Түркі мәдениеті қоры мен Ясауи университеті Меморандумға қол қойды

Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
2025 жылғы 15 мамырда Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова Қазақстан Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне арнайы барды.
Сапар барысында Қор басшысы университеттің ректоры Жанар Темірбековамен кездесу өткізді. Тараптар ғылыми зерттеулерді дамыту, түркі халықтарының рухани және мәдени мұрасын сақтау мен насихаттау, тарих, түркітану және мәдени дипломатия салаларында мамандар даярлау бағыттарында ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін талқылады.
Академиялық және студенттік алмасу мәселелеріне, сондай-ақ түркі халықтарының материалдық және рухани құндылықтарын насихаттауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.
Кездесу нәтижесінде Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екіжақты серіктестікті нығайтуды, ғылыми-зерттеу және ағартушылық бастамаларды қолдауды, сондай-ақ Түркі әлемінің мәдени бірлігін нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді.
Тараптар Меморандумға қол қою – Түркі әлемі институттары арасындағы рухани байланысты күшейту және өзара іс-қимылды кеңейту жолындағы маңызды қадам екеніне сенім білдірді. Бұл келісім түркі халықтарының бай тарихи-мәдени мұрасын сақтау және халықаралық деңгейде дәріптеу бағытындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді.
Abai.kz