Сейсенбі, 13 Мамыр 2025
Елім-ай 310 0 пікір 13 Мамыр, 2025 сағат 11:54

Қуат Қайранбаев. Мына заман қай заман?

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Бәріне жауаптымын...

Атқан сайын алдымнан күн арайлы,
Тағдыр бізді бекерге сынамайды.
Не болса да қазағым  ақындарын,
Айыптайды,  әйтеуір, кінәлайды.

Көзтүрткі боп жасқа да, кәріге де,
Жақпай келем, қайтейін, әр үдеге.
Айыптаңдар,
Айтыңдар,
Кінәлаңдар,
Жауаптымын, білемін, бәріне де.

Көктем себіл жыласа – жауаптымын,
Көктен көңіл құласа – жауаптымын.
Қазағымның әр басқан қадамына,
Жауап берем алмастан тағат-тыным

Іні ағасын тілдесе – жауаптымын,
Ана тілін білмесе – жауаптымын,
Әділ деген биіміз бұра тартып,
Әлді әлсізді жүндесе – жуаптымын.

Ақиқатың  тапталса – жауаптымын,
Айыптылар ақталса – жауаптымын.
Жақындарың түсінбей  жырақ кетіп,
Жаныңда тек жат қалса – жауаптымын.

Мұңға батса қорғансыз жетімегім,
Лас қоғамның таппасам шетін емін.
Жауабы жоқ сұраққа жауап тауып,
Бере алмағаным үшін де  өкінемін,

Талаптының бермесе  бақ-талабын,
Жындануға кей-кейде шақ қаламын.
Күнам да бар,
Кінам да,
Олай болса,
Не деп мына жұртыма  ақталамын.

Көңілдерді торласа құса, нала,
Балағаттап біреуді күш ала ма?!
Амалары таусылса  ағайындар,
Ақындарды алады нысанаға.

Не қалайды,
кім білген, не керегін?
Қолдан келсе әркімге жетер едім.
Ақындары кінәлі қоғам ғой бұл,
Мейлі,
Болсын,
Бәрін де көтеремін.

Ел қашанда  үмітін артады ерге...
Қалыптасқан үрдіс бұл барша әлемде.
Тек, сандырақ сөзі үшін санасыздың,
Өтінемін,
Жауапқа тарта  көрме!

Мына заман қай заман?...

Сансыратар сананы,
Ауыр екен ар жүгі.
Кеудемде от боп жанады,
Бұл заманның зар мұңы

Іс қылсам да қанша игі,
Күн кешемін шерменде.
Күдік келіп жаншиды,
Есіктен де, төрден де.

Көтерткізбей еңсемді,
От пен суға салады.
Сенімімнің ең соңғы,
Шамы сөніп барады.

Жанымменен жарасым,
Жанып жатыр алауда,
Алаш жұрты анасын,
Аш қасқырша талауда.

Үзілгені жөн бе еді,
Ұлттың жолы, жас қамы.
Ел-Басы деп сенгенім,
Отбасынан аспады!

Жібергендей тебінге,
Ынсапсыздық тығынын.
Ұры отыр елімде,
Желкесінде ұрының.

Қолдан келген асайды,
Қорлап қайтем барлығын.
Күйін кімдер жасайды,
Жақыбайлы-жарлының?!

Алып шығар тұныққа,
Үміт бар ма алдыда,
Малшынбаған былыққа,
Бір азамат қалды ма?!

Оян, жұртым, қалғымай,
Сілкінсеңші, тәйірі.
Зарламаған дәл бұлай,
Зар заманның шайыры.

Неге қайғы шегеміз,
Жүрек неге шерменде?
Ұсақтадық неге біз,
Тәуелсіздік келгенде?!

Еселеніп мұң-қайғым,
Сорым неге  бес елі.
Неге жырын жырлаймын,
Зар заманның кешегі?!

Мұңға толған кемері,
Сөз айтайын шамалы.
Сенім селкем, себебі,
Үміт сөніп барады!...

Айта алмасам...

Өзімді айтам!
Басқа кімді, немді айтам?
Кеудемдегі көшіп жатқан сеңді айтам.
Жұртымды айтам – қобалжулы, қорғансыз,

Сенгіш,
Көнбіс,
Аңқау,
Адал,
Кең,
Бейқам...

Өзімді айтам,
алаңды айтам мендегі,
Қоғамды айтам ақталмаған еңбегі,
Жарамды айтам  сыздататын жүректі,
Заманды айтам, айта алмасам жөн бе еді?!

Өзімді айтам,
кезімді айтам көшке ерген,
Төзімді айтам таусылмауды қош көрген.
Сезімді айтам сергелдеңге сан салған,
Кезім бейқам көп болса да дес бермен...

Өзімді айтам,
шерімді айтам іштегі,
Айт деп мені ар-ұятым күштеді.
Еркін елде ерік-жігер құм болған,
Отыз жылым жайсыз көрген түс пе еді?!...

Өзімді айтам,
Безбендеп көр жырымды,
Болашағым қандай жайға ұрынды,
Бұлдыр-бұлдыр тірлік кешіп ағайын,
Бұрымды қыз болмай жатып бүлінді.

Өзімді айтам,
шағымды айтам жан ұшқан,
Заманды айтам жан-жағымнан жанышқан.
Есті жиып, тіктер кезде еңсені,
Ұлымды айтам ада болған намыстан!

Өзімді айтам,
өзімді айтып үйренгем,
Арыла алмай келем осы күйден мен.
Ұрпақты айтам ­– ана тілін мансұқтап,
Ата салттан, дәстүрінен жиренген.

Өзімді айтам,
намысыммен  асқақ ем.
Білгендерін жасай берсін басқа әлем.
Билікті айтам өзін ғана еститін,
Ел дегенде –
Соқыр,
Мылқау,
Тас керең!

Айтам, сірә,
ақиқатқа шөлдедім,
Үндемесем көрінердей көр де мін.
Біл ажал бар –
Маған,
Саған,
Оған да,
Айта алмасам өлмей тұрып өлгенім!!!

Аманат

Құм шағыл,
құланды бел,
құба далам,
Әлемде жер жетер ме сірә да оған.
Бабамнан бізге қалған аманатқа,
Адалдық таныттық па?
Шүбәланам!...

Жерімді жауда көрдім, дауда көрдім,
Көз жасын «Елім-ай»-лап ауған елдің.
Тәу етіп тәуелсіздік алған кезде,
Бұйымы болып едің саудагердің.

Дерсің-ау, неге зарлап қайғырасың,
Сақтап ек сары майдай қай мұрасын?
Сүйектей ит мүжіген мүшкіл халім,
Келімсек ұстап отыр майлы басын!

Келмейді тере бергім аса мінді,
Көрмей-ақ қойсам нетті жоса күнді...
Төрімде тайраңдайды жетесіздер,
Ойсыздар жайлап алған ошағымды.

Тарихым енді солай тарамақ па,
Отан деп отқа түскен жана ма отқа?!
Атадан бізге қалған асыл мұра,
Адалдық танытсақшы Аманатқа?!

Құлан да, азғындаған, қыран да кіл,
Шығатын күн туар ма Тұранға гүл,
Үндемей тау қопарар заманда бұл,
«Аманат! Аманат!» деп ұрандап жүр.

Керек ед(і) бабалар бір келіп көру,
Құр болды отаншылдық кейіпке ену.
Аманат – мінберде айтар ұран емес,
Аманат – осы жолда шейіт болу!

Жылдарым

Ұсынып өмір жұмбағын,
Көңілге сыйлап гүл бағын.
Күндерді тізіп ноқталап,
Барасың қайда, жылдарым.

Шырқалды талай қырда әнім
Сезімді сұлу жырладым.
Тәуелді қылып уақытқа,
Асықтың қайда, жылдарым.

Білсем де алда сын барын,
Атымның басын бұрмадым.
Мезетер болып мезгілде,
Зулап бір жатыр жылдарым.

Алдыдан күтіп бір бағын,
Аңдамай торды құрғанын,
Алаң күн кешіп жалғанда,
Ағып бір жатыр жылдарым.

Жүректің үнін тыңдадым,
Майыстым, бірақ сынбадым.
Мақамын салып минуттың,
Өтіп бір жатыр жылдарым.

Білемін қайғы, мұң барын,
Жабырқау содан жүр жаным.
Сағат боп, ай боп жиылып,
Жылжып бір жатыр жылдарым.

Шарықтап жүрсе мың дарын,
Шықпады бәлкім шыңға арын.
Азғантай мына ғұмырда,
Абырой берші, жылдарым!

Ана тілге араша...

(немесе қазақ қыздарына базына)

Айналайын, қыздарым,
балаларым,
Салмақ салды демеңдер санаға мың.
Айтайын деп қолыма қалам алдым,
Көңілімде айықпас нала барын.

Көксегенің болды ма табыс, пайда.
Сөз бен ісің бүгінде қабыспай ма?!
Еркіндік ап, еңсені тіктегенде,
Найзағайдай кешегі намыс қайда?!

Жігіттердің құятын жігеріне от,
Арулардың тылсымы, білері көп.
Қазақ қызы қашаннан жүрмеп пе еді.
Ермен қатар  Отанның тірегі боп!

Кімнен енді сұраймын хақтың құнын,
Қаңсығына біреудің қақтың күлім.
Дәруіштей дәріптеп не көрінді,
Өзге ғұрып,
Бөтен салт,
Жаттың тілін?!

Жұрт едік қой тарихын тәпсірлеген,
Сан ғасырлар күн кештік дәстүрменен.
Өзің керек қылмаған Ана тілі,
Керек пе екен балаңа ес кірмеген?!

Амал құрып, кетті ғой бастан айла,
Ата-баба назасы жасқамай ма?
Сұрыпталған сан ғасыр әсем тілді,
Күресінге ұрпағың тастамай ма?!

Базынам бар айтатын саған деген,
Кім едім деп келешек ғаламға енем?
Аманатын анаңнын мансұқтамай,
Өз тіліңде сөйлесші балаңменен?!

Өзгешелеу өзіңе құрдың ба әлем,
Тірлігіңнен кетпеді-ау бір дүрбелең.
Жарығым-ау, қазақша сөйлессеңші,
Ағайынмен,
Көршіңмен,
Құрбыңменен!

Жерімде егес басталған,
төрімде егес,
Ар-шыңынан әйтеуір көрінбе кеш,
Ана тілі – Ананің ақ сүтінде,
Ана тілі – Атаның белінде емес!

Көктем

Жаңарады дүние,
көнереді,
Міне, тағы ақ жаңбыр себеледі.
Есігімнен енді кеп көктем-ару,
Тағдырыма, беймәлім, не береді?!

Көктем келіп, далама шуақ кірді,
Ақ көрпесін үстінен лақтырды,
Не береді бұл көктем,
не береді?
Көкейімде көмескі сұрақ тұрды..

Көлбеулеп көңілдегі бөтен ойды,
Күннің нұры төбеңнен төпелейді.
Кеудеңе қонақтаған үміт-сәуле,
Буалдыр болашаққа  жетелейді.

Тағдырдың бұзып-жарып бөгетін кей,
Тоң болған беріштерді сөгетіндей.
Аяздан әлсіреген селкеу сенім,
Көктемде қайта түлеп келетіндей.

Арылып көктем сайын күйден күпті,
Жабыққан жаным бүгін үйден шықты.
Қыстан соң жаңа өмірді күтетұғын,
Пенденің әдеті ғой үйреншікті.

Көктеммен келеді деп тымық керім,
Ежелден от пен суда шынықты елім,
Мені қойшы,
ей, көктем,
өтінемін,
Халқымның ақтай көрші үміттерін!

Қуат Қайранбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2332
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4001