Жұма, 15 Тамыз 2025
Жаңалықтар 131 0 пікір 15 Тамыз, 2025 сағат 18:24

Көптен күткен қаражат : ERG Қазақстан бюджетіне 365 млн доллар дивиденд аударды

Сурет: erg.kz сайтынан алынды.

Ең алып компаниялардың бірі — Eurasian Resources Group (ERG) Қазақстан бюджетіне 365 млн доллар дивиденд төледі. Дәл осындай жаңалықты бүгін Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкіметте өткен жиында мәлімдеді.

Eurasian Resources Group (ERG) табиғи ресурстарды өндіру және қайта өңдеу саласындағы әлемдегі ірі компаниялардың бірі болып табылады. ERG-нің басты акционері (40%) — Қазақстан Республикасының Үкіметі.

Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкіметте өткен брифингте:

«Қазақстан ERG-ден 365 млн доллар дивиденд алды. Бұл қаражат бұрын Люксембургте тоқтатылған болатын», — деп хабарлап, өткен-кеткен жайлардың мән-жайын ашып берді.

Министр сөзін жалғастырып:

«Биыл біз өткен жылдары 365 млн доллар дивиденд алдық. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қаржылық есептілік енді ғана аяқталды. Әзірге нәтижелерді көрген жоқпын. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша келесі жылы қарайтын боламыз. Бірақ өткен жылдары, 2021–2022 жылдары біз өз ақшамызды алдық. Олар бұғаттан шығарылды», — деді.

Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының Қазақстандағы кәсіпке инвестиция салу бастамасына нақты дәлел ретінде елімізде Қарағанды өңірінде ашылған кокс-химиялық зауытты мысал етіп алуға болады.

Елімізде ашылған кокс өндірісінің әлеуеті туралы ERG директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов былай деді:

«Еліміз осыған дейін өндіріске қажетті коксты шетелден импорттап келсе, енді Шұбаркөл көмірі базасында ашылған химиялық зауыт еліміздегі кокс-химиялық өнімге қатысты импортқа тәуелділіктен құтқаратын болады. Әсіресе ERG-дің барлық кәсіпорындарына қажетті кокс-химиялық өнімді өзіміздің зауыт өндіріп шығаратын болады. Болашақта қазақстандық кокс-химиялық өнімді шетелге де экспорттау жоспарымызда бар», — деді.

Бұрын елімізге беруден гөрі алуды басты орынға қойған ERG директорлар кеңесінің ескі басшылары ауысып, тізгінді Шухрат Ибрагимов қолға алғаннан бері бұрынғы, тек пайданы ойлаған тірлік мүлдем өзгерді деуге болады. Жаңа бас директор инвестицияны тек Қазақстанға саламын деп, өзге бизнесмендерге үлгі көрсетті. Сонымен, «Сабақты ине сәтімен» дегендей, отандық кәсіпкерлерге ақшасын шетелге шашпай, еліміздің игілігіне жұмсау дәуірінің дауылпазы бола білді.

ERG — Қазақстан экономикасындағы ең ірі компаниялардың бірі. Жалпы, ERG-де 60 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Компания еліміздің бюджетін толықтырып қана қоймай, өз қарамағындағы әрбір жұмысшыға қолайлылық жасау мен кәсіпкерлікті дамытуға басымдық береді. ERG-нің Қазақстан экономикасына қосып отырған үлесі мен отандық инвестицияға бет бұруы — ел игілігі үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Компанияның ұлттық даму мен жұмыспен қамтуды қолдайтын ұстанымы — еліміздегі ірі бизнес үшін үлгі бола алады.

Abai.kz

0 пікір