары соттың бастығы, Әбдікәрім Аббасов ішкі істер минстрі (қосымша үгіт бөлімінің бастығы),  Қайнам Әбдулла әскери сот бастығы болып тағайындалды. Әлександров қарулы күштердің қолбасшысы болды.

Оңда Әбілқайыр төре Рабатұлы. Іле аймағындағы қызай руының төресі.

Сәйпидин Әзизи оқу-ағарту минстріне орынбасар етілсе, оған тағы Уақаш ажы Мерсанов (татар) қосылды әрі 16 үкімет мүшесінің бірі болды (Хабип Иүнүш 1945 жылдың басында жұқпалы аурудан қайтыс болып  оның орынына белгіленді), Зүнун Тейіп әскери істер меңгерме бастығы болды.

Зәрыпқалы қажы (Ұлты анық емес) діни сот бастығы, Қасымжан Қамбари (Атұштық, бірақ бала кезінде әкесіне еріп Кеңестер одағына көшіп кеткен. Ол алдымен Яркантта, кейін Ташкент ұлттық академиясында оқыды. 1919 жылдың басында Ташкентте «Ұйғыр лигасы» құрылды. Ұйым Кеңес Одағында ұйғырларға социалистік және жаңа мәдени білім беруді жүзеге асырды, ол да сол кезде білім алған. 1930-1931 жылдары Орта Азиядағы ұйғырлар арасында мәдени ағарту, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. 1932 жылы Шыңжаңның Құлжа қаласына оралды) (49) денсаулық сақтау минстрі болды. Құсайын Таранов (татар, Кеңестер одағынан) мемлекет банк бастығы, Пәтих Аллажар (татар, Кеңестер одағынан)қазына минстрінің орынбасары, мемлекеттік бақылау мекемесінің бастығы Ғани Иолдаш (Ғани Йолдаш (1908-1971) Кеңестер одағынан, ұлты анық емес) (50) болса, Рахымжан Сабырқажы қорғаныс минстрінің орынбасары болды. Үсен Басыров (ұйғыр болуы мүмкін) «Азат Түркістан» газетін басқарды. Советтік Мұқысын (татар) үкіметтің бас ақылшысы, Әли ішкі істер ақылшысы Сүлеймен Розиев (өзбек? ұйғыр?) халық сотының ақылшысы, Абдуллаев оқу-ағарту минстріне ақылшы, Жаппар Дамолла (өзбек не ұйғыр) дін істер ақылшысы, Владимир Степаонвич Егнаров бас әскери ақылшы болды. Кеңестер одағының ақылшылар үйірмесі 1-, 2- номерлі үйдегілер аталып маңызды саяси, әскери істерде шешім қабылдап басқарып отырды.

Жоғарыдағы адамдарға қатысты деректерден осы республика билігінде басшы болғандардың дені Кеңес азаматтары екенін, онан қалса Кеңеспен байланысты, сонда ержеткен немесе сонда оқыған Кеңестер одағына адал адамдар екенін көруге болады. Сол үшін осы адамдарды пайдаланды, мақсатына жетіп республиканы таратқандада осы адамдар қарсы болмады.

Іле толық азат болған соң әр ауданға әкімдер белгіленді, Жәйірбек Сасанұлы(қазақ) Күнес ауданының әкімі әрі Құлжадағы үкімет мүшесі , Оспан Сыбанұлы(қазақ) Нылқы ауданының әкімі(кейін Пәтих Мүсілимов әкім болды), Тоққожа Текес ауданының әкімі(қазақ), Жанболат Сөртіұлы(қазақ) Тоғызтарау ауданының әкімі болды. Әбдулла ажы (ұйғыр)Сүйдің ауданының әкімі, Мәмет ажы(ұйғыр) Қорғас ауданының әкімі, Ычыр Амбал (моңғол) Моңғолкүре ауданының әкімі, Әшім Оспан(ұлты белгісіз) Бұраталаның әкімі,  Буджап бұха(моңғол) Арасан ауданының әкімі , Чияң Зуды Жұлдыз ауданының әкімі, Әбдулла Уәли Жың ауданының әкімі болды (51).

Жоғарыдағы мәліметтерге қарап отырсақ Іленің қақ жарымын ұстап отырған қазақ халқынан үкімет мүшесі болған жалғыз Әбілқайыр төре Рабатұлы. Бұл таңғаларлық жағыдай, не үшін бұлай болды? Ал үкімет басына келгендер тіпті Нылқыда қозғалыс бастаған не оған қатысқандарда емес, Нылқыдан қозғалысқа қатысқан Әбілқайыр төре мен Әбдулла Қайнам ғана, бірақ оларда негізі басшылықта емес еді. Кей деректерге негізделгенде бұл үкімет Алматы қаласында алдынала дайындалған. Нұрғожай батыр ол туралы:«Төңкеріске үлес қоспаған, бір тал оқ атпаған жансыздар ұқықтарды иелеп кетті!...» (52) деп өкінішпен баға береді.

Жалғасы бар...

Ерзат Кәрібай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2179
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 3838