Дүйсенбі, 2 Маусым 2025
Алашорда 1620 0 пікір 31 Мамыр, 2025 сағат 15:09

Әділетсіздік пен зұлматты ұмытпау күні

Сурет: alatau-zhuldyzy.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда 31 мамыр – аса маңызды тарихи күн. Бұл күн Кеңестік жүйе кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған миллиондаған адамдарды және 1930,1933, 1946 жылдардағы ашаршылықтан қаза болған азаматтарды еске алу күні ретінде атап өтіледі. 

Күштеп ұжымдастыру саясатының салдарынан қазақ халқы аса ауыр аштыққа ұшырады. Деректерге сүйенсек, 2 миллионнан астам адам, яғни қазақ халқының шамамен жартысы опат болды немесе шетелге көшіп кетті. 

Бұл – қазақ халқы тарихындағы ең үлкен қасіреттердің бірі. 

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада сөз сөйледі. «Өткен ғасырда Кеңес Одағына қарасты көптеген халық талай қиындықты бастан өткерді. Соның ішінде қазақ елі де зобалаң жылдардың тауқыметін тартты. Күшпен ұжымдастыру науқаны кезінде мал-мүлкінен айырылды. Жұртымыз алапат аштықтан қынадай қырылды, көп адам жан сауғалап, шетел асып кетуге мәжбүр болды. Сталиндік репрессия кезінде ұлтымыздың зиялылары, білімді, көзі ашық азаматтар жаппай қудаланды. Мыңдаған адам халық жауы атанып, аяусыз азапталды, сотсыз атылды. Ұлтымыз аз ғана уақыт ішінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сияқты мыңдаған ең асыл перзенттерінен айырылды», деді Президент.  

Бұл күн – ақтаңдақ беттерді еске түсіріп, өткен тарихтан сабақ алу күні. 

Құрбандардың рухына тағзым етіп, әділетсіздік пен зұлматты ұмытпау үшін белгіленген. Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарына арналған Алжир, Карлаг мұражайлары ашылған. 2020 жылдан бастап арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, әлі толық ақталмаған құрбандардың есімдерін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.  

«Қазақстан аумағында ГУЛАГ жүйесінің 11 лагері орналасты. «АЛЖИР» де – дәл сондай қасіретті жердің бірі. Мұнда жазықсыз жала жабылған 8 мыңға жуық әйел қамауда отырып шыққан. Олардың арасында Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сынды әйгілі тұлғалардың жұбайлары бар. Төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу – ата-бабалардың және кейінгі ұрпақтың алдындағы қастерлі борышымыз. Соңғы жылдары бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыдан 5 жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Көптеген сарапшылар мен ғалымдар үш жыл бойы тынымсыз еңбек етті. Мемлекеттік және мекемелік архив құжаттары егжей-тегжей зерттелді. Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды. Екі жарым миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды. Комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалды. Қуғын-сүргін кезінде Алашорда қайраткерлеріне қатысты қозғалған істер 12 том болып жарыққа шықты. Бұл еңбекті әзірлеу барысында бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. Сондай-ақ Президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құжаттарын зерттеумен айналысатын арнайы орталық ашылды. Бұрын құпия болып келген 700 мың құжат, яғни қылмыстық іс осы орталыққа тапсырылды. Бұл – шын мәнінде, елімізде бұрын-соңды болмаған өте ауқымды жұмыс» , деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. 

Еске алу – естен шығармау.Тарихты білу – болашақты бағамдау. 

31 мамыр – қасіретті жылдардың куәсі, азаттықтың бағасын түсінуге бастайтын күн бола бермек. 

Abai.kz

0 пікір