Әскери қызметшілер үшін eGov-тың баламасы жасалды

Енді әскери қызметшілер өздерінің жеке деректерін, құжаттары мен қызметтік ақпараттарын онлайн қадағалай алады.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, әскери қызметшінің бірыңғай жеке кабинеті іске қосылған. Жоба мақсаты eGov.kz порталына ұқсас, бірақ әскери салаға бейімделген ыңғайлы әрі ашық жүйе құру.
Онда әскери қызметші өзінің еңбек өтілін, демалыс уақытын, келесі әскери шеннің қашан берілетінін, рапорттар мен бұйрықтарды көре алады. Сондай-ақ түрлі қызметтерге онлайн түрде қол жеткізу мүмкіндігі болады. Мұның бәрі әскери eGov форматына көшіріледі,– деді Ахмедиев.
Сонымен қатар, тағы бір маңызды цифрлық бастама – Jauynger.gov.kz порталы іске қосылған. Ол келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау процесін жеңілдетуге бағытталған.
Жоба 10-нан астам ақпараттық жүйемен біріктіріліп, қызметке қабылдау мерзімін 6 айдан 1 айға дейін қысқартуға мүмкіндік беріп отыр.
Еске салайық, бұған дейін әскери оқу орындарына түсу жеңілдегенін жаздық.
1 қыркүйектен бастап жаңа цифрлық әскери оқу платформасы қосылады.
Сондай-ақ, әскери-медициналық жүйе цифрлық форматқа көшті.