Дүйсенбі, 28 Шілде 2025
Ақмылтық 201 0 пікір 28 Шілде, 2025 сағат 13:03

Қытай Ресей мұнайын сатып алмағанда...

Сурет: РБК сайтынан алынды

АҚШ Мемлекет істер хатшысы Марко Рубио "Fox" телеарнасына берген сұхбатында Украина-Ресей соғысы, АҚШ пен Қытай қатынасы, Қытай, Ресей, Иран, Солтүстік Корея - төрттігі туралы егжей-тегжейлі тоқталды.

Тізгіншінің: "Трамп Путинге соғысты тоқтатуға 50 күн уақыт берді, өйтпегенде 100 пайыз кедендік салық белгілейтін болды. Бұл шара нәтиже бере ме? Путиннің оған көзқарасы қандай? Жағдай қалай өзгеруі мүмкін?" деген сұрағына Рубио былай деп жауап берді:

"Ең алдымен, менің ойымша әрбір саналы азамат президент Трамптың бейбітшілік орнатуға талпынысына рахмет айтуы тиіс. Оның бейбіт келісім орнатқысы, соғысты тоқтатқысы, алдын алғысы, аяқтатқысы келеді. Анығында бұл оның соғысы емес. Билікке келген соң соғысты тоқтатуға талпынды. Путинмен өзара әңгімелер сәтті болғанмен ешқандай нәтиже бермеді. Қазір Трамптың төзімі сарқылуға жақын" деді.

Рубио сондай-ақ жыл басынан бері Ресейдің 100 мың әскерінен айырылғанын алға тартып, Путинның келісе жүріп соғысты жалғастыру тактикасының ендігары өтпейтінін, Трамптың ондай шырғаға алданбайтынын, бизнес майданынан саясат майданына келген Ақ үй басшысының ондай қулықтарға ішінен күліп отырғанын ашық айтты.

Рубионың ойынша Қытай Ресей мұнайын сатып алмағанда Путин соғысты бүгінгі күнге дейін жалғастыра алмас еді. Өз сөзімен айтсақ: "Қытайдың көмегі болмаса соғыс ұзармас еді. Мұны еуропалықтар бірінші аңғарды. Қытай тарабы соғыстың жалғасуына мүдделі. Сол арқылы біздің назарымызды шашыратып, өзінің басқа аймақтардағы көздегеніне қол жеткізбекші. Қытай Ресеймен ғана шектелмей Иран мұнайын да көптеп сатып алуда. Бірақ біздің Иранның ядролық нысандарына жасаған соққымыздан кейін Қытай болсын, Ресей, Солтүстік Корея, басқасы болсын сақтана бастады. Иранға көмек қолын созудан қашқақтады"

Рубио президент Трамп ең жойқын бомбалармен Иранға соққы жасау арқылы Американың дүниедегі ең озық, ең жойқын, ең қуатты әскери күшке ие екенін әлем жұртының есіне қайта салып, диктаторларға ескерту жасады деп есептейді.

Abai.kz

0 пікір