Жұма, 6 Маусым 2025
46 - сөз 677 0 пікір 5 Маусым, 2025 сағат 15:06

"Қазақстан Әдебиеті" жобасы жайында

Сурет: Edunews.kz сайтынан алынды

Қазақтың Димашы ерекше сыйқыры бар ғажап даусымен бүкіл әлемге махаббатын арнап, жүректен шығып, жүрекке жеткен Мұнайдардың сөзімен, Айгүлдің сазды әуезімен жарыққа шыққан әнімен әлемді тербеп, үлкен стадиондарда қазақша шырқатса , қазақтың Әлиханы әлем оқырмандарын қазақ әдебиетіне ғашық ететін күн де жақын, бұйырса!

"Қазақстан Әдебиеті" жобасы аясында аударма гранттарын шетелдік баспагерлерге ұсыну қазақтың інжу- маржандарын әлем оқырмандарына таныстыруға зор мүмкіндік береді. 500 грант! 2026-2030 жылдары осы жобада қаламы жүйрік небір дарынды жазушылардың туындылары әлемнің бірқатар елдерінің тілдерінде сайрайтын болады.

Арамыздан кетсе де, артына шығармаларын аманаттап қалдырған дүлділдердің шығармалары да қамтылады. Алматы, Астана жазушыларының ғана емес, еліміздегі бүкіл өңірлердегі қаламгер қауымның еңбектерін де барынша қамтуға тырысамыз.

Бұл жобада Алматы, Түркістан, Ақтау, және Бурабайда ашылатын резиденцияларда авторлармен бірге отандық, шетелдік аудармашылардан құралған шығармашылық ұжымның қызметі үйлестіріліп, сапалы аударма дайындау мақсатында онкүндік семинар форматта жұмыс жүреді, бұйырса. Аударма нұсқасын дайындаудың соңғы этапында шығармашылық ұжым резиденцияда көзбе-көз кездесіп, оған дейінгі онлайн талқылаған аударма мәселелері бойынша семинар жұмысында нүктесін қояды.

Бірінші жылы түркі тілдес мемлекеттердің баспагерлеріне, екінші жылы еуроодаққа кіретін мемлекеттерімен қатар Аустралия, Ұлыбритания баспагерлеріне, үшінші жылы Америка, Азия, Африка мемлекеттері баспагерлеріне гранттар ұсынылады. Бір аударма грант - бір автордың 320 беттен тұратын шығармасына берілетін болады.

2026 -2030 жылдарға жоспарланған бұл жобаның қорытынды жылында халықаралық әдеби форум- фестиваль форматта өтеді, құдай қаласа!

Қазақтың Атымтай Жомарты атанғысы келетін қалталы азаматтары жазушыларға көрсетер құрметтерімен жарысатын іс- шаралар легі жоспарлануда. БаянныңТұрсыны сыйлаған 100 пәтерден де асырып жіберсе қой демейміз! Айтыста ғана суырып салма ақындар мінген темір тұлпарлардың кілттерін енді дарынды жазушылармен бірге дүлділ жазба ақындарға сыйлап жатса, қазақ әдебиетінің қазынасы жақұт дүниелермен толыға берері сөзсіз!

Осы жобаны іске асыруға қаржылық қолдауға мүмкіндіктері бар ірі бизнес өкілдерімен қатар кез келген қайырымдылық жасауға дайын қалталы азаматтармен келіссөздер жұмыстары енді нақты бюджеті анықталған жоба аясында әңгіме өрбімек!

Жобаның идея авторы да өзім, концепциясын да дайындап мың толғатып, шарқ ұрып, жүздеген адаммен кездесіп, хабарласып, кейбірі қуанып қолдауға дайын екенін білдірсе, меселімді қайтарып, көңілімді түсіргендер де аз болған жоқ. Басымды тауға да соғып, тасқа да ұрып жүгіріп жүргенім қарақан басым үшін емес, қазаққа болсын деген ақ ниетім екенінен хабардар ағайын да жетерлік.

Үшбу сәлемімді қабыл алған, осы жобаға үлес қоса алатын еліміздің көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарын, қоғам қайраткерлерін, инвестиция құюға, демеушілік жасауға дайын азаматтарды қазақ руханиятын әлемге танытар іске атсалысуға шақырамын!

Бахытгүл Маханбетова

Abai.kz

0 пікір