Сәрсенбі, 30 Шілде 2025
Айтқыш екен 392 0 пікір 29 Шілде, 2025 сағат 15:20

Қазақстандық патриотизмге қашан қол жеткіземіз?!

Сурет: сайт мұрағатынан алынды

Қарағандылық Алика кейсін айтам да, қазақ жерінде туған, Қазақстан балабақшасынан, мектебінен, инсититутынан білім алған 22 жасар қыз қалайша Отанын, оның мемлекетқұрушы ұлты - қазақ ұлтын соншама кемсітіп сөйлеп, жек көреді екен? Ал жылда патриотизмді көтеруге бөлініп жатқан қаржы-қаражат қайда кетіп жатыр? Тіпті, елден безген қыз қашпақ боп тұрғанда ұсталды деген ақпарат тарады ғой.

22 жас деген азамат боп қалыптасқан кезең. 11 жыл мектепте оқыған адам қазақ тілін “калбитский диалог” деп мазақтамай, таза қазақша сайрап тұруы керек қой… Бар мәселе ұлттық идеологияға барып-тіреледі. Бізде патриотизм барлық жерде бірдей дәріптелмейтін сияқты.

Біраз уақыт бұрын Астанада баланы отырғызатын, ұшақта жеңіл жиналатын арба алу үшін дүкенге бардым. Сатушының түрін байқаған да жоқпын, қазақша сұрап жатсам, ар жақтан қазақша жауап беріп жатыр. Бір кезде жаныма орыс қызы келді. “Ой, айналайын, қазақша өзің үйреніп алдың ба?” - десем, “Жоқ, арнайы курсқа бармай, мектепте үйрендім ғой” деп тұр. Қайда оқығанын сұрасам, Астанадағы орыс мектебінде оқыған, бірақ қазақша сайрап тұр! Бұл ненің белгісі? Оқимын, үйренем, қоғамға интеграцияланамын, өсемін деген адам қазақ тіліне “калбит диалогы” деп мүсіркемей, кемсітпей, керісінше, тілді жақсы көріп, үйреніп алады ғой. Сосын Астананың вайбы бөлек, бұл жерде жаңа қалаға тән жаңа тенденциялар, мәселен, тілді үйренуге деген қажеттілік ауада да қалқып жүреді.

Елдегі ұлтаралық, дінаралық жағдай оңай емес. Бізге мемлекеттік деңгейде ұлттық идеологияны мықтап қолға алу керек. “Ойбай, солтүстікте қазақ аз” деп тілге қатысты талаптарды кейінге шегеруге болмайды. Бұл арада шовинистік, ксенофобиялық, ұлттық алалаушылық, тіл жағынан кемсітетіндерді Қылмыстық кодекстің 174-бабымен шартты түрде емес, нақты жазамен жазалау керек. Басқаларға сабақ болсын.

Өкінішке қарай, ұлттық идеологияның жоқтығынан солтүстік өңірлерден шығып, желіде ұлтқа қатысты негатив жазатын бірен-саран мектеп мұғалімдері барын да байқадық. Өкінішке қарай, бәрін скриндеп жүретін әдетім жоқ. Қайбір жылы АҚШ елшісі қазақ елін мерекеде қазақша құттықтаған еді. Соған мен де “Елші мырза, рахмет” деп жылы лебізімді білдірсем, менің жазбама бір орыс әйел ашулы смайлик қойып кетіпті. Кім екен деп қарасам, Павлодар ма, Петропавл ма, есімде жоқ, сол өңірде орта мектепте сабақ беретін мұғалім екен. Сөйтсем, тек қазақша жазылған сөздерге ғана ерінбей ашулы смайлик қойған. Ал ол жерде қазақша жазбалар өте көп еді… Ауру ма десең, мектепке психикалық жағдайын тексеріп алмаушы ма еді деген ойға келесің… Бірақ екінші жағынан соншама қазақша жазбаға жаман смайлик қоям деп қаншама энергиясы кетті, қаншама нерв талшықтары өлді… Сау адамның тірлігі ме?

Жалпы, қазір бізде қазақ қоғамы өте сауатты. Біреу бірдеңе жазса, ІІМ-не, прокуратураға “құқықтық баға” беру бойынша арыз жазып жүр. Өте дұрыс қадам. Мұндайлармен ұрыспай, төбелеспей, жеке басына тиіспей, заңмен жазалау керек. Ең бастысы, қазақша көбірек жазайық, сөйлейік! Қазақ тілін жек көретіндерге жаудың керегі жоқ, өзінен-өзі жынданып, ауру табады ғой. Мәселен, өткенде желіде біреу тәтті тағамның рецептісімен бөлісіп жатыр екен, сөйтсем қырғызша түсіндіріп жатыр екен. “Қандай керемет рецепт. Әдемі түсіндірдіңіз. Бәрін түсіндім” деп жазып жіберіп едім, қырғыз бауырлар мәз боп қалды. Қазақ бауырлар, рахмет деп жатыр. Менің пікіріме пәленбай қырғыз лүпіл жіберді. “Қазақ-қырғыз бір туған” деп қояды. Осындай позитив нәрсе жақсы емес пе?

Біздегі көп азаматтар ресейлік пропагандаға тойып алғасын секіреді ғой… Кабельдік, спутниктік, ютуб-арналарын түрлі айла-амалмен жапсақ, шектесек, көп адамның беті бері қарайды ғой…

Ал Аликаға келсек, 22 жасыңда ойнап-күліп, адамдарды алаламай, тілді кемсітпей, өміріңді пайдалырақ нәрсеге жұмсамадың ба? Мен 22 жасымда Нұрболат Масанов, орыс, казак қауымдастықтарының басшылары Бунаков, Беляковтардан сұхбат алып, қазақ және орыстілді ортаның өзара түсінісуіне атсалыстым. Бір сұхбатында Бунаковтар “біз қартайдық қой, енді тілді жастар үйренбесе” деп еді… Немересін де қазақ балабақшасына бергенін айтқан еді. Енді сол жастар Аликалар неге мемтілге мүсіркей қарайды? Неге орыс және орыстілді жастар да екіге бөлінген? Неге Глеб Пономаревтар қазақ тілін үйреніп, насихаттап, түрлі әдемі жобалар жасайды да елдің разылығына бөленеді? Ал басқалар тілді қажет етпейді?

Қашан ұлттық, патриоттық идеология Түркиядағыдай, тіпті көрші өзбек еліндегідей кең көлемді әрі нәтижелі жүргізіледі? Патриотизмге бөлініп жатқан қаржының да сұрауы бар ма? Неге қазаққа жақын болуы тиіс татар қызы осылай жасады? Сауал көп. Түркілік рухты көтермек түгілі, жалпықазақстандық патриотизмге әлі де қол жеткізе алмай отырмыз ғой…

Камшат Тасболат

Abai.kz

0 пікір