Софы Сматаев. Мұңлы ойлар
Софы Сматаев – 85 жас!
Abai.kz ақпараттық порталы қазақ әдебиетіне бәсі бөлек олжа салған сөз иесін мерейлі жасымен құттықтай отырып, жазушының күнделігінен үзінділер беруді қош көріп отырмыз. Көзайым болыңыз, құрметті оқырман!
МҰҢЛЫ ОЙЛАР
(философиялық толғамдар)
Қаламгер болып қалмақ үшін емес, ермек үшін өлең жазатындарды білем. Бермек үшін емес, әлденеңді алмақ үшін түп-тұқияныңды қазатынды да білем.
Өлең деп жазғандары еш өлшемге сыймаса да, еш өңдеу, жөндеуге илікпесе де, топталып, түптеліп, «кітап» деген шекпенді іліп, кітап дүкендеріне қысыла-қымтырыла кіріп алып, кең сөрелерге көсіле жайғасқан соң-ақ төңірегінен өзі тектес күлдібадам күйде айқайлаған аты бар, күбірлер де заты жоқ, әлекей-шәлекей безенген «әріптестеріне» қодилана шікірейіп, шекесінен қарап шыға келеді. Сол сәтте сөрелерде алтын әріптері жарқ-жүрқ етіп қораздана қалған әлгі «дүниесіне» қызыға, масаттана қараған автордың (әрине жақша ішіндегі автордың) екі езуі екі құлағына жетіп, төбесі көк аспанды тіреп, табаны жұмыр жерді тесіп жіберердей шіреніп, әлемдегі ең құдіретті, ең қасиетті классик қалпына енеді. Неге енбесін. Анандай көздің жауын алатын, ұстасаң салмағынан қолың талатын кірпіштей қалың кітапты бүгінде Әбдіжәміл көкең шығарып па?.. Әбіш-мәпіш, Мұхтар-сұхтар, Софы-мопыларың жаза алып па?.. Жаза алса, түп-тұқиянды түгел қаза алып па?.. Ендеше ендігі мықты да өзі. Пайғамбар да өзі. Қаламына қара сиясын құйып алып, ақ қағазға телмірген анау көп қаламгерсымақтың табынатын пірі де өзі.
Ал енді осындай «дүниеде жоқ шедеврлерді» туғызатындармен таласып көр. Талтаңдап келіп аузыңдағы малтаңды жұлып алсын. Қалшылдап жетіп, қалтаңның түбін тиын тұрмайтындай етіп тесіп жіберсін. Неге өйтпесін. Сонау төрде… биік… биік сона-ау төрде өзі отырады. Не қазынаның бүкіл қаржысын алдына өңгеріп алып, олай шашса да, былай шашса да ешкім ештеңе дей алмас баласы, панасы, қарасы, ағасы отырады. Бірдеме деп үндедім дегенше, «кітабы кітап емес» дегенге аузыңды икемдей бүре бастасаң-ақ үйелменіңмен ұйпа-тұйпа болып қоқыстың үйіндісінен бір-ақ табылғаныңды білмей де қаласың. Ал сонсоң сынап көр. Өзіңнің кітапсымағынды жазып көр. Тендерден тып-типыл қылып қақсын. Шыбыныңды шырылдатып бақсын. Қоңыз теріп кетпегеніңе тәуба деп жан шақырғаныңды ешкімге сездірмей, қазаны қаңсыған қуыс үйіңе қуылып тығыларсың.
Әне, ермек үшін жазылған кітаптың күрмегі мен кермегінің құдіреті. Солай, бауырым. Солықтай бер сор мандайыңды сойылға төсеп.
***
Бел бесікте уыз болып шайқалып, тал бесікте сәбидің іңгәсімен тербетіліп, ел бесікте азамат болып ержетіп, мәңгілік жер бесігіне кетерде алды-артына ақтық рет көз сүзбес жан болмайды.
«Кімім бар, кімім жоқ?» деп алдына қарап үңіліп, артына қарап түңілер қазақ бар.
«Күнім бар, түнім жоқ!» деп алдына қарап шалқайып, артына қарап марқаятын қазақ бар.
Алдыңғысы – «бір күн бақ, бір күн тақ, бір күн атақ!» деп кеудесін мансапқорлық пен пайдакүнемдіктің алабас құрты кемірген, жазықсыз жандардың сорғалаған жасынан алтын құрап, кінәсіз құрбандардың жүрек қанының тамшысынан доллар жасайтын пенделер ғана.
Кейінгісі – «Ай ортақ, Күн ортақ, асыл ортақ!» деп, «Елім!» деп еміреніп, «Халқым!» деп қамығып, пендеден адам болып өсіп, адамнан азаматқа айналып, азаматтан тұлға болып ту ұстап, тұлғадан тұтқа болып ұлтын бастап кеткен көсемдері.
Солар – ағайынын ғана емес, ауылдасын, аймағын ғана емес, жалпақ жұртын жақыным дейтін. Қандасын, қарындасын ғана емес, барша қазағын, тұтас алашын – ұрандасым дейтін елдің ұлынан елінің еріне айналған.
Солар – сөзінің бәтуасы, кеудесінің жалыны, жанының жарығы бар халық ұландары болып, аспандаған көзі төменге түспейтін төрдегі төрелердің талайын тәубасына келтіріп, жұрт ағасы атанған.
Қазақ атты көнтері халықтың, қазақ дейтін көнбіс ұлттың ызақор қайнар ашуға бір басса алмайтын қамалы, шықпайтын биігі, жетпейтін мақсаты болмайтынын сол қазағын бастаған Алаш азаматтарының бүкіл өмір-ғұмыры айғақтап кеткен. Сол тұлғаларымыз бен тұтқаларымыздың кесектігін, нарлығын, ерлігін жалғастырып әкете алсақ, сонда ғана Алаштың ырысы артады. Сонда ғана алауыз қазақтың аузы бірігеді, түтіні қосылады. Сонда ғана халықтың меселі қайтпайды. Тауы шағылмайды. Сонда ғана өз сыбағасы өзінің табағына түседі. Дәмдісі таңдайына татиды.
Ылайым сол күнге тезірек жетуге жазсын.
***
Өнер дегеніміз – төсінде кемесі жүзіп, аққуы қалқыған шалқыған шалқар теңіз бен бауырында орман-тоғайы сыңсып, ұшарына қазбауыр бұлт қонақтаған толағай таудың көз жауын алар сұлулық болып жымдаса қалар жағалауындағы әсемдікке толы кемер. Сол кемерге қызыға ұмтылып, талпына қол созатын шын таланттар бар. Сонымен бірге сұлулықты табанымен таптап, өнер кемерін кеміріп құртып, ластап жүрген, таланттылықтың ауылынан мүлде ажырап қалған парықсыздар бар. Сол парықсыздықтың жабайы көрінісі әсіресе бүгінгі Ресей киносы мен қазақ түсірілімдерінде көрген көз бен тіксінген көңілді көпке дейін құбыжыққа кездескендей үрейлі әсерден ажыратпай қояды.
Толып кеткен атыс-шабыс. Сарылдап судай аққан қып-қызыл қан. Тапа-тал түсте беттің арын белге түйіп тастағандардың айуаннан да жаман дөрекілікпен біріне бірі шөгуі.
Өнер – адам жаратылысын жақсылыққа ғана баулитын сиқырлы күш деп ойлаушы едім, өнердегі байыптылық махаббаттың ибалылығынан кем болмауға тиіс дейтін ұғымға илігетінмін. Соның бәрі бүгінде адыра қалғандай. «Апырау, күнәһарлықтың шеті мен шегі болмаушы ма еді?» дейсің қинала кейіп. Бірақ кейігеніңді естіп, күйінгеніңді біліп жатқан кім бар. Зұлымдықтың жарық біткенді тұмшалап, қараңғы түнегімен орап алатынын ұғынған қылмыскерлер (қазіргі заманауи барша киношыларды солай атамасқа әддім жоқ) ақыл тоқтатпаған жасөспірімдердің санасын улап, жыртқыштық дәнін әрнені тез қабылдағыш кеуделеріне егіп, мінез-құлықтарын жабайылықтың рухымен суарып жатқанын тоқтатар билік бар ма? Осыдан кейін бірін бірі пышақтап, біріне бірі мылтық кезенген мектеп оқушыларының бей-берекет қадамға баруын кімнен көреміз? Ызғары шарпыған, ызғырығы күшейген бүгінгі заманның сұп-суық кезеңінен жан жылытар күнгейді таба алармыз ба?
Мәңгілік өнерді парықсыздың қып-қысқа ғұмырының илеуіне түсіріп, неге құрбандыққа шалдырамыз? Жұлмалап жүндей берсе, киім-лыпасын дар-дар жыртып, әбүйірін айдай әлемге бадырайтып ашып тастап, жалаңаштай берсе мәңгілік дейтін өнердің мағынасынан не қалмақ?
Өнердін ең кадірлісі, ең қасиеттісі саналып, адам жанының қыл пернесін шертіп барып, сергіп тірілетін – музыканың бүгінгі жадау, жүдеу күй-халін қай демімізбен үрлеп жылытып, қай себімізбен түзей алмақпыз?
Ән-әуенге жүз қайнаса сорпасы қосылмайтын дырылдақ, дарылдақ жасанды жаңғырықтарды барылдақ, қырылдақ дауыссымақтарымен жарыса қайталап, көк жәшік пен кең сахналарды жаулап алып, жайлап жүрген әншісымақ өнерсіздердің өнердің тамағына сояудай тырнағын қадап, тамшылата ағызған қанымен бірте-бірте сол асылымыздың ғұмырын қас-қағымға айналдырып бара жатқанын қашан көреміз? Қамкөңіл жанның қайғы-қасіретін серпіп жіберіп, қатулы қабағын мөп-мөлдір шуағымен жадыратып ашатын құдіреттің өзіндей музыканы салдыр-гүлдір, даңғыр-дүңгір бей-берекет шуылдақ дыбыстардың астына көміп тастап тұншықтырып бара жатқан қатыгездіктің жүндес жұдырығын неге жұлып тастамай жүрміз?
Қайдан жұлармыз. Олимпиада чемпиондарын марапаттау кешіндегі дарылдақ, барылдақ, жарқылдақ, жырқылдақ концертсымақты басшыларымыз түгел есі шыға рахаттанып тыңдаса. Солар үшін мен ұялдым да көксоққыр көк жәшікті сөндіре салдым.
Шынымен-ақ жүрегіңнің қыл ішегін шертіп басып, жан-дүниеңді әсемдікке ұйытатын ұлттық әуезді үннен адасып қалғанымызды сезбей, мәңгүрттіктің сірі кепесімен бас терімізді қаптап алып, зомби тіршілігіне көшкенімізді білмей де қалдық па?
Ал күйінбеген, күймеген, азап шекпеген өнер адамының азаматты дүр сілкіндіріп, тұла бойын түгел баурап алар ғаламат дүниені (шедеврді) туғызарына сенбеймін.
Өзінді өзің жұлып жер өлермендігің ғана өзгенің өшкенін тірілте алардай өміршең туындыңның кіндігін кесіп береді. Шынайы өнердің құдіреті – өмір қанын өршітуінде.
***
Осы біз талап пен талғамды ажырата алып жүрміз бе? Кейбіреудің екеуін бір ұғымға балайтынын білемін.
Ал өзім қалай пайымдар едім деп біраз ойлана кідірдім.
«Талаптың мінсе тұлпарын», «талантты ерге нұр жауар».
Далбасалап құрастыра салдым-ау деймін. Әй, бірақ…
Талаптың атына мінгеннің бәрі дұрыс бағытқа құйғыта жөнеле ме?
Талапты ердің бәріне адалдықтың нұры құйыла бере ме?
Танып, білуге, білімге, өнерге, әдемілікке әсерлене ұмтылып талаптану, меніңше, бір басқа. Ондай талап адамның ойын өсіріп, асқақтатады. Бой қуатын күшейтіп, көбейтеді. Жасампаздықтың жолына жетелеп, дүниенің бір кірпіші болып қалана қалуыңа мүмкіндік береді.
Билікке, байлыққа қызығып, қызметіңде қызметсіз өсуге, орынсыз бөсуге, асқыну-тасқынуға кимелеп талаптану және бір бөлек.
Ондай талап адам бойынан қасиетін қашырып, қасіретін ғана қастерлейді. Дүниені түзейтін кірпіштен дүниені бұзатын құмға айналдырады. Ұлдық бейнеңнен құлдыратып, құлдық кейіпке түсіреді.
Талаптың талаптарын талқылап, туралыққа табандатып түсіретін құдірет не сонда?
Тап басып, тіліп түстім демеймін – талапты туралайтын талғам ғана. Талғамсыз талап – тормозы жоқ КамАЗ-бен тең. Не жарға жығады, не дуалға соғады.
Талғам – ақылыңның сақшысы, адамдығыңның өлшеуіші. Ақылға жүгінбей, адалдығыңды тәрк етсең талғамның төрт аяғы аспаннан келіп, ажалымен аймаласа жөнеледі. Сол себепті адам ойының бұзылмауына, бойының бүлінбеуіне бірден бір тексеруші тетік – талғамның татымдылығы. Сонда ғана «тас қияға өрлетер» таза талаптың тұлпарына тұйғындай жарасып жамбас басасың. Менің пайымым осы.
***
Қазақтың күйіне тең келер құдірет жоқ. Домбыра күмбірі ұзақ бебеулеп, ұзап күбірлеп, үздігіп үзілткенде астан-кестен дүниенің безілдеген тілі, безенген қаруы, боздаған түйенің, аңыраған ананың, сықылықтап күлген баланың қым-қуыт үнімен кеудеңе құйылады-ау кейде. Сондайда құлағыммен емес, жаныммен тылсым Әлемнің түкпірінен сындарлы да сырлы кеңесін естігендей боламын. Ол сыр былай шешілетін: «Адам бол! Асқақ бол! Өзгені өзіңдей көр, өзегіне өрт салма. Өнегең мейіріміңмен өрістесін. Дүние алыс-жұлыс үшін жаралмаған. Таныс-біліс үшін жаралған. Ұғынысудан өтер ұлылық жоқ. Түсінісуден артық тұрлау жоқ. Татулықты қатулықпен ірітпе. Достықты өштікпен жайратпа. Жазғыра берсең, Жалғанның жағаласар жауы көп. Жауды тауыса алармысың. Далаңның, кінәраттай берсең, араластырар дауы көп. Дауды азайта алармысың. Ағайынның да ашыған айрандай желпінтер қиғылығы болады. Көршіңнің де көк қымыздай қыжылдатар кикілжіңі кабаттасады. Қиғылыққа кимелессең, кикілжіңге кеуделессең, төріңнен көр қазарсың, төсегің табытқа айналар. Тірліктің мәні тәубешіл тілекте, елжіреген жүректе, біріккен білекте. Ендеше тәубеңе ұйы. Тірлігіңді берекеңмен өркендет. Өрісіңнен ұрысты қуып, есігіңнен ырысты енгіз. Бесігінді түзе. Түзелген бесігіңнен сәбидің іңгәсі үзілмесін».
Қараңдаршы, домбыра қалай сөйлейді, қалай сайрайды! Дүниенің кеңдігін, даланың дарқандығын үйіп-төгіп көкірегіме құйып жіберді ғой. Жүрегімнің ызғар торлаған бір қылшығы қалмағанын енді білгенімді кімге айғақтайын. Осыдан кейін дос іздесем, татулық аңсасам, мейірімге бөксем, Жаратқан хақтың кеудеме өз нұрын түсіргені болар-ақ…
Ырза көңілімнің байырқалануымен телевизордың тетік-түймесін басып қалып едім… Әлгіндегі әдемі әсерім айрандай іріді. Дуылдақ, шуылдақ әуенсымақты барылдақ, дарылдақ даусымен құлақ қырнаған әншісымақ таңғажайып дүниемнің быт-шытын шығарып, кеудеме күл-қоқысын құя салды.
Күй емес, күйігім уілдеп сыңсып, ботадай боздап қоя берді. Жан тыныштығын енді қашан таба алар екем?
* * *
Мен кейде адамзатты тек қана екі топтан құралады-ау деп пайымдаймын. Алғашқы шағын шоғыр – шығармашылық иелері. Екінші үлкен топ – басқалары. Өйткені шығармашылық иелері, әсіресе ақын – Табиғат пен адамзат, әйтпесе Болмыс пен әлеумет немесе Алла-Тағала мен пенде арасындағы байланысты сезімтал сергектігімен жалғастыратын құдірет иесі, қасиет тәңірісі.
Ақын мынау тылсым Әлемнің қатпар-қатпарына көңіл көзімен үңіліп барып, Дүниенің тура сөзін жүрек тілінің сезім шыңына айналған – жырымен жеткізеді ғой.
Ал осы шығармашылық иесінің құдіретті киесінің негізі неде? Қасиеті мен қасіретінің сүйенер тірегі қандай дейтін сауалдарды жиі-жиі қоятын оқырмандарыма не дер едім?
Бір тәмсілге жүгінейін.
Әлдебір қаламгер (мүмкін Марк Твен болар) Бруклин көпірінде кеудесіндегі салбыраған тақтайшада: «Соқыр пендеге қайыр беріңіз!» деген жазуы бар тіленшіден:
– «Күніне қанша табасыз?» деп сұрайды ғой.
– «Жұмасына төрт-бес долларды әрең жинаймын» деп пақыр немең жылап жібереді.
Жазушы әлгінің тақтайшасының екінші бетіне әлдене жазады да: «Мынаны енді аударып тағыңыз!» деп кетіп қалады.
Арада ай өтеді. Қаламгер көпір үстінде тіленшімен тағы кездесіп қалады.
– «Ау, бауырым, жағдайың қалай?» деп көңіл білдірген қаламгерді даусынан таныған соқыр:
– «Жағдайым жақсарды. Күніне жиырма-отыз доллар түсетін болды. Айыпқа бұйырмасаңыз, мынау тақтайшаға не деп жазғаныңызды айтпас па екенсіз, мәртебелім?» дейді, Қаламгер (сірә сол өзі шынында Марк Твен болар) сәл ғана жымиып:
– «Сенің бұл тақтайшаңда; «Көктем де келер-ау. Әттең-ай, мен оны көре алмаймын ғой!» деп жазылған» деп жауап береді.
Жазушының қаламгерлік қасиеті – оқырманының ұйқыдағы ойын түрткілеп ояту ғана емес, өзгенің өзегіндегі өксігімен де, өкінішімен де өзінің өзектес екенін ұғындыру болса керек дегенге көбірек ұйи берем. Осы айтқанымды ұғынар жан табылса қаламымның бүлкілінен жаңылмасына тілеулестерімді сендіре берер едім.
***
Көпке құлақ аспаған қаламгердің іркілісі аз болады. Ал оң мен солына үңілмеген жүйткудің олпы-солпы кемшілігі мол. Сондықтан жазушы адамның «өзім білемге» баса бермей, өзгенің тілегімен де санаса білгені жөн. Сондайда досының лепірген пікірінен гөрі кей-кейде қасының қасақы сыны әлдеқайда шынайы һәм пайдалы екенін ескергені дұрыс. Өйткені пенденің бірін-бірі жек көруі – бірінің біріне деген сүйіспеншілігінен мүлде терең болатынын аяулыңның мөлдіреген жанарынан да дұшпаныңның өңменіңнен өтер сұсты қарасының өткірлігі айтқызбай-ақ айғақтайды. Сол себепті де адамның өзіне өзінен артық сыншы болмайды десек, жауыңнан дос іздеп әуреленудің әбестік екенін есіңнен шығармаған жөн. Сонда ғана жалған мен шындықтың ара-жігін дәл ажырата аласың. Өтіріктің зұлымдығы сондай, мақтаған тәңірісін құлдыратып құлға айналдырып жібереді. Ал ақиқаттың сәулесі түскен ұсақ-түйектің өзі өзгеріп, ұлғайып сала береді. Әне, жалған мен шындықтың ақ пен қарадай бітіспес айырмасы.
Жазушылық тірлік – қиын тірлік. Ғұмыр бойы жазғаның өзіңді өзің қайталау болып көрінетіндей сезінесің де жаныңды қинаған азабыңды арқалаумен өтесің. Әрі сол кітаптарың – шығармашылығыңның ең ғажайып түйіндісін тудыратын дайындықтың баспалдақтары секілденетіні тағы бар. Ізденуің, талпынуың, шарқ ұруың көбейген сайын қобалжуың да, қоңылтақсуың да үдей түседі. Шедевр болатын дүниеңнің жазылар кезі, тұсаукесер тұсы алыстай береді. Ал сен болсаң қоңыр күзіңнен қыраулы қысыңа ауысар мезетіңнің құрсауына қамалған сайын әр кітабыңды көзіңмен бір-бір сипап, көңіліңнен шыға қоймағанын түйсіне, терең күрсінесің. Қаламгерлік ғұмырыңның жалғандығы мен шындығы да осында. Осы өксікке бергісіз күрсіністе.
Abai.kz