Жексенбі, 3 Тамыз 2025
Қоғам 218 0 пікір 3 Тамыз, 2025 сағат 11:58

Машинист болу – үлкен жауапкершілік

Пойыздың қауіпсіздігі – машинистің кәсібилігінде. Мыңдаған жолаушының өмірі мен бірр қаладан екінші қалаға жүктің жетуі осы маманның қолында. Ол темір жолдың тәртібін жіті қадағалайтын, көзге көп көрінбейтін, бірақ үлкен жауапкершілікті арқалайтын маман. Сондай жандардың бірі машинист Еркін Советхановпен сұхбаттасқан едік.

- Машинстің жұмыс күні қалай басталады?

- Машинистің жұмыс күні арнайы тәртіппен басталады. Бізге жұмысқа шығу уақыты туралы алдын ала, яғни екі сағат бұрын хабар беріледі. Сол кезде қай бағытқа баратынымыз нақты айтылады. Алдымен депоға келіп, "жүру бағыты" деп аталатын ресми құжатты аламыз. Құжатта сапар маршруты мен қозғалыс тәртібі көрсетіледі. Содан кейін міндетті түрде медициналық тексерістен өтеміз қан қысымы, жүрек соғысы, жалпы жағдайымыз қаралады. Яғни, сапар қауіпсіздігі үшін өте маңызды кезең. Медициналық тексерістен кейін өзімізбен бірге алып шығатын арнайы жабдықтарымызды аламыз. Осыдан соң локомотивті қабылдау процесі басталады. Локомотивтің техникалық жай-күйін тексереміз. Тежегіш жүйесі, жарық шамдары, қозғалтқыштардың жұмыс істеуі және басқа да маңызды жүйелер мұқият қаралады. Барлығы талапқа сай болса, жұмысқа кірісеміз.

- Неге бұл мамандықты таңдадыңыз?

- Отбасым теміржолшылар әулеті десем қателеспеймін. Әкем өмір бойы осы салада еңбек етті, ал анам теміржолда оператор болып жұмыс істеген. Үйде күнд теміржол туралы әңгіме айтылатын. Пойыздар қозғалысы, вагондар, диспетчерлік байланыс, техникалық қиындықтар мен жетістіктер жайлы. Балалық шағымда сол әңгімелерді тыңдап өскен соң осы мамандықты таңдадым. Қазір өз мамандығымды шын жүрегіммен жақсы көремін. Машинист болу – жай ғана мамандық емес, бұл – мінез, тәртіп, өмір салты.

- Қазіргі теміржол жүйесінің цифрлануына қатысты не айтасыз?

Бұрын локомотивтерде бәрі қолмен басқарылатын. Қазір заманауи технология келді. Бүгінде орталықтандырылған бақылау, мониторлар, автоматты тіркеу жүйелері жұмыс істейді. Жұмыстың көп бөлігі цифрлық жүйеге көшіп жатыр.

- Машинист мамандығының қиындықтары қандай?

Машинист болу үлкен жауапкершілік. Біз кейде 12 сағат бойы рельсте жүреміз. Шаршасаң да, рельстен ауытқуға болмайды. Әр шешімің нақты, жылдам әрі дұрыс болуы керек. Сол үшін де машинистке тек біліктілік емес, ішкі дайындық және жауапкершілік маңызды.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Abai.kz

0 пікір