Шаң басқан билік: сахнадағы жүйенің шындығы

Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театры кезекті тың туындысымен көрерменін тағы да ойға шомдырды. Бұл жолы сахнада Джордж Оруэллдің әйгілі «1984» антиутопиялық романы негізінде қойылған «Кісілер» атты трагифарс ұсынылды. Соңғы жылдары өзіндік қолтаңбасымен, батыл тақырыптарымен ерекшеленіп жүрген режиссер Гаухар Адай бұл туындыда да көпшілікке таныс дүниені жаңаша пайымдап, бүгінгі күннің шындығын терең жеткізе білді.
«Кісілер» трагифарсы көрерменді еркін ойлауға итермелейтін, қоғамдағы әлеуметтік-саяси құрылымдарды сахна арқылы әшкерелеуге тырысатын туынды. Қойылым сюжетінің өзегі Оруэллдің «1984» романындағы тоталитарлық құрылымға негізделгенімен, режиссер оны дәлме-дәл сахналауды мақсат етпеген. Керісінше, ол бүгінгі қазақстандық қоғаммен үндесетін тұстарын алып, оны терең әлеуметтік астармен толықтырған.
Гаухар Адай қойылымды трагифарс жанрында сахналауы бүгінгі қоғамымыздағы ең өзекті, ең ашық айтылуға тиісті мәселелерді сатира, гротеск пен күлкі арқылы жеткізу тәсілі. Бір жағы күлкілі, екінші жағы ащы әрі ауыр.
Қойылымда дәстүрлі мағынадағы басты кейіпкердің болмауы режиссерлік шешім ретінде ерекше назар аударарлық. Бұл тәсіл шығарманың концептуалдық өзегін айқындайтын маңызды көркемдік элементке айналған. Билікке келетін адам – «Белгісіз біреу». Ол хан ба, президент пе, әлде тек жүйенің кезекті өнімі ме, бұл сұрақтың жауабы қойылым үшін шешуші емес. Мәселенің мәні оны билікке әкелгендер мен олардың ниетінде. Олар шен-шекпен мен атақ-мансапты көздейтін, «министр», «кеңесші», «басшы» секілді лауазымдарды жеке мүддесі үшін пайдаланатын тұлғалар. Қойылымда бейнеленген билік халықтан алыстаған, өзін ғана ойлайтын жабық құрылым ретінде көрінеді.
«Белгісіз біреу» ролін сомдаған Рамазан Ақтаев кейіпкер эволюциясын өте сенімді жеткізді. Ол бастапқыда басқару жүйесінен бейхабар, абдыраған адам бейнесінде көрінсе, біртіндеп жүйенің басты тұлғасына айналып, билік тілімен сөйлей бастайды. Актердің ішкі метаморфозаны көрсетуі мінез-құлықтағы, дауыс ырғағындағы, тіпті пластикадағы өзгерістер арқылы шебер беріледі.
Еркебұлан Бекен (Ой полициясы), Қайрат Еркебаев (Халықтың жағдайын жасаушы министр), Гүлжан Абдуллаева (Сыртқы істер министрі) – барлығы да өз рольдері арқылы қазіргі бюрократиялық жүйенің ащы сатирасын жасайды. Олар сомдаған кейіпкерлердің бар болмысы тек өз мүддесін, шен-шекпен мен қалтаны ойлайтын типаждар. Әсіресе, олардың бетперде киген, жасанды сыпайылық пен өзімшілдікке толы диалогтары арқылы бұл бейнелер нанымды әрі шынайы шыққан.
Эльмира Керімбаева сомдаған Ақиқат министрі қойылымдағы моральдық тірек ролін атқарады. Ол үнемі шындықты іздейді, бірақ сол жолда жалғыз, қолдаусыз қалады. Оның финалдағы тірідей суретке айналуы ындықтың қоғамда қатып қалған, жансыз идеяға айналғанын білдіретін визуалды метафора.
Жантілеу Бахтияровтың Жүгіртпе ролі қазіргі шенеуніктердің айналасында жүрген жағымпаз топтың жиынтық образы. Оның сахнадағы қимылы, сөз саптауы, біреудің ығына жығылуға дайын тұратын бейнесі көрерменде күлкі тудырса да, астарында өткір сын жатыр. Актер өз кейіпкерінің мінезін ирониямен, дәлдікпен жеткізе алды.
Қойылымдағы басты идея – билік құрылымының жалпылама портретін көрсету болса, сол билік айналасында жүрген, бірақ оның нақты игілігіне қол жеткізе алмаған қосалқы кейіпкерлердің бейнесі де аса мәнді. Сәуле Бағланбаева мен Айдана Жантақбаева сомдаған 1-ші және 2-ші кісілердің диалогтары қоғамдағы арман мен шындық арасындағы қақтығысты ашып көрсетеді. Білім министрі болуды армандаған кейіпкерге екіншісінің «Саған білімің жете ме?» деген сауалына «Оған да білім керек пе?» деген ирониялы жауабы тек күлкі тудырып қана қоймай, қазіргі билік жүйесінің абсурдтық табиғатын әшкерелейді. Бұл актерлік сөз екпіні мен интонациялық шешім арқылы астарлы мағынаға ие болған тұс.
Майра Бақбердиева сомдаған Хатшы ролі қойылымның маңызды тірек нүктелерінің бірі. Хатшы тек кеңесші немесе көмекші емес, бүкіл жүйені ішкі жағынан ұйымдастырып, билікті жасырын түрде басқарып отырған «көлеңкедегі күштің» символы. Актриса бұл рольді сенімділікпен, мінездік айқындықпен алып шықты. Оның сахнадағы жүріс-тұрысы, дауыс ырғағы, көзқарасы бәрі де билікке деген тәжірибелі бақылаушының сипатын береді. Хатшы өзіне тағы бір хатшы тағайындағанда туындайтын ирония бюрократиялық жүйедегі өзін-өзі қайталау мен формализмнің сатиралық көрінісі.
Раиса Сергебекова орындаған «Хатшының хатшысы» ролі де шынайы сахналық мінезге ие. Ол өз қызметіне аса риза, әрі болашақта өзі де биікке жететініне сенімді. Бұл сенім жүйенің төменгі буыны өкілдерінің ішкі үмітін бейнелейді, олар үшін билік тек жоғарыдан келетін емес, бір кезек өздеріне де бұйыратын «мүмкіндік» ретінде қабылданады.
Күлкі мен трагедия қатар жүретін бұл қойылымда: халық пен билік арасындағы байланыстың үзіліп қалуы, биліктегілердің тек өз қалтасының қамын ойлауы, шенеуніктердің халықты алдап-арбауы, көзбояушылық пен жалған уәделер, барлығы да фарс ойынының ішінде бейнеленіп, көрерменді күліп отырып терең ойға жетелейді.
Қойылымдағы билік құрылымынан тыс қалған үш кейіпкер халықтың жиынтық образы, әлеуметтік реализммен көркем бейнеленген қазіргі заман адамының көрінісі. Олар биліктің шеңберінен тыс өмір сүріп жатқан, бірақ соған үмітпен қараудан танбаған қарапайым адамдар. Халық ретінде олар өзгерісті күтеді, әділетті армандайды, үміттенеді. Алайда ақыры сол жүйенің құрбанына айналады. Осы үшеудің жанайқайы, алданып, үмітінің үзілуі көрерменмен тікелей эмоционалдық байланыс орнатып, сахнаның ең жүрекке жететін тұстарына айналады.
Медғат Өмірәлиев, Гүлзамира Абдулина, Айым Адилова сомдаған кейіпкерлер күнделікті тұрмыстың қиындығымен өмір сүріп жатқан халықтың шынайы көрінісі. Олар несие алып, үйдің кезегін күтіп, тіршіліктің таусылмас мәселелерімен күресіп жүрген қарапайым жандар. Мемлекеттен пәтер алу үшін олар жүйенің талаптарына бейімделуге, тіпті сол талаптарды жасанды жолмен орындауға (фиктивті некеге тұру, ауру болу, көп балалы болуға тырысу) дейін барады. Бұл қазіргі әлеуметтік саясаттың адамның қадір-қасиетіне әсер ететін қатаң шарттарын ашық сынайтын эпизод.
Әсіресе, Медғат Өмірәлиевтің ролі ерекше назар аударарлық. Бастапқыда дені сау, еңбекке қабілетті, үмітпен өмір сүретін адам ретінде көрінсе, кейін ол жүйенің қысымымен мүгедек болып, ақыл-есі бұзылған күйге түседі. Актердің бұл эволюцияны физикалық және психологиялық деңгейде нанымды жеткізуі кәсіби шеберліктің көрінісі. Оның мимикасы мен пластикасындағы өзгерістер көрерменде терең жанашырлық пен аяныш сезімін тудырады.
Қойылымдағы осы желі арқылы режиссер қоғамдағы «жүйеге» тәуелділіктің әртүрлі формаларын ашып көрсетеді: несиемен тәуелділік, жалған үмітпен манипуляциялау, пәтер алу уәдесімен жылдар бойы үміттендіріп қою, әлеуметтік мәртебелер арқылы адамдарды өз қадірінен айыру. Осындай символдық көріністер – «Бизнесмен боласың» деп сендіру, жамау пиджак кигізу арқылы адамға жалған «мықтылық» сезімін беру, инвалидтіктен пайда іздеу сияқты нақты сахналармен көркем тілде жеткізіледі.
Жалпы қойылымда актерлер ансамблі тұтастығымен, шынайылықпен және бейнелер тереңдігімен ерекшеленеді. Әр кейіпкер қазіргі қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік топтың немесе психологиялық типтің сахналық көрінісі. Қойылымда билік құрылымындағы әлеуметтік иерархия мен адами психология дәл әрі сатиралық сипатта ашылған. Көрермен театрдағы бейнелерді ғана емес, өз өмірінен таныс жағдайларды көреді. Әр актердің сахналық шешімдері, мимика, интонация, пластика қоғамның түрлі қабаттарындағы мінез-құлық формаларын нанымды әрі әсерлі жеткізуге сеп болған.
Суретші Гүлдана Алина мен режиссердің бірлесе жасаған жұмысы сахналық кеңістікті актерлік әрекетке барынша ыңғайлы етіп қана қоймай, идеялық-эстетикалық мазмұнды көркем тілмен ашып берген. Сахнада қолданылған заттық орта – кресло, кең стол, орындықтар, шаң басқан шкафтар, ілулі костюмдер, т.б. белгілі бір әлеуметтік және семантикалық жүктеме арқалайды. Бір қарағанда қарапайым тұрмыстық заттар көрінгенімен, бұл элементтер биліктің ескірген, қозғалыссыз қалған жүйесін нақты әрі көркем түрде бейнелейді. Әсіресе шаң басқан пиджак, галстук, туфлилер – шенеуніктік жүйенің уақыт тоқтатқан, жаңарудан қорқатын табиғатын айғақтайтын мықты визуалды метафоралар, консерватизм мен формализмнің көркемдік символы.
Билік пен халықтың арасындағы шекара ретінде қолданылған есік – сахналық кеңістіктегі басты символ. Ол физикалық тосқауыл ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік, менталдық және мәдени алшақтықты білдіреді. Актерлердің есікпен әрекеттесуі, ішке кіру, қағу, күту барлығы да осы шекарадан өте алмай тұрған халықтың күйін шебер жеткізеді.
Костюмдер режиссерлік концепциямен тығыз байланысты. Билік өкілдерінің киген киімдері шаң басқан, стандартталған, бір-бірінен айырмасы жоқ пиджактар мен галстуктар шенеуніктердің дарасыздығын, жүйенің тұлғасыз бейнесін көрсетеді. Костюмдердің символдық мәні терең: олар уақытпен бірге жаңармаған, ішкі мазмұнынан айырылған жүйенің қалдықтары.
Костюмнің шаңын қағып кию сәті ерекше назар аударарлық. Осындай метафоралық тұрғыда биліктің өткенін қайта тірілту, ескі ойлау жүйесін жалғастыруға деген ұмтылыс, сондай-ақ жаңашылдыққа деген қорқыныштың көрінісі.
Г.Адай мен Г.Алинаның шешімдері арқылы қойылым кеңістігі көркем тілге, символдық көрініске толы метафоралық сахнаға айналған. Әрбір сахналық элемент белгілі бір идеяның тасымалдаушысы ретінде жұмыс істейді. Бұл театр тілімен ойлай алатын, визуалды драматургияға терең бойлаған шығармашылық топтың жоғары деңгейін көрсетеді.
Дегенмен де, романның негізгі өзегі тоталитаризм, сана манипуляциясы және жеке бостандықты жоғалту қаупі сияқты күрделі әрі әмбебап идеялар толыққанды ашылмағаны өкінішті. Себебі дәл қазіргі қоғам үшін бұл тақырыптар бұрынғыдан да өзекті. Өкінішке қарай, спектакль көркемдік шеңберден асып, көремеңге интеллектуалдық күйзеліс тудыратын деңгейге жете алмады. Сондықтан, тіл, ақпарат, бақылау және тыйым арқылы билік адамның ішкі әлеміне ене алатынын, қанша репрессия болса да, адамның ішінде еркіндікке ұмтылу сөнбейтінін, үміт оты өшпейтінін көрсетуге де мән беру керек еді. Бүгінде біз өз өмірімізді өзіміз жариялап, әлеуметтік желілерде бүкіл жеке мәліметімізді ашамыз, «ерікті бақылау» жүйесіне көндік. Бұл заманауи диктатураның жаңа түрі. Цензураны ешкім күштеп енгізбей-ақ, адамдардың өздері сыни ойлаудан бас тартып, өзін-өзі бақылауға көшті. Спектакль дәл осы үрей мен «ақпараттық иллюзияны» көрсету арқылы театрды жай сахнадан қоғамдық сана деңгейіне шығара алар еді.
Оруэлл романындағы «жаңатіл» де сахнада өткірленбей қалған тұс. «Жаңатіл» – ойлауды шектеудің құралы. Бүгінгі қоғамда бұл рольді трендтер, хэштегтер, лозунгтар атқарып отыр. «Терең ойдың» орнына клишелер, «жүйелі пікірдің» орнына мемдер мен бос айқайға толы контент келді. Ол бостандық елесін тудырады, ал шындығында сана басқаруға көндігеді. Көпшілік ашық пікір айтуға қорқады. Себебі цензура биліктен емес, қоғамның ішкі моральдық қысымынан туындап отыр. Посттарды өшіру, жаңалықты өзгерту, меммен мағына бұрмалау Оруэлл жазып кеткен «Шындық министрлігі». Цифрлық бақылау, әлеуметтік желілердегі манипуляция, еркін пікірдің шектелуі мұның бәрі біздің бүгінгі өміріміздің көрінісі.
Қазақстанда жастар TikTok, Instagram, Telegram арқылы өмір сүреді. Олар үшін ақпарат қысқа, жылдам, әсерлі. Ал театр бүгінгі таңда шынайы, терең ой мен эмоция сақтаған кеңістік функциясын атқарып отыр. «Кісілер» қойылымы шығарманың негізгі идеясын толық жеткізе алғанда, ол театрды жай көркем құрал емес, қоғамдық ар мен ұяттың тірі айнасына айналдыра алатын еді.
Жоғарыда аталған мәселелер қойылымда толыққанды әрі батыл көрсетілгенде, ол тек Қазақстандағы әлеуметтік-тұрмыстық шеңбермен шектелмей, қазіргі әлемдік тенденцияларды да дәл басып, бүкіладамзаттық проблемалар деңгейіне көтеріле алатын еді. Себебі Оруэллдің «1984» романы белгілі бір елге тән құбылыстарды емес, бүкіл адамзаттың еркіндік пен бақылау арасындағы мәңгі тартысын сипаттаған туынды. Бұл шығарманың табиғатында ұлттық шеңберден асып, ғаламдық ескерту ретіндегі миссия жатыр. Ал қойылым соған лайық көркемдік-көзқарастық батылдық танытқанда, ол бүгінгі ұрпақтың ақпарат дәуіріндегі саналық күресіне нақты үн қосушы болар еді.
Қалай десек те, Гаухар Адай ұсынған «1984» шығармасының идеясы бойынша жасаған интерпретациясы қазақ театрындағы жаңашыл қадам ғана емес, қоғамды оятуға бағытталған көркем әрі батыл әрекет. Режиссер Гаухар Адай Оруэллдің романын сахнаға бейімдей отырып, өз заманының шындығын, қазіргі қазақстандық қоғамдағы билік пен халық арасындағы диалогтың үзілуін, үміт пен түңілудің қатар өмір сүруін көрсеткен. Қойылымда көркем сөздер, аллегориялар, астарлы диалогтар мен ирония арқылы өткір саяси һәм әлеуметтік сын айтылған. Жүйе туралы айтылған әрбір метафора, әрбір ишара көрерменге бағытталған айна. Біреуі айнадан өзін көріп шошиды, біреуі шындықтың айтылып жатқанына айызы қанып отырады. Сондықтан, Ақтау театрының бұл қойылымы қазіргі қоғам үшін терең әлеуметтік және философиялық ой тудыратын маңызды мәдени оқиғаға болғаны сөзсіз.
Анар Еркебай,
театртанушы, өнертану кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры
Abai.kz