Бейсенбі, 19 Маусым 2025
Жаңалықтар 185 0 пікір 19 Маусым, 2025 сағат 13:47

Еңбекке көрсетілген құрмет

Сурет: qazradio.fm сайтынан алынды.

15 маусым күні Алматы қаласында Қазақстан Республикасының көрнекті әскери және қоғам қайраткері – генерал-майор Төгісов Әмірбек Әнуарұлына арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өтті. Шараға Әмірбек Әнуарұлымен қызметтес болған дос-жарандары, туған туыстары көршілері мен БАҚ өкілдері қатысты.

ҚР Ұлттық ұланы №5571  әскери бөлімінен құралған оркестр Мемлекеттік әнұранды орындағаннан кейін, батырдың бірге өскен қарындасы ағасына деген құрметі мен сағынышын былай жеткізді: «Ағам өте керемет адам болған. Осы күнге дейін мені құшағына қысқанының өзі ерекше еді. Мен сол кездерді қазір де ұмыта алмаймын, әлі күнге дейін аңсаймын. Әмірбекке біз де қарап өстік. Өзінің жаратылысы да, тегі де өзгелерге ұқсамайды. Адамның көрсеткен үлгісі артындағы ұрпағын тәрбиелейді. Біз күні бүгінге дейін осы үлгімен келе жатырмыз. Артындағы ұрпақ Әмірбек ағамның атына кір келтірмейді деп үміттенемін. Еңбегі елеп-ескеріліп, мынадай ескерткіш тақта орнатылғанына көңіліміз тасып, қуанып тұрмыз», – деп, көзіне жас алды.

Әмірбек Әнуарұлы бүкіл саналы ғұмырын бұрынғы Кеңес Одағының Ішкі әскеріне, кейіннен  тәуелсіз Қазақстанның қауіпсіздігіне арнаған. Ол еліміздің Ішкі әскері мен Қарулы күштерінің қалыптасуына, дамуына тікелей атсалысты. Сондай-ақ, жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу жүйесінің негізін қалаушылардың бірі болды.

«Тәуелсіздік алғаннан кейінгі аумалы-төкпелі заманда, ел есін жиып болмаған кезде, іргеміз әлі бекімей тұрған кезде армияның іші-сырты реттелмей жатқан кезеңде үлкен жауапкершілікті мойнына алған санаулы қазақтың қадау-қадау азаматтарының бірі осы біздің Әмірбек болатын. Басшылардың да, халықтың да ыстық ықыласына бөленді. Кісілігі, адамгершілігі, еңбекқорлығы, білімпаздығы, ұсақ-түйекті қалт жібермейтіні, халыққа деген құрметі, жастарға деген тәрбиесі қашан да өнеге болып қала бермек! Бауырымыздың жана жәннатта болсын!», –  деді Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ұлықпан Есілханұлы.

Қарапайым сарбаздан генерал-майор дәрежесіне дейін көтерілген қайраткер қызмет жолында Магадан, Амурдегі Комсомол, Қарағанды, Гурьев, Мәскеу, Алматы және Астана қалаларында әскери міндетін абыроймен атқарды. Әмірбек Төгісов Ферғана өңірінде, Таулы Қарабақ пен Балтық жағалауындағы аймақтарда болған төтенше жағдайларда қоғамдық тәртіпті сақтау шараларына да қатысқан.

1992 жылы Мәскеуде, КСРО Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлер Бас басқармасында қызмет етіп жүріп, туған еліне қайта оралды. Қазақстан Республикасы Ішкі әскері қолбасшысының орынбасары болып қызмет атқарды. 1996 жылға дейін аталған құрылымды қалыптастыру мен дамытуға белсене атсалысқаны үшін оған 1996 жылы генерал-майор әскери атағы берілді.

1997 жылы Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды. Әмірбек Төгісов бұл қызметте жүріп, еліміздің халықаралық әскери әріптестігін нығайтуға елеулі үлес қосты. 2000 жылы әскери қызметін аяқтағаннан кейін, «ҚазақАлтын» концернінде қызмет атқарып, кейін әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде қоғамдық істерге араласты.

Шара соңында артында қалған жұбайы Татьяна Төгісова жиналған қауымға, ұйымдастыру жұмыстарына қол ұшын созған жандарға ерекше алғысын білдірді.

Қажырлы еңбегі үшін бірнеше медальдар мен «Айбын» орденінің иегері атанған генерал-майор Әмірбек Әнуарұлы Төгісовке мемориалдық тақта ашу – мемлекет пен қоғам алдындағы зор еңбекке көрсетілген лайықты құрметтің белгісі.

Дана Садырқан,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің студенті

Abai.kz

0 пікір