Әйел қажылықта да бетін ашуы тиіс – дінтанушы ниқабқа қатысты заң туралы

"Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заңға қоғамдық орындарда бет-әлпетті жасыратын киімдер киюге болмайды деген өзгеріс енгізілгені белгілі. Дінтанушы Әл-Фараби Болатжан бұл заң қандай да бір діни сенімге қарсы бағытталмағанын айтты.
Бір заңнамалық акт аясында 23 заңға өзгеріс енгізілген. Соның ішінде "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заңға да өзгерістер енді. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда бетті толықтай жабатын, яғни адамның түр-сипатын тануға мүмкіндік бермейтін киім киюге тыйым салынды. Бұл – бетперде, балаклава, ниқаб және соған ұқсас элементтерге қатысты, - дейді дінтанушы.
Ол заңға өзгерістің негізгі мақсаты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін алға тартты.
Қылмыстардың кейбірі бетперде арқылы жасалады. Қазіргі заманауи бейнебақылау жүйелері адамның бет-әлпеті арқылы қылмыскерді анықтайды. Бірақ бет толық жабылған болса, тергеу қиынға соғады. Сол себепті бұл өзгерістер қылмыстың алдын алу үшін қажет, - деді маман.
Әл-Фараби Болатжан кейбір пікірлерде аталған заң әйелдердің құқықтарын шектейді немесе діни сенім бостандығына қарсы делінетінін айтты. Алайда дінтанушы заң мәтінінде ешқандай нақты діни бағыт немесе жыныс көрсетілмегенін атады.
Заңда тек әйелдер немесе діни сенімдегілер туралы нақты айтылмайды. Жалпылама түрде "бет-әлпетті тұмшалап кию" туралы жазылған. Яғни, ол ер адам, әйел адам, тіпті атеист болсын бәріне ортақ талап. Мысалы, бір ер адам ниқаб киіп жүрсе, бұл да заңбұзушылық болып есептеледі, - деді ол.
Маман Исламда әйел адамның беті мен қолы әуретке жатпайтынын айтып, қажылықта да бетті жабуға рұқсат берілмейтінін жеткізді.
Мысалы, қажылық кезінде әйел адам беті мен қолын ашуы тиіс деген хадис бар. Бұл "Сахих әл-Бұхарида" келтірілген. Сондықтан ниқаб діни міндет емес, кейбір дәстүрлер мен түсініктердің негізінде киіледі, - деді ол.
Abai.kz