Сәрсенбі, 30 Шілде 2025
Билік 366 0 пікір 29 Шілде, 2025 сағат 21:07

ЭЫДҰ Қазақстанның статистикалық жүйесінің жоғары сапасын растады

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Қазақстанның Тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымға қосылғанын ресми түрде растады. Бұл – ЭЫДҰ-ның статистика саласындағы алғашқы құқықтық құжаты және Қазақстан ТМД өңіріндегі осы құжатқа қосылған алғашқы ел атанды.

Аталған ұсыным – ресми статистиканың тәуелсіздігін, объективтілігін, ашықтығы мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталған 12 қағидатты қамтитын халықаралық стандарт. Оған қосылу – Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесі ЭЫДҰ-ның негізгі талаптарына сай келетінін және үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес дамып жатқанын білдіреді.

ЭЫДҰ шешімі 2023–2025 жылдарға арналған Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне жүргізілген жан-жақты шолу нәтижесінде қабылданды. Құжатта статистиканы цифрландыру, заманауи әдіснамаларды енгізу және пайдаланушылардың деректерге деген сенімін арттыру бағытында елдің қол жеткізген нәтижелері атап өтілген.

«Бұл – Қазақстанның статистикалық жүйесіне берілген маңызды баға. Ол ресурстардың жеткіліктілігі, құпиялылықты сақтау, тұрақты құқықтық және институционалдық негіздің болуы, сондай-ақ жаңа және баламалы дереккөздерді пайдалану сияқты талаптарға сай келетінін растайды. Құжатта статистика сапасының талдау мен басқарушылық шешімдердің сапасына тікелей әсер ететіні атап көрсетілген. Біз осы межені сақтап қалуға және одан әрі жетілдіре беруге ниеттіміз», – деді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

ЭЫДҰ Бас хатшысы Матиас Корманн: «Біз ынтымақтастығымызды жалғастырып, сіздің еліңізде жоғары сапалы әрі институционалдық тұрғыдан сенімді статистикалық жүйені дамытудағы ұмтылысыңызды қолдауға ниеттіміз», – деп атап өтті.

Қазақстан ЭЫДҰ тиісті статистикалық практика бойынша ұсыным стандарттарына сәйкес деп танылған 44-ші және ұйымның сыртқы әріптестері арасында бірінші ел болды.

Айта кетейік, Қазақстанның аталған ұсынымға қосылу жұмысы ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Abai.kz

0 пікір