Дүйсенбі, 11 Тамыз 2025
Ақмылтық 213 0 пікір 11 Тамыз, 2025 сағат 13:22

Елімізде неге ұлттық идеология жоқтың қасы?..

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Ұлттық идеология — бұл елдің тарихи жадысын, құндылықтарын, болашаққа деген мақсат-мұратын біріктіретін рухани өзек. Ол мемлекет пен қоғамды тұрақты ұстанымда ұстап тұратын ішкі тірек. Алайда, Қазақстан тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асса да, ұлттық идеологияны толық қалыптастырып, оны қоғамның барлық саласына терең сіңіре алды деп айта алмаймыз. Мемлекеттің дамуы мен ұлттық тұтастығы үшін аса қажет бұл құрал неге әлсіз болып отыр? Бұл сұрақ бүгінгі күннің маңызды, әрі өзекті проблемасы  болып тұр.

Қазақстан — полиэтносты, көптілді мемлекет. Мұндай құрылымда ұлттық идеологияны қалыптастыру мен нығайту оңай шаруа емес. Алайда бұл сылтау емес. Керісінше, ұлттық идеологияның нақты әрі жалпыға түсінікті болуы осындай қоғамдарда тіпті маңызды. Қазақстанда ұлттық сана мен патриотизм  жиі көтерілгенімен, нақты әрі бірізді идеологиялық жүйе әлі де тұрақтап үлгермеген.

Кеңестік мұраның ықпалы және тарихи жадтың үзілуі

Қазақстан ұзақ жылдар бойы Кеңес Одағының құрамында болды. Кеңестік жүйе қазақ халқының ұлттық ерекшелігін жоюға бағытталған саясат жүргізді — тілі, діні, мәдениеті тұншықтырылды. Нәтижесінде, ұлттық сананың орнына кеңестік сана орнықты. Тәуелсіздік алған соң бұл вакуумды толтыру қажеттілігі туындады, бірақ осы процесс кеш басталды әрі жүйелі түрде жүргізілмеді. Қазіргі  биліктің  тұсында,  тіпті,  ұлттық  идеология  мүлде  жүргізілмейтін  болды.

Кеңестік кезеңде қалыптасқан "совет адамы" концепциясы қазақ қоғамында әлі де әсерін жоймаған. Ата-баба дәстүрі, тарихи тұлғалар мен ұлттық құндылықтар туралы білім жетіспейді. Мысалы, жастардың көпшілігі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов сияқты Алаш қайраткерлері туралы үстірт қана біледі. Тарихи жадымыздың үзілуі ұлттық идеологияның әлсіреуіне тікелей себеп болып отыр.

Ұлттық идеологияның нақты тұжырымдамасының жоқтығы

Көптеген мемлекеттерде ұлттық идеология конституциялық құндылықтармен, тарихи тәжірибемен және мәдени дәстүрлермен анықталады. Қазақстанда мұндай идеологиялық тұжырым толыққанды қалыптаспаған. Бір кездері «Қазақстан – 2030», «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру», сияқты бастамалар айтылғанымен, олардың барлығы нақты идеологиялық жүйеге айналып үлгермеді. Бұл жобалар әрдайым оқшау, жалғастығы жоқ әрі практикалық деңгейде жүзеге аспай қалды.

Сондай-ақ,  идеология бір ғана үкімет тарапынан емес, қоғаммен бірлесе отырып жасалуы керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда халықтың кең ауқымды қатысуы мен үнін есту тетіктері жоқ. Төменнен емес, жоғарыдан таңылған ұрандар елдің жан дүниесіне жетпей, жалаң ұран күйінде қалып жатады.

Білім және ақпараттық саясаттағы олқылықтар

Ұлттық идеологияны қалыптастыруда мектеп пен ЖОО-лар шешуші рөл атқарады. Бірақ қазіргі білім жүйесінде осы  бағыт жеткіліксіз қамтылған. Тарих, әдебиет, мәдениет сабақтарында ұлттық идеологияға басымдық  жасау  кемшін. Ұлттық батырлар мен тұлғалар туралы мәліметтер формалды түрде беріліп, олардың шынайы өмірі мен идеялары жастарға терең жеткізілмейді.

Ақпарат кеңістігі де ұлттық идеологияны мүлде жоғалтып  жіберді. Көптеген жастар шетелдік мәдени өнімдерді тұтынады. YouTube, TikTok, Instagram арқылы таратылатын контентте ұлттық мазмұн шамалы. Қазақ тіліндегі сапалы, заманауи, тартымды идеологиялық мазмұндағы өнімдер жетіспейді. Бұл жастардың жаһандық құндылықтарға жақын, ал ұлттық бағытқа енжар болуына себепкер.

Мемлекеттік тіл мәселесі және қазақы орта тапшылығы

Ұлттық идеология мемлекетті құраушы ұлттың тілімен тығыз байланысты. Қазақстанда мемлекеттік тіл — қазақ тілі болғанымен, оның қоғамдағы шынайы мәртебесі әлі де төмен. Көптеген ресми құжаттар, БАҚ, білім жүйесі орындары орыс тілін белсенді қолданады. Мұндай ахуал қазақ тіліне деген сұранысты, әрі ұлттық сананы әлсіретіп отыр.

Сондай-ақ, қалалық ортада қазақы рухани кеңістіктің болмауы — өзекті проблема. Қала тұрғындары арасында ұлтқа, дәстүрге, тарихқа бей-жай қарайтын топтар көп. Олардың арасында қазақ тілін білмейтін, не ұят көрушілер де кездеседі. Бұл — ұлттық идеологияны тамырын тереңге жая алмауының нақты көрінісі.

Ұлттық идеология — ел болашағының темірқазығы. Қазақстандағы идеологияның әлсіздігі – тарихи себептерден, нақты тұжырымның жоқтығынан, білім және ақпарат саясатының осалдығынан, тіл проблемасынің шешілмеуінен туындап отыр. Бұл кемшіліктерді жою — уақыт күттірмейтін маңызды міндет. Алайда,  қазіргі  билік  осы  жағдайларды  түсініп, шара  қолданудың  орнына,  мемлекеттік  тілді  шеттетіп  әлек.  Егер,  осы  саясат  жалғаса  берсе,  алдағы  уақытта  қазақ  халқын  өз  елінде  диаспараға  айналдырып  жіберуі  мүмкін.  Солай  болады  да.

Бүгінгі күндері Қазақстан жаңа кезеңге қадам басуда. «Жаңа Қазақстан» ұғымы тек басқару реформаларымен шектелмей, идеологиялық жаңғырумен қатар жүруі қажет. Ол үшін ұлттық идеология жүйелі, тарихи негізі бар, заманауи талаптарға сай, әрі халыққа жақын болуы тиіс. Бұл жолда мемлекет, зиялы қауым, БАҚ, білім  жүйесі және әрбір азамат бірлесе әрекет етуі шарт.

Егер біз ұлттық идеологияны нақты жолға қоймасақ, болашақ ұрпақ тамыры үзіліп, рухани күйзеліске ұшырауы мүмкін. Сондықтан бұл  проблема — тек идеологияның ғана емес, елдің ертеңінің, тұтастығының, тәуелсіздігінің  алғы  шарты   екенін ұмытпауымыз керек.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір