Астанада Мәдениет қызметкерлерінің форумы өтеді

Мәдениет қызметкерлерінің форумы аясында қандай іс-шаралар өтеді.
19–21 мамыр күндері Астанада Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған Мәдениет қызметкерлерінің форумы өтеді.
Форум аясында 19 мамыр күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен III Қазақстан музей конгресі өтеді.
Конгресте музей жәдігерлерін қалпына келтірудің теориялық және практикалық мәселелері талқыланады. Іс-шараға Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Беларусь, Молдова елдерінің ғалымдары мен музей қызметкерлері, сондай-ақ отандық ғалымдар мен мәдениет, өнер қайраткерлері қатысады.
Конгресс аясында «Консервация және реставрация жөніндегі ғылыми орталықтың» салтанатты ашылуы жоспарланған.
19 мамыр күні мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына – 2025» республикалық фестивалінің салтанатты ашылуы өтеді.
Осы күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қолжетімді кітапханаларды дамытудағы заманауи стратегиялар мен цифрлық трансформация» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
20 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтеді.
21 мамыр күні мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына – 2025» республикалық фестивалі қорытындыланып, кәсіби мерекеге арналған салтанатты жиын Гала-концертпен аяқталады. Сонымен қатар Орталық концерт залында Мәдениет қызметкерлері форумының салтанатты жиыны өтеді.
Оған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысады.
Форум жұмысына елдің барлық өңірінен 700-ден астам мәдениет саласының қызметкері қатысады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Abai.kz