Бейсенбі, 5 Маусым 2025
Әдебиет 705 0 пікір 3 Маусым, 2025 сағат 15:52

Шекспирден Элиотқа дейінгі ағылшын поэзиясы

Суреттерді редакцияға мақала авторы ұсынды.

немесе «Тұманды Альбион елінің» поэзиясы қазақ еліне қалай жетті?

Шоқан Уәлиханов Шекспирді түпнұсқада, ағылшын тілінде оқыды, Шоқан «Сот реформасы туралы жазба» еңбегінде Гамлет монологының аса бір түйінді жерлерінен бірнеше рет үзінді келтіреді, қазақ  әдебиетінің әлем әдебиеттерімен  байланысын көп жылдар зерттеген академик Шәмшиябану Сәтбаева апамыз:  «Көркем ой көгінде» мақаласында Шоқан Уәлихановтың әлем әдебиетіне байланысты пікірлеріне  қатысты былай дейді: «Шоқан Уәлиханов бүкіл дүние жүзі мәдениетінің төрінен орын алатын атақты ағылшын драматургі Вильям Шекспир творчествосын Қазақстанда игеру тарихының алғашқы қадамын жасады, сондай-ақ  Россия  елінде Шекспирді тану, игеру тарихындағы алғашқылардың бірі»  дейді.

Шоқаннан кейінгі бір ғасырдан соң қазақ халқының тағы бір талантты ұлы Әбіш Кекілбайұлы 1963 жылы «Гамлеттің монологі» мақаласында  «Шекспир оны Англия үшін емес, адамзат үшін, белгілі бір заман мен қоғам үшін емес мәңгілікке арнап жазды. Гамлеттің аузынан түспейтін, ойынан кетпейтін – «Болсам ба, болмасам ба?» – адамзаттың ақыл-ойының күн тәртібінен әлі түсе қойған жоқ» - деп жазды.

Шекспирдің өзі бір әлем, шексіз әлем,  әлі де сан ғасырлар адам болмысын сипаттайтын әлем, Әбіш Кекілбайұлын жалғастыра түссек: «Гамлет ақиқат жолында шындық үшін жалғанмен, мәңгілік үшін өткіншімен, құдіреттілік үшін әлсіздікпен, ақпейіл адамгершілік үшін қапас қара ниетпен, асқақ арман үшін жербауырлаған тоғышарлықпен белдесті. Бұл – үлкен рухани ерлік. Гамлет бізге соған бола қадірлі» деп бағалады.

Гамлет - адамзат баласының басты пьесасы.

Қазақ халқының ұлы ойшылы, ағартушы, ақын, қазақ  жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы да «Көңілім менің қараңғы» (Дж.Байрон – М.Лермонтовтан) өлеңімен ағылшын поэзиясын қазақ даласына паш етті, өлең ақынға, поэзияға арналды:

Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын!
Алтынды домбыраңмен келші жақын.
Ішек бойлап он саусақ жорғаласа,
Бейістің үні шығар қоңыр салқын.

Егер сорым түбімен әкетпесе,
Керек қой көңілді үміт тебірентсе.
Қатып қалған көзімде бір тамшы жас
Төгілмей ме, бой жылып, ол да ерісе?!

Ал Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» еңбегінде Еуропа жұртының сындар әдебиетінің ұлт әдебиетіне қатысты ойын жазып келіп: «Ескерту: қазақтың сындар әдебиеті Европа үлгісімен келе жатыр және сол бетімен баратындығы да байқалады. Европа әдебиетіндегі сөз түрлері бізде әлі түгенделіп жеткен жоқ. Бірақ қазір болмағанмен, ілгеріде болуға ықтимал» - дейді. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдебиетінің келешегін «кәрі құрлық»  әдебиетінің көркемдік – эстетикалық өлшемдері үлгісінде көрсе керек, Ахаңнан кейінгі бір ғасырда қазақ әдебиеті де, поэзиясы да түгенделді, көркейді, кемелденді, ал еуропа әдебиеті дегенде ағылшын, француз, неміс поэзиялары еске түседі, ауызға бірден Шекспир келеді.

Ағылшын поэзиясын Шекспирден бастаса да болар еді, алайда «Ағылшын поэзиясы VII ғасырдың ортасынан басталады, біздің заманға дейінгі не қазіргі заманның алғашқы ғасырларынан сақталған ежелгі қолжазбалар Ұлыбритания жерінде жоқтың қасы, болса  да сақталмаған» деп түсіндіреді ағылшын ғалымдары.  Қазіргі ағылшын поэзиясы латын тілінде, содан кейін британ және ескі ирланд тілдерінде жазылды, одан кейінгі англо-саксон тілінің заңды мұрагері бүгінгі ағылшын тілі болғандықтан VII ғасырға қатысты деп шешеді.

VII ғасырда танымал болған «Жаратылыс туралы  Әнұран» жазба жәдігерінің  авторы Кэдмон деген адам,  аңыз бойынша қойшы, сауатсыз, суырып салма ақын болған. Тарихшылар Кэдмонның түсінде періште кіріп, жаратылыс туралы ән айтуды бұйырғанын, шығармасының басты сюжеттері Мысырдан шыққан яһудилер туралы, сақталған азын аулақ қолжазба мәтініне қарай «Кэдмонның Әнұраны» деп атайды. Алғашқы ағылшын ақыны Кэдмонға ескерткіш тұрғызды.

Кэдмон ескерткіші.

Толық күйінде сақталған жалғыз «Беовульф» - батырлық эпосының  қашан шыққаны туралы ағылшын ғалымдары эпостың  ғасыры, жылына қатысты өзара келісе алмады, «Беовульф» - батырлық эпосының шығуын біздің заманның 608 жылдан 1000 жылға дейінгі аралықты көрсетіп, «қолжазба нақты сақталған дереккөздермен расталмады, шындық қымбат» деседі.

«Британ ақындарының ішінен ең мықты ақынды таңдау қиын, олардың бәрі дарынды, бәрі ерекше, бәрі мықты»

Шешендігі үшін әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, Ұлыбритания тарихындағы ұлы тұлға Уинстон Черчильдің «Ағылшын тілді халықтардың тарихы» кітабында «Британия Рим империясынан орта ғасырларға дейінгі уақытта көршілерінің шапқыншылығынан көз ашпады» деп Ұлыбритания қазіргі тарихын жазды,  анау заманда грек Клавдий Птоломей мұхиттан архипелагқа кіре берісіндегі ақ жартастарға қарай  «Альбион елі» деп атайды, бертін келе ежелгі грек- рим әдебиетінде  арал ойпаттарын жиі жауып тұратын қалың теңіз тұманын тіркестіріп «Тұманды Альбион елі» деп те атап кетеді, әрине бұл тарихи бейресми атаулары ғана, ал қазіргі Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі (The United Kingdom of Great Britain and Northern Ireland) Англия, Уэльс, Шотландия мен Солтүстік Ирландиядан тұратын континентальдық Еуропаның солтүстік-батыс жағалауында орналасқан экономикасы мен индустриясы дамыған, парламенттік-  конституциялық монархиялық мемлекет.  Ағылшын тілі - ХІХ және ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Британ империясының отаршылдық саясатының, сондай-ақ ХХ ғасырдағы Америка Құрама Штаттарының әлемдік ықпалы салдарынан дамыды, әлемде ең көп таралған халықаралық  тіл,  жер жүзінде ағылшын тілінде сөйлейтіндердің саны, егер ағылшын тілін екінші тілім деп санайтындарды қосқанда 1,5 миллиард адамға жуық.

Поэзия - ғасырлар бойы британдық мәдениеттің бір бөлігі болды. Уильям Шекспирді, Джордж Байрон мен  Роберт Бернсті, Вальтер Скотты жер жүзі оқып келеді, ал «ағылшын поэзиясының атасы», ағылшын ұлттық әдебиеті мен әдеби ағылшын тілінің негізін қалаушылардың бірі Джеффри Чосер (1343 -1400), Уильям Блейк (1757-1827), викториандық дәуірдің ұлы ақыны Альфред Лорд Теннисон, ағылшын тілді ирландық ақын, жазушы драматург, Батыс Еуропа әдебиетінің көрнекті қайраткері Уильям Батлер Йейтс (1865-1939), американдық-британдық ақын, драматург, әдебиеттанушы, поэзиядағы модернизмнің өкілі. 1948 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Томас Стернс Элиот (1888 -1965) секілді  Ұлыбританияның ұлы ақындарын жоғары да аталғандардың көлеңкесінде қалады ма деп  қаласың, ал ағылшындардың өздері  «Британ ақындарының ішінен ең мықты ақынды таңдау қиын, олардың бәрі дарынды, бәрі ерекше, бәрі мықты» деп ақынға құрметін осылай білдіреді екен.

Орта ғасырлардағы ағылшын поэзиясы. Ержүрек Робин Гуд балладасы

XIII және XIV ғасырларда ауыз әдебиеті, халық поэзиясы  қарқынды дамыды. Ұлыбритания жерінде авторлары белгісіз ауыз әдебиетінің шығармаларының толы, оларды ағылшын халқының  балладалары дейді, олар тарихтың әртүрлі  кезеңдерінде туған. Ең көне  фольклорлық үлгі,  халық  арасында кеңінен таралған Робин Гуд туралы балладаны зерттеген ғалымдардың көпшілігі Робин Гуд балладалары 14-15 ғасырларда шықты деп сендіреді. Робин Гуд орман қарақшыларының басшысы Ноттингем маңындағы Шервуд орманында өзінің «Көңілді Шервуд қарақшыларымен» байларды тонап, олардың дүние мүлкін кедей халыққа таратқан Робинді британдар әнге қосып, қаһарман етіп айтып жүрген:

Жырымыз батыл  жігіт хаһында,

Оның аты  -  Робин Гуд.

Бекер емес ержүрек  ерді,

Есінде  халық  сақтайды.

Сақалын ол  қырған емес,

Мерген  атқыш болған соң,

Жаулары үйін  өртеген соң,

Робин Гуд кетті із түссіз.

Айбынды атқыштар тобымен,

Жәйлады Шервуд  орманын.

Мүлт  жібермей оқ атып,

Қылышпен ойнап сермейтін.

Екеуі  алтауға  шабуыл жасап,

Оларға ештеңе  болмайтын.

Еркін атқыштар кезіп жүрді,

Барлық  орман жолдарды (Интернет материалдарынан алынды, авторы көрсетілмеген)

XIV ғасырдың аяғында Ұлыбританияда латын және француз тілдерінің үстемдігі кезінде орта ағылшын тілінде жазған Джеффри Чосерді ағылшын ұлттық әдебиетінің негізін қалаушыларының бірі,  Джеффри Чосердің  «Кентербери әңгімелері» (The Canterbury Tales) басты туындысы болып табылады. Чосер өзінің әйгілі замандасы Джон Уиклифпен (1320-1384) Інжілді ағылшын тіліне аударды, Уиклиф пен Чосер өздерінің әдеби шығармаларында адамның жердегі өмірін көрсетіп, адамдарға әдеби қызығушылық туғызды.

Ағылшын  поэзиясының ренессансы

XVI ғасырдың басында поэзияның қарқында дамуы байқалмады, Ренессанс  Еуропаның басқа елдеріне қарағанда Англияға кеш келді. 1535 жылы Англикан шіркеуінің құрылуы католиктік дүниетанымның, интеллектуалдық және көркемдік ойдың дамуына ықпалын тигізді, ал Британияның Әскери-теңіз күштерінің мұхитта басымдық алуы арқасында Англия өркендей бастады.

Дегенмен осы ғасырдағы ең басты әдеби жаңалығы 1513 жылы Гэвин Дуглас Вергилийдің латын тілінде жазылған «Энейда» эпикалық поэмасын шотлан тіліне аударды. Біздің заманғы дейінгі 29-19 жылдар аралығында Эней батыр жөніндегі мифтерді сұрыптап, Гомер үлгісінде жазылған, Троя құлағаннан кейін өз халқының қалдықтарымен Италияға қоныс аударған трояндық қаһарман Энейдің тарихына арналған шығарма ағылшындарға жетті.

Осы кезеңдегі ең басты тағы бір оқиға Томас Уайт ағылшын тілінде сонеттер жаза бастады, ал тағы  бір ақын Джон Скелтонның  өлеңдерін кейінгі орта ғасырлар мен Ренессанс арасындағы өтпелі кезең санайды.

Уильям Кэкстонның кітап басып шығару ісінің шығуы ақындар мен  жазушылардың, ойшылдардың халық  арасында тез танымал  болуына ықпал етті, ағылшын ойшылы Томас Мор өзінің еңбектерінде адам және қоғам туралы жазды.

Ағылшын  поэзиясының шыңы. XVI  ғасыр - Элизабет дәуірі

Ағылшын  поэзиясының шыңы - XVI  ғасыр - Элизабет дәуірі кезінде ағылшын ақындары мен драматургтері, оның ішінде  Уильям Шекспир ғажап шиелініске құрылған  көркем туындылар жазды:

Жұлдыздар – сиқыр бірімен бірі арбаласқан,

Өмір – сахна сан түрлі сурет алмасқан.

Жалғыз-ақ сәтте өшуден өсу бөлініп,

Жалғыз-ақ сәтте өмір мен өлім жауласқан, - деп Шекспирдің он бесінші сонетін Мұқағали Мақатаев осылай аударды, өткен ғасырда  Мұхтар Омарханұлы  Әуезов Шекспирдің «Оттело» мен «Асауға тұсау» драмаларын, Әбіш Кекілбайұлы «Ромео мен Джульетта», «Король Лирін» қазақ оқырманына ұсынды.

Шекспирдің бізге жеткен туындылары, оның ішінде басқа авторлармен бірге жазған шығармаларын қосқанда 38 пьесадан, 154 сонеттен, 4 өлең және 3 эпитафиядан тұрады.

У.Шекспирдің алғашқы «Ричард  III және Генрих VI» деген үш бөлімнен тұратын өлең түріндегі тарихи драмалық шығармасы 1590 жылдың басында жазылды. Шекспир пьесаларының мәтінін зерттеушілер Шекспирдің пьесаларының қай кезде жазылғанын анықтау қиын, алайда «Жаңсақтар комедиясы», «Асауды тұсау» және «Екі Вероника» шығармалары ұлы Шекспирдің  шығармашылық жолының басы деп болжайды. «Бәлкім, Уильям Шекспир 1587 жылы Рафаэль Холиншедтің «Англия, Шотландия және Ирландия шежіресі» еңбегінен кейін Тюдор әулетінің пайда болуына негіз болған жемқор билеушілердің билігін песаларында көрсеткен шығар» - дейді ғалым зерттеушілер.

Шекспирдің алғашқы пьесаларына Элизабет дәуіріндегі басқа драматургтердің ішінде, әсіресе Томас Кид пен Кристофер Марлоның ортағасырлық драмалары,«Сенека» пьесасының дәстүрлері қатты әсер етті. «Жаңсақтар комедиясы» да классикалық модельге құрылған,  ал «Асауды тұсау» Лондон театрларының сахнасында күн сайын қойылды. Шекспирдің ең әйгілі трагедияларының басты кейіпкері Гамлет ұлы драматургтің жазу барысында барлық күш қуатын, көркемдік ойын жұмсаған кейіпкерлерінің бірі. Тағы бір шығармаларындағы Лир патша мен Отелло тым асығыс қабылданған шешімдерден зардап шеккен қаһармандардың тағдырын суреттеді.  Шекспирдің трагедиялары басты кейіпкері өзінің сүйіктілерін жойып жіберетін немесе өлімге әкелетін әрекеттерге негізделген. «Отелло» драмасында кейіпкердің қызғанышын көрсетіп, Яго өзінің жазықсыз әйелін өлтіреді, «Король Лир» қарт патша билік құқығынан бас тартып, кіші қызы Корделияны өлтіру сияқты зұлымдыққа барады. Шекспирдің ең қысқа трагедиясы Макбет пен оның әйелі леди Макбетті заңды патшаны өлтіруге, тақты басып алуға итермелейді, Шекспирдің «Антоний мен Клеопатра» және «Кориолан» атты  соңғы ірі трагедиялары да  кейбір сыншылардың  пікірінше,  Шекспирдің ең әдемі өлеңмен жазған драмалардың қатарына жатқызғанымен, драматургтің сүйікті трагедия жанрынан алыстамады.

Оның соңғы пьесасы «Екі асыл туыс» деп аталады. Шекспир оны 1613 жылы 49 жасында Джон Флетчермен бірге жазды.

Романтизм: Джордж Байрон және шотландық  Роберт Бернс ақындар

Англия 1688-1689 жылдардағы өнеркәсіптік төңкерісті бастан кешірді. Нәтижесінде біртұтас Британдық отаршыл мемлекет пайда болды. Осы кезде ағылшын тілі мен әдебиетінің қалыптасуы қарқынды жүрді, ағылшын поэзиясына ұлы француз революциясына және оның романтизміне, саяси радикализміне еліктеді.

Республикашыл, француз революциясының қолдаушысы, шотландық ақын Роберт Бернс (1759-1796) махаббат, табиғат және шотландық ауыл өмірін жырлаған романтикалық өлеңдер жазып кең танылды.

Роберт Бернс өлеңдерін қазақ тіліне ақын Сырбай Мәуленов аударды. «Роберт Бернс өлеңдері азаттықты, еңбекті, бейбіт өмірді, асқақ адамгершілікті сүйетін жандардың барлығына ортақ қазына. Олай болса, бұл қазына қазақ оқырмандарына жат емес», - деп шотландық ақынның  жиырмаға жуық өлеңдерiн тәржімалады. Соның бірі «Әкем адал фермер еді» өлеңі:

Әкем менің адал фермер еді,
Бай болған жоқ шығып аты.
Тастап кеткен өнегелі,
Көп ұрпаққа ұлағаты.
Мейлі тиынсыз жарлы болса,
Деді, - ол құнын білген жақсы,
Ар – ұяттан айрылғанша,
Алба – жұлба жүрген жақсы.
Ендәулетке жүзіп шалқып,
Ерке болып жаралғандар.
Ойла сенен жүз есе артық,
Қарапайым адал жандар. (Сырбай  Мәуленовтің аудармасы)

Роберт Бернстен  қазіргі кездегі сәтті  тәржімілердің бірі  белгілі ақын Қалқаман Сариннің «О Шотландия» өлеңінің аудармасын айтуға болады:
О, Шотландия,
Қас дұшпаның саған қару кезенді,
Бастан кештің кері кеткен кезеңді.
Қоштаса бер даңқыңменен ежелгі,
Отан деген оттан ыстық сөз өлді.

Твид мұхиттың асығушы ед жолына,
Сарк болса түсті құмның торына.
Атамекен бәрі, бәрі... көшті енді,
Ата жауың — ағылшындар қолына.

Ғасырларға тізе бүкпей келгенде
Сені сатқан — сатқындар ғой, көр кеуде.
Ұлы Отанды айырбастап жіберді
Уға татыр уыс ақша бергенде.

Ағылшынның қылышына болаттай
Қарсы тұрдық, жерімізге жолатпай.
Бірақ, бізді ағылшынның алтыны
Саудаласып сатып алды, оқ атпай.  (Қалқаман Сариннің аудармасы)

Романтизм дәуірінің, ақсүйектер романтикалық поэзиясының ең ұлы ақыны Джордж Гордон Байрон (1788-1824) жаңа көркемдік әдістің мүмкіндіктерін ғана емес, ақынның тұлғалық ұстанымын алға тартқан ақын. Байронның есімі Еуропа елдеріне оның шығармашылығын романтикалық құбылыстарымен байланысты танымал етті.

Ағылшын романтизмінің ақыны лорд Байронның зорлық-зомбылыққа, қанаудың барлық түрлеріне қарсы наразылықтары, итальяндық карбонарийлермен қатынасы, Грецияны азат ету үшін оның қаһармандық күресі Байронды еуропалық зиялы қауым алдында бостандық жыршысы етті.

Байронның «Чайлд Гарольд» поэмасы ағылшындардың ғана емес, әлемдік поэзияның дамуындағы жаңа кезең. Байронның Чайлд  Гарольд бейнесі уақыт символына айналды, еуропа ақындары арасында еліктеулерді тудырды:

Менмен Чайльд жүреді еш сыр бермей;

Құшағында қайғының жүрді жалғыз:

Міне енді, талақ қып туған елін —

Көнді сапар шегуге жолға алыс,

Табу үшін басқа жай, басқа қоныс,

Тозаққа да кіруге буды белін. (Қасым Аманжоловтың  аудармасы)

Қасым Аманжолов өткен ғасырдың 30-шы жылдары «Чайльд Гарольдтің» үзінділерін, «Шильон тұтқынын» қазақшаға аударып, газет-журналда бастырды. Осы кезде кейбір ақындар Байрон сарынында өлеңдер де жазуға тырысты. Қасым Аманжоловтың «Испан қызы» өлеңін  Байрон мақамында жазды.

Ғафу Қайырбековтің аудармасындағы «Еврей саздары» езілген халықтың қайғылы хал-жайы мен адам бойындағы сарқылмас күш-қуат, үміт пен жігер, ерлік пен күрес қасиеттерінің жырлануы әсерлі шықты.

Осы циклдағы «Иеффай қызының» азаматтық ерлігін суреттейтін өлең жолдарының  қазақшасы да  қайсарлыққа толы:

Туған жердің маңдайының қырсығын,

Арылтуға керек болса бір шығын.
Жаным әкем, құрбандыққа мені шал,
Қиналма сен, әкем! Менің қаным адал қан,
Ақырғы арман аңсауынан жаралған,
Жаным, әкем, құшағыңды аш маған,
Ақтық рет бата аяма балаңнан.
Жоқтар Сәлім, ол қайғыдан езілер,
Сен берік бол, төрелігін өзің бер!
Туған отан, сен азат бол деуменен
Қызық мәңгі тыныш табар, көзілер.( Ғафу Қайырбековтің аудармасы)

Викториандық ақындар

Ұлыбританияда XIX ғасырдағы  ақындарды  викториандық ақындар деп атайды,  осы ғасырдағы  ең басты тұлға Альфред Лорд Теннисон (1809-1892). Оның «Өлеңдер» жинағындағы «Шарлотта леди», «Лотос жегіштер», «Улисс», «Морте Д 'Артур» сияқты танымал өлеңдерді құрайды.

Екінші ақын Роберт Браунинг (1812-1889) – драмалық монологты дамытты, оның драмалық монологтарды шығарудағы шеберлігі оны Виктория дәуіріндегі көрнекті ақындардың біріне айналдырды:  «Сақина және кітап» деген  эпикалық поэмасында  Құдайдың адамзат алдындағы миссиясын суреттейді.

Ағылшын ақыны және мәдениет сыншысы Мэттью Арнольд (1822-1888) Альфред Лорд Теннисон және Роберт Браунингтен кейінгі викторияндық дәуірдің  үшінші ұлы ақыны. Оның «Тирсис», «Лувр  жағажайы» және «Ғалым сығандар» танымал өлеңдерін атайды.

Данте Габриэль Россетти суретші және аудармашы болған ақын. Россеттидің өлеңдері эротикалық сипатына қарай қатты сынға алынды. Ал Эдвард Фицджеральд парсы ақыны Омар Хайямның «Рубаятын» аударды. Оның аудармасы түпнұсқадан алшақ және еркін болғанымен ұлы шығыс шайырының рубайларын бүкіл әлем танысуға жол ашты.

Уильям Батлер Йейтс пен Томас Стернс Элиот

 

ХХ ғасырдың басындағы ағылшын поэзиясындағы ірі тұлға ирланд ақыны Уильям Батлер Йейтс 1885 жылы Уильям ирландиялық «Фениан» атты құпия ұйымының мүшеcі Джон О’Лиримен танысқан соң патриоттық сарындағы өлеңдер жазады. 1917 жылы Ирландиядағы революция кезінде ақын оның бел ортасында жүрді. 1923 жылы Швед академиктері «Бір елдің мәдениетін көтеруде қызмет еткен қайталанбас өлеңдері үшін» Нобель сыйлығына  лайық деп тапты.

Көптеген замандастары сияқты Йейтсте өз дәуірінің рухани кемшіліктерін жақсы білді. Оның «Мұнара», «Жасыл дулыға» және т.б өлеңдерін айтуға болады, Йейтстің «Елес» өлеңінен ақынның  поэтикалық қуатын, әлеуетін байқау қиын емес:

Күлдіргім кeп қасымдағы туманы,
Бір әңгімe айттым eлeс туралы.
Шындыққа да бұрғаным жoқ ат басын,
Қаққаным жoқ салқын oйдың қақпасын.
Тыңдаушым да oтырған жoқ танып тым
Даналығын нe қулығын халықтың.
– Oн бeс eлeс бар көргeнім тeк мeнің,
Eң жаманы – ілгіштeгі шeкпeнім.
Қазір бeрeм eн байлықты қалқымай,
Кім бөліссe жалғыздықты жартылай.
Сoл байлықты бeрeр eдім сoсын мeн,
Жарты түнгe, біргe бoлған дoсыммeн.
Сoл дoс eді ықыласын бөлeтін,
Өтіріктeу әңгімeмe көнeтін.
– Oн бeс eлeс бар көргeнім тeк мeнің,
Eң жаманы – ілгіштeгі шeкпeнім.
Өмір шіркін сағатыңды сoзады,
Жүрeгің дe жүгірeді, oзады.
Әлдилeйді мoл қуаныш, тoқ тірлік,
Eгдeлeндік, әр нәрсeні көп білдік.
Көлeңкeлeр іңірдeгі нe түнгі
Eлeс бoлып көрінeтін сeкілді.
– Oн бeс eлeс бар көргeнім тeк мeнің,
Eң жаманы – ілгіштeгі шeкпeнім.   (Ғ.Ашықбаевтың «Елес»  өлеңінің аудармасы)

ХХ ғасырда  Т.С. Элиоттай  ешкім құрметке ие болған емес. АҚШ- та Сен Луис қаласында туып Лондонда (Кенсингтон) Ұлыбританияда қайтыс болған Томас Стернс  Элиот екі елдің де бірдей  ақыны.

Т.С. Элиот өзі туралы: «Өлеңді он төрт жасымнан бастап жаза бастадым. Ол кезде Омар Хайямның әсерімен мұңды сарындағы, шерлі, атеистік рубаилар жаздым. Бағыма қарай жарияламады, барлығын жоғалтып алдым» дейді. Гарвард университетін, одан кейін Париж университетін тәмәмдаған Т.С. Элиоттың «Дж. Альфред Пруфроктың махаббат туралы өлеңдері» жас кезіндегі зерігу, бос өмір мен пессимизмі бейнелейді. Элиот поэзиясы бір ғасырдан кейін де қазіргі ақындарға мүлдем ұқсамайды, оның шығармашылығына тән күрделілік әр түрлі поэтикалық мәселелер мен олардың шешімдерінің салдары болса керек.

1925 жылдан бастап 1965 жылы қайтыс болғанға дейін әйгілі «Faber and Faber» баспасында (бастапқыда «Faber and Gwyer») жұмыс істеді, оның директоры болды.

Элиоттың кеңінен танылған «The Waste Land» («Бос жер» 1922) поэмасы бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ұрпаққа үлкен ықпал етті, «The Waste Land» поэмасы осы ғасырда «Шөл» деген атаумен  қазақ тіліне тіпті екі аудармашы аударды, біріншісі, «Еуропа поэзиясы XX ғасыр» деген жинақта Қ.Ынтыққанұлының аудармасында жүр, екіншісі, қазіргі талантты жас жаңашыл ақын Абзал Сүлейменнің аудармасы, «The Waste Land» поэмасының ерекшелігіне, композициялық күрделігіне, мифологиялық сарынына және поэтикалық форматына қарамастан екеуі де осы ғасырдың басындағы қазақ аудармасындағы сәтті тәржімелер:

Ол отырған орындық мәрмәрдай жарқыраған22

Бейне бір таққа ұқсайды,
Бетіне жеміс сабағы өрнектелген айнаның,

Артынан Эрот сығалап,

(екіншісі қанатымен бетін басқан)

Жеті тұғырлы шам алауы екі еселеніп,

Үстелдің үстіне түседі жарығы
оған қарсы жауһарлы сәуле тоғысып,

Жарқыраған құтыдан шыққан.

Хрусталь және піл сүйегінен жасалған

Беті ашық құтылардан ауаға сіңеді,

Жайылады ерекше еліктірер жұпар,

Масаттандырып әрі тітіркендіреді денені,

Ал ауа сәл ашылған терезеге сіңіп,

Шам жарығын ұзартады һәм жандандырып,

Түтінін төбеге көтереді,

Ондағы өрнекті қимылға келтіреді биге тән23. (Абзал Сүлеймен аудармасынан үзінді алынды ).

В. Х. Оден, Томас Харди, Сильвия Плат пен Тед Хьюз, Г. М. Хопкинс сияқты ақындардың өлеңдері ағылшын поэзиясының  ХХ ғасырдағы  антологиясынан ойып орын алды, олардың өлеңдері әртүрлі поэтикалық ізденістерге, бағыттырға, әртүрлі формалық шешімдерге толы.

В. Х. Оден  поэтикалық формамен үнемі тәжірибе жасаған ақын, өлеңдерінде ұйқасы мен әуенді ырғағын сақтап жазған. Ол ашық романтикаға қарсы шығып, объективті көзқарасқа баса назар аударды.

Томас  Харди өлеңдері табиғат пен табиғи сұлулықты сипаттайтын өлеңдері қысқа жолдардан тұрады, адамның өз тағдырымен күресін көрсетеді.

Сильвия Плат пен оның күйеуі Тед Хьюз бірнеше тамаша өлеңдер жазды. С.Платтың өзін-өзі өлтіруге әкелген психикалық шалдығуын өлеңдерінде  жазды.

Тед  Хьюз жануарлар мен табиғаттың ақыны. Оның негізгі поэтикалық жинақтарындағы «Жаңбырдағы Сұңқар», «Вудво», «Қарға» өлеңдері  ағылшын поэзиясының сұлулығын көрсетті.

Біртұтас – бірегей емес  поэзия. Тым саясаттандырылған қазіргі британ поэзиясы

Қазіргі  ағылшын поэзиясы  біртұтас - бірегей емес поэзия, әртекті және әртүрлі поэтикалық бағыттағы жеке ақындардың поэзиясы: ағылшындар  Шон О ' Брайен, Лиз Берри, Лавиния Гринлоу, Саша Дагдейл, шотландық ақындар Джон Бернсайд пен  Дж. О. Морганга, ирландықтар  Майкл Лонгли, Синейд Моррисси, Пол Мулдун, Фрэнк Ормсби, британдық- тринидад ақыны Роджер Робинсон және британдық-  пәкістандық  ақын Мониза Альви шығармашылығы ХХІ ғасырдың жасанды интеллект  пен  ақпараттық ағымға  төтеп, ілесіп келе жатқан поэзияны көрсетеді.

Британдық поэзияның әртүрлілігі, ең алдымен, Ұлыбританияның географиялық ерекшелігіне байланысты. Шағын архипелаг аумағында бірден бірнеше мәдени-тілдік дәстүрлер бар: бір жағынан Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия, екінші жағынан Британ аралының өзінің геосаяси сегменттері де жетіп бағады, үшіншісі – өздерінің  тарихы, диалектісі, мифологиясы бар шағын аумақтарға бөлінген.

Аталған ақындардың әрқайсысы өзінің ұлттық колоритімен, поэтикалық стилдерімен, тілдік ерекшеліктерімен белгілі бір дәрежеде британдық поэзияға тән ортақ сюжеттерді бейнелеп, ағылшын поэзиясын дамыту үстінде, «қазіргі  британдық поэзияда ақындық тұлғаның жарқ  етуі  басты мәселе»  - дейді зерттеушілер.

Қазіргі британдық поэзияның тағы бір көрнекті ерекшелігі- поэзияның саясаттануы, поэтикалық тұжырымның саяси тұжырымға айналуы. «Қазіргі британдық поэзия тым саясаттандырылған. 2010 жылы консерваторлардың  жеңісінен кейін басталды, қоғамда өсіп келе жатқан саясаттың ықпалының көрінісі, Еуропалық одақтан шығу туралы референдум Ұлыбританияны және ағылшын ақындарын  екі лагерге бөліп тастады» - дейді ағылшындық ақын Саша Дагдейл ханым  Мария Фаликманға  берген сұхбатында.

Әлемде ағылшын тілді поэзия және аумақтық мәртебесіне қарай  ағылшын поэзиясы бар, бұл екеуін бір деуге болмайды, алайда «ағылшын тілінің  әлемде  қарқынды дамуы британдық поэзияға ықпалын тигізбей қоймады, әртүрлі мәдениеттердің кірігуінен ағылшын тілінің поэтикалық құнарлығының төмендеуі байқалады» - дейді зерттеуші ғалымдар.

Әдеби сыншылар болса өткен ХХ ғасырдың екінші жартсының ортасынан бастап ағылшын поэзиясында ілгерілеу жоқтығын, ал кейбір консерваторлық сыншылар ағылшын поэзиясы құлдырау үстінде дегенді жиі айтады.

Дегенменде көптеген ірі баспалар өлең кітаптарын  шығарумен айналысса да, өткен ғасырдың 70 -80 жылдарына қарағанда кітаптары жарық көрген, танымал ақындардың өзі оқырмандар  алдына көп шыға бермейді, өйткені Англияда поэзиядан гөрі  қазір проза қарқынды даму үстінде, ол коммерциялық жолға қойылған. Ал ақындар Англиядағы экономикалық қымбатшылықтан, не ақшалары жоқтығынан емес, сезімдері мен эмоцияларын шағын аудиторияда оқығанды жөн көреді, даңғойлықты ұнатпайтын поэзия үшін  ағылшын ақындарының мұнысы да  дұрыс шығар.

Салауат Кәрім

Abai.kz

0 пікір