Абайды ұққан – Алашты ұғады анық

Поэма
Абай ата! Өзіңмен сырласайын,
Жүрек шөлін өлеңмен бір басайын.
Айналасын Семейдің оймен шолып,
Ақындарды түлеткен қырды асайын.
Қара өлеңге бояумен жан бітіріп,
Үлбіреген әдемі гүл жасайын.
Шыңғыс таудың жалама жартасына,
Көк түріктер секілді жыр қашайын!
Қабырғалы бұл дала не көрмеген?!
Көсегесі көгерген, көнермеген.
Тіршіліктің тамырын бүлкілдетіп,
Адамдары мал баққан, жер өңдеген.
Абыройын асырған шеберменен,
Жүйріктері жер тарпып елеңдеген.
...Өлмейтінін уақытқа дәлелдеген,
Құдірет қой... Құдірет – өлең деген!
Қасиетін таныдың барлығының,
Тұнығынан сімірдің таң нұрының.
Айналдырдың жақұтқа жарқыраған,
Көкіректе қайнаған жан жылуын.
Қаламыңмен қағазға кестеледің,
Санадағы сезімнің жаңғырығын.
Сөз патшасын іздеген алаш жұрты,
Ақылына сүйінді арлы ұлының!
2
Адамдар мен адамдар тіреседі!
Тікені бар ағашқа гүл өседі.
Тұлға болып перзент қуандырса,
Туашөккір илікпей сіреседі.
Бірі жанса жұлдыздың, бірі өшеді,
Ескілік пен жаңалық күреседі.
Көтергенде жалауын әділеттің,
Ақ самалға айналып жыр еседі.
Кемелдікті кембағал түсінбейді,
Торқа киген тоғышар кішірмейді.
Қанжығаны майласа оңай олжа,
Әдейілеп баптаған құс ілмейді.
Бұйырмастан ұялмас сыбаға алып,
Арнап құйған көжелер ішілмейді.
Әлжуаздан амалсыз жығыласың,
Тасып тұрсын бойыңда күшің мейлі.
Шаң шығады заманның реңінен,
Қабыспайды ойшылдың тілегімен.
Ескерілмей жататын сәттер бар-ау,
Сал-серілер келсе де жыр елінен.
Ақшасының буына масайғандар,
Ықтырғысы келеді білегімен.
... Қозғалады осылай өмір – ағыс...
Бәрі ақынның өтеді жүрегінен.
3
Қазақ үйде отырып жыр кернеген,
Күндерменен қауыштың, түндерменен.
Асыл сөздің астары жеті қабат,
Тұңғиыққа үңілдің сыр бермеген.
Иранбағын шығыстың араладың,
Түсінде де мына жұрт бір көрмеген.
Сазын шерттің Сағдидың, Физулидың,
Ғазалдарын аяқтап үлгермеген.
Мақұлдастың, бәрімен ақылдастың,
Ойларыңды жаңартып жақындастың.
Лермонтовты, Гетені, Пушкинді оқып,
Құшағыңды иықтас ақынға аштың.
Сұңқарымен әлемнің тұлпарымен,
Өнер дейтін өлкеде татуластың.
«Жақсыларда жаттық жоқ» дейді қазақ,
Адал дәмге шақырып, етіңді астың.
Ілінбейді есігі сыйы бардың,
Сары қымыз кесеге құйылар мың.
Алқақотан жайғасып текеметке,
Домбыраны тыңдады сүйіп әркім.
Таланттардың – талантты танығаны,
Белгісі еді айрандай ұйығанның.
Дүниенің сан түрлі саңлақтарын,
Жидебай мен Шыңғысқа жиып алдың.
4
Ізгілікті, ізеттті жалғастырдың,
Тәлімдерді – тәлімге алмастырдың.
Ілім қуған толқынды ілестіріп,
Еуропа есігін елге аштырдың.
Қара өлеңге қаныққан сүлейлерге,
Поэзия пернесін дәл бастырдың.
Қарапайым қазақтың қабілетін,
Қабырғалы елдермен салғастырдың.
Даналықтың ұқтырдың талай мәнін,
Құшақтадың даланың бар аймағын.
Аман-есен жетсін деп сөресіне,
Алды-артына керуеннің қарайладың.
Құрлықтардың құлағы қыр елінің,
Тыңдасыншы деп едің қалайда әнін.
Жыр сапарына аттандың азабы мол,
Ғұмырларын арнаған талай дарын.
5
Сәуірдегі жаңбырдай тамшыладың,
Есті сөз бен әдемі ән сұрадың.
Тапсам дедің тұлпардың әр сыңарын,
Жақсам дедің кеуденің бар шырағын.
Ағайынға қатты айттың сондықтан да,
Кемшілігін жасырмай дәл сынадың.
Мақтау күтіп, май басқан жоталарды,
Қырсығынан арылтып қамшыладың.
Сынадың кеп – өнерсіз бақырғанды,
Қаймағы жоқ қара су сапырғанды.
Алтыбақан, ала ауыз ағайынды,
Қызғаныштан қылғынып аһ ұрғанды.
Дүлейлерді, сарнауық дүмшелерді,
Шалалыққа ұрынып шатылғанды.
Кісілік пен кішілік дарымаған,
Парасаты азайған пақырларды.
Сынадың кеп – құбылған «сиқырларды»,
Дайын асқа өзеуреп ұмтылғанды.
Көсегесіз, көргенсіз көкбеттерді,
Өзінікін жөн санап жұлқынғанды.
Сынадың кеп – обырды ойы шолақ,
Жұмырына жұқ тұрмас құлқындарды.
Сынадың кеп – өнеге, өресі жоқ,
Бас-басына «би» болған қиқымдарды.
Сынадың кеп – оқығансымақтарды,
Өсектерге түрілген құлақтарды.
Көршісінің қол салып қорасына,
Ұры-қары атанған шұнақтарды.
Сынадың кеп – шен үшін ұлтын сатып,
Шелтірейіп жүруді ұнатқанды.
Бойындағы өзінің мінін білмей,
Анасы мен халқына кінә артқанды.
Сынадың кеп – көп айтса көнгендерді,
Жоралғысыз қылықты жөн көргенді.
Шекпенсізге шекеден қарағандар,
Ұлық көрсе маймаңдап өзгерген-ді.
Сынадың кеп – қаланар кетік таппай,
Жанбай жатып түтіндеп сөнгендерді.
Айықтырсам кеселден деп күрестің,
Азабына тұншыққан ел мен жерді.
6
Тұманға да жолықтың, боранға да,
(Райыңнан қайтпадың соған бола.)
Бұйығы елді өзгеріп қалыбынан,
Бұрмақ болдың өзенді жаңа арнаға.
Әр ізіңді аңдыған солақай топ,
Жапқан еді не түрлі саған жала.
Қолтығыңнан демеді періште жыр,
Сүйегенсің арқаңды соған ғана.
Қаусырылмай мықтының шалғайына,
Елеңдедің ертеңгі ел жайына.
Тілеп едің шаң-тозаң жұқпасын деп,
Келе жатқан ұрпақтың тал бойына.
Ұлы өнердің сайраған сандуғашын,
Ұялаттың ұл-қыздың таңдайына.
Ар-намысты биікке көтерген ер,
Сыйса дедің алаштың маңдайына!
7
Кие тұттың күнәсіз махаббатты,
Аспандаттың мейірім, шапағатты.
Жүрегіңнен төгілген жыр бұлағы,
Ой бұлақпен жарысып қатар ақты.
Әр буыны әуезді өлеңдерің,
Арулардың көздерін боталатты.
Тұтанғанда лап етіп нәзік сезім,
Өнебойға өшпейтін от оратты.
Сағыныштар тербеді пәк жаныңды,
Шұғыла бөледің жан-жағыңды.
Оята алдың махаббат жырыменен,
От басында қалғыған енжар ұлды.
Ақ самалға айналып үрлегенде,
Алаулаттың сөндірмей шоқ, жалынды.
Жалықпадың, зарықтың, жете алмадың,
Ай астынан қарадың Тоқжаныңды.
Көркемдікпен көмкеріп сөйлеміңді,
Зерігерлік зердемен ой бөлінді.
Қаныңмен де жаныңмен жаздың білем,
Айнымаған ғашықтар жайлы өмірді.
Аққулардан аумайтын сұлу тағдыр,
Батырлықтың өзіне сай көрінді.
Махабатты Абайдай қорғадық па,
Қадірлеген ақ тоты Айгерімді?!
Неткен биік көргенді көсемдігің!?
Бекзаттығың, ақсүйек, әсемдігің!
Танығансың, тапқансың, таңдағансың,
Сахараның өзгеше өсер гүлін.
Сүю жайлы айтқаның ескірмейді,
Тазалықтан құралған әсерлі ұғым.
Қате болмас өресін жастық шақтың,
Саған қарап өлшеймін десем бүгін!
8
Бағаладың жалынды жастар әнін,
Балап едің бауырға, досқа бәрін.
Топты жару жүйрікке жарасады,
Қызықтадың бәйгені бастағанын!
Себеп болды сұңқардай түлеуіне,
Шын пейілмен қуана қостағаның.
Жастар ғана толтырар отты жырмен
Қасиетті өнердің тостағанын.
Жастар ғана жалғайды ақ ісіңді,
Жастар ғана қорғайды намысыңды.
Жастық деген – ақындық, ол сөйлесе,
Жамандықты қуғанның сағы сынды.
Жанарымен жастықтың көз салғанда,
Жақындата түсесің алысыңды.
Ғұмырлары жасындай жарқылдаған,
Сүйдің Мағаш, Ақылбай, Әбішіңді!
9
Ойласаң да бақытын сар даланың,
Ұнамады біреуге салған әнің.
Мысық тілеу пенденің пейілі тар,
Жымыңдайды құласа орға дарын.
Ұстағысы келеді торға бәрін,
Табалайды жолықса сорға қалың.
Қыран ұшса, қыранның желкесінен,
Шиқылдатар шымшық пен қарғаларын.
Иықтыны иттерге талатады,
Зиялының жүрегін қанатады.
Арқасынан қағады қараулардың,
Қара бақыр санайтын алақаны.
Дәлдүрішке керегі елдің емес,
Ұлықтардың беретін шен, атағы.
«Мылтық атуды үйретсең ондайларға,
Мерген болып алдымен сені атады.»
Тегін байлық көргендей анталады,
Барымталап ауылды, ел тонады.
«Бір ұрты қан, май ағып бір ұртынан»,
Еліргенде екі көз қанталады.
Бір ұшқынды жылт еткен байқап қалса,
Терезесін олардың қалқалады.
Жапырағы тезірек қурасын деп,
Сен өсірген теректі балталады.
Өсектерді боратып бұтып-шатты,
Қособаның көлінде күтіп жатты.
Қасыкөйлер құтырып қараңғыда,
Бір-бірінің есігін тықылдатты.
Өнегелі жандарға өшіккенде,
Отыз екі тістерін шықырлатты.
Тыныштықтан айырып көрбілтелік,
Аяқ-қолын сорлының тыпырлатты.
Бәлелікті бір «түзу» іс көреді,
Тұтастықты талқандап үш бөледі.
Аямайды алтынын келімсектен,
Ағайыны сұраса – мыс береді.
Жатқа құлдық ұрғанды өздерінше,
Жаңалыққа жарайтын «күш» көреді.
Көкбөрідей жортуға шамасы жоқ,
Балақтарды тышқанша тістеледі.
Парақорды пасықтар сабақтайды,
«Қару» етіп қулығын және оқтайды.
Сайтан қиял жетелеп жарға қарай,
Алды-артына байғұсты қаратпайды.
Байламына сенімін серік етпей,
Ақылдарын ат теуіп алақтайды.
Шекпенінің етегін боран түріп,
Мақсаты жоқ, мәні жоқ далақтайды.
Жатқызбады байлыққа мол арманды,
Түсінбеді асқар тау, көл, орманды.
Күзетпейді қаптаған шүрегейден,
Қасиетті аққулар қонар маңды.
Қызыл сөзді ескенде ел алданды,
Арылмаған қырсықты ер аңғарды.
Айтып едің ұқпады, ұқпау жаман,
Шоқпарымен шекеңді солар жарды!
10
Күйініштен жүрегің солқылдады!
Көкіректі ұрғылап ол тулады.
Қара бұлт жөңкілді түйдек-түйдек,
Қара аспанда найзағай жарқылдады.
Қасарысқан заманды түзеу үшін,
Азаматты аңсадың өр тұлғалы.
Толғанып ең шығып ап шың басына,
Көзін толық ашпаған ел туралы.
Жанарыңнан қанды жас тамшылады,
Сілкіледі болмыстың сан сұрағы.
Ұлдарыңнан айырып Абай болар,
Қатал тағдыр аямай ол сынады.
Шытынатып қайықтың қабырғасын,
Қара дауыл долданып қарсы ұрады.
Ақын болып жаралған қандай қиын!?
Жандүниең қыспақта жаншылады!
Өзегіңе «қанжарды» кім салмады?!
Оған «қызық» басыңды мұң шалғаны?!
Ақылдының азабы қорғасындай,
Жүндей түтіп жүйкені тұр салмағы.
Барлығына бойбермей өлең жаздың,
Көңіліңде көктейтін гүл солмады.
Мүмкін емес ақынды ауыздықтау,
Ақиқатты жариялап жыр самғады!..
11
Қазақтар бар Абайды бір де ашпаған,
Кітабыңа үңіліп, үн қоспаған.
Қазақтар бар ұқсамай болмысына,
Атқа мініп, мал бағып, қырды аспаған.
Қарияларға ұсынбай бас мұжыған,
Туысымен дұрыстап сырласпаған.
Қазақтар бар сөйлесе «ң»-ды айтпайтын,
Кейбіреуі замандас, құрдас маған.
Қазақтар бар өлеңді жақтырмаған,
Танымайтын асылды қақ тұрмаған.
Қазақтар бар күйбеңнен қолы тимей,
Көкжиекке мойынын көп бұрмаған.
Қазақтар бар қыздырма қысыр сөзбен,
Бір-бірінің уақытын текке ұрлаған.
Қазақтар бар әңгірлеп әлін білмей,
«Қай жерім кем Абайдан?!» деп тулаған.
13
Біз қарсымыз шіреніп «ісінгенге»,
Өзіне-өзі көлеңке түсіргенге.
Құлқын үшін бағасын арзандатып,
Қалталының алдында кішіргенге.
Ұлағаттар ұсындың «самородный»,
Арнағын деп ақ-адал ісіңді елге.
Ойларымды осылай түйіндедім,
Жырларыңның түбірін түсінгенде.
Біз қарсымыз оқыған «надандарға»,
( Тоқуы жоқ болса егер, амал бар ма?!)
Біз қарсымыз жабыдан «тұлпар» жасап ,
Жүлде алғысы келетін адамдарға.
Тайғанақтай беретін табандарға,
Шығайбайға ұқсаған сараңдарға.
Біз қарсымыз қарамай тұрпатына,
Қыран болам десе егер жаман қарға.
14
Ғасыр жүгін қайыспай арқаладың,
Тоғыстырдың ақылмен жол торабын.
«Ақыл, қайрат, жүректі» меңгергендер,
Аңғарады уақыттың өр талабын.
Атақ-даңқың шарлады кедергісіз,
Шығыс пенен батыстың шартарабын.
Көзімізді жеткіздің келешекке,
Анық болжап өмірдің әр тарауын!
Іші қазына, інжулі сарайымсың,
Күлетін күн секілді арайымсың.
Жырларыңның астары жеті қабат,
Жұмбағыңның шешуін табайын шын!
Ру, жүзге ақындар бөлінбейді,
Сөз ұққанның бәріне ағайынсың.
Пушкин де емес, Байрон да, Гете де емес,
Дара тұрған данышпан Абайымсың!
Өкпелесек өзіңе шағынамыз,
Кесіміңе тоқтаймыз, бағынамыз.
Кеудемізге керемет саз толтырып,
Армандаймыз, аңсаймыз, сағынамыз.
Жүрегінің көзі бар әрбір қазақ,
Әулиеге балайды сені нағыз.
Бірімізді біріміз іздеп шықсақ,
Жырларыңның қасынан табыламыз.
Жол жасадың қияға сына қағып,
Соқпақтарың биікке шығады алып.
Өлең дейтін өлке бар сол биікте,
Жыл он екі ай жататын гүл оранып.
Жылғалармен жарысқан зәм-зәм бұлақ,
Күй секілді күмбірлеп тұрады ағып.
Ақын үні қастерлі қасиетті үн,
Абайды ұққан – Алашты ұғады анық!
Сарапшысы өзіңсің өнерімнің,
Сенен таптым барлығын керегімнің.
Тамырлары тереңге саусақ жайған,
Саясында отырмын терегіңнің.
Алтын алдың инемен құдық қазып,
Асылыңды халқыңа бере білдің.
Темірқазық сияқты жол көрсетіп,
Жетелейсің керуенін сен өмірдің!
Батық Мәжитұлы
Abai.kz