Вашингтон турнирі: Елена Рыбакина ширек финалында

Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина жекелей сында Вашингтон (АҚШ) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 88-орындағы канадалық, 18 жастағы Виктория Мбоконы қапы қалдырды.
Матч 6:3, 7:5 есебімен Рыбакинаның пайдасына шешілді.
Бір сағат 25 минутқа созылған бәсекеде Елена 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Мбоко 3 эйс, 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 24-ракеткасы, Польша өкілі Магдалена Френх немесе кортқа жуырда қайта оралған 45 жастағы атақты америкалық Винус Уильямстің арасында жеңгенімен сынға түседі.
Abai.kz