Тұрақты дамудың басты қозғаушы күші - жастар!
Қазақстанда жастар саясаты соңғы жылдары мемлекеттік дамудың басым бағыттарының біріне айналды. Жастардың білім алуы, жұмыспен қамтылуы, кәсіпкерлікпен айналысуы, еріктілік қозғалысына қатысуы және қоғамдық өмірге белсенді араласуы үшін түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Астана қаласы жастардың идеялары мен бастамалары тоғысқан, олардың әлеуетін дамытуға қолайлы орта қалыптастырған өңірлердің бірі саналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға қарата айтқан сөзінде отаншылдық сезімге, қоғамда «Заң мен тәртіп» үстемдігін орнатудың маңызына тоқталған болатын.
«Қазіргі көкірегі ояу жас ұрпақ отаншылдық деген сөзді басқаша қабылдайды. Жастардың басым көпшілігі әсіредіншілдікті, әсіреұлтшылдықты қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық. Жастар «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді. Олар Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді. Заманауи технологияларды меңгеріп, халқымызды озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға талпынады. Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Хакім Абай «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан. Бұл нақыл сөзге Мемлекет басшысы ретінде қосарым: Өркениетті әрі озық елдің заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болары хақ. Мемлекет деңгейінде қабылданған әрбір шешімнің мән-маңызы, ең алдымен, халықтың тұрмысын жақсарту, экономиканы тұрақтандырып, әлеуметтік әділдік орнату үшін жасалған нақты істермен өлшенуге тиіс. Сонда біз жаңа тұрпатты, мықты ел боламыз. Қазақстан жан-жақты, түбегейлі реформалардың арқасында дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Алда қарқынды жұмыс күтіп тұр», – деді Мемлекет басшысы.
Елордада жастарды қолдауға бағытталған көптеген жобалар іске асырылуда. Қаладағы жастар ресурстық орталықтары, еріктілер ұйымдары, студенттік бірлестіктер мен қоғамдық қорлар жастардың әлеуметтік, мәдени және азаматтық белсенділігін арттыруға ықпал етіп келеді. Сонымен қатар түрлі форумдар, пікірсайыс алаңдары, қайырымдылық акциялары, экологиялық бастамалар мен білім беру жобалары жастардың қоғамдық жауапкершілігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Бүгінде Астанада еріктілер қозғалысы ерекше қарқын алып келеді. Қалада өтетін халықаралық форумдар, спорттық жарыстар, мәдени іс-шаралар мен әлеуметтік акциялардың барлығына дерлік жастар белсенді атсалысады. Олар қарттарға көмек көрсетіп, экологиялық сенбіліктер ұйымдастырып, төтенше жағдай кезінде де қоғамдық қолдау жұмыстарынан шет қалмайды. Бұл жастардың тек өз болашағына ғана емес, қоғамның дамуына да бейжай қарамайтынын көрсетеді.
Жастар саясатының басты мақсаты – жастардың әлеуетін ашып, олардың бастамаларын қолдау арқылы елдің тұрақты дамуына үлес қосу. Осы бағытта мемлекеттік қолдау мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы оң нәтижесін беріп келеді. Қазіргі жастар тек білім алып қана қоймай, өз жобаларын жүзеге асырып, әлеуметтік мәселелердің шешіміне де белсенді араласуда.
Елордадағы белсенді жастардың бірі, ерікті Данияр Ерсінбек еріктілік қызметтің жастар үшін маңызы ерекше екенін айтады.
«Еріктілік – жай ғана көмек көрсету емес. Бұл – жауапкершілік, тәжірибе және қоғамға пайдалы болудың мүмкіндігі. Астанада жастардың өз идеясын жүзеге асыруына барлық жағдай жасалған. Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білсек, өзімізді де дамытамыз, қоғамға да нақты пайда келтіреміз. Ең бастысы – бейжай қалмай, әр азамат өз ортасының дамуына үлес қосуы керек», – дейді ол.
Сарапшылардың пікірінше, жастардың қоғамдық белсенділігі елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен азаматтық қоғамның дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан жастардың бастамаларын қолдау, олардың көшбасшылық қабілетін дамыту және еріктілік мәдениетін қалыптастыру алдағы уақытта да өзекті бағыт болып қала береді.
Астана бүгінде тек әкімшілік орталық қана емес, белсенді жастардың жаңа идеялары жүзеге асатын алаңға айналып отыр. Қаланың қарқынды дамуы жастардың шығармашылық және әлеуметтік әлеуетін ашуға мүмкіндік беруде. Ал мұндай мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – еліміздің болашағына салынған маңызды инвестиция. Жастардың білімге, еңбекке және қоғамдық іске деген ұмтылысы Қазақстанның тұрақты дамуының басты қозғаушы күштерінің бірі болып қала беретіні сөзсіз.
Abai.kz