Сәрсенбі, 30 Шілде 2025
Билік 227 0 пікір 29 Шілде, 2025 сағат 18:27

Атырауда KPI газ-химия кешеніндегі жоспарлы жөндеу жұмыстарының барысы тексерілді

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Атырау қаласына жасаған жұмыс сапары аясында ҚР Энергетика министрлігі Мұнай-газ химиясы және техникалық реттеу департаментінің директоры Темирлан Уркумбаев «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) ЖШС-нің газ-химия кешеніне барды.

Сапар барысында Темирлан Уркумбаев кәсіпорынның негізгі өндірістік нысандарымен танысты. Олардың қатарында пропан сақтау паркі, пропанды дегидрлеу және пропиленді полимерлеу қондырғылары, сондай-ақ дайын өнім қоймасы бар. Зауыт өкілдері технологиялық үдеріс тізбегі, өндірістік қауіпсіздік жүйелері және кәсіпорында енгізілген экологиялық шаралар туралы жан-жақты баяндады.

KPI өнімдері ішкі нарықта орау материалдарын, құрылыс бұйымдарын, тоқыма және техникалық өнімдерді өндіруде белсенді қолданылады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша полипропилен өндірісі 219 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65%-ға артты.

Сонымен қатар KPI басшылығымен жұмыс кездесуі өтті. Онда өндірістік жоспарлар, ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету, экспорттық бағыттар және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Қазіргі уақытта кешенде жоспарлы-профилактикалық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сапар қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.

Abai.kz

0 пікір