Бейжіңде Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойы аясында кеш өтті

Қытай астанасы Бейжіңде қазақтың көрнекті композиторы, дирижер, Қазақстанның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған халықаралық мәдени кеш өтті.
Мерейтойлық іс-шара аясында қаланың орталық концерт залында «Әлқисса» атты шығармашылық бағдарлама ұсынылды. Кеш барысында композитордың өмір жолы мен шығармашылығына арналған музыкалық туындылар орындалды.
Салтанатты кешке Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Өңір басшысы өз сөзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
«Нұрғиса Тілендиев – қазақ руханиятының алтын діңгегі. Оның шығармалары – ұлттың тарихи жады мен мәдени кодын бейнелейтін теңдессіз мұра. Ұлы композитордың ғасырлық мерейтойының Бейжіңде аталып өтуі – қос халық арасындағы достық пен өзара құрметтің жарқын көрінісі», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Ресми бөлімнен кейін Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестрі сахнаға шығып, көрерменге композитордың таңдаулы туындыларын ұсынды. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгердің қызы Дінзухра Тілендиева дирижерлік етті.
Кеш барысында Қазақстанның халық артисі Секен Тұрысбек, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Нұркен Әшіров пен Мадина Сәдуақасова, сондай-ақ Алматы облысының өнер ұжымдары өнер көрсетті. Сонымен қатар, шара аясында қазақтың дәстүрлі қолөнері мен жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Концертке қатысқан Бейжің қаласының тұрғыны Қаламқас Серікқызы өз әсерімен бөлісті:
«Нұрғиса Тілендиевтің әуендері – жүрекке жететін шынайы өнер. Күй мен саздан туған елдің рухын сезіндім. Қытайда туып-өссем де, қазақ болып туғаныма ерекше мақтандым», – деді ол.
Abai.kz